• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздігімізді қадірлейік!

488 рет
көрсетілді

Кеше ғана қол жеткен Тә­уелсіздігімізге де 20 жыл то­лыпты. Бұл ата-бабаларымыз­дың сан ғасырғы арманы ғой. Мұның қадірін бүгінгі ұрпақ ұғынып, сезінер ме екен?! Олар­дың ойы да еркін, сөзі де, жүріс-тұрысы да еркін. Олар үшін мұның бәрі әу бастан осылай болған сияқты. Расында да солай ма?! Аға буын мен орта буын Тәуелсіздіктің қадірін білер. Өйткені, кешегі күннің ащы­сы мен тұщысын татты. Оның бәрі де есте... Сонау 60-жылдардың басын­да Алматыға келіп, оқуға түс­кенбіз. Ол кезде қалада қандас­тарымыз өте аз еді. Ресми дерек бойынша Алатау баурайындағы әсем қала тұрғындарының 7 пайызын ғана құрайтын. Бұған 4 пайыз қазақ студенттерін қосы­ңыз. Алматылық қандастары­мыз­дың дені ана тілін жарытып білмей ме, білгісі келмей ме, әйтеуір қазақша жарытып сөй­лемейтін. Тіпті, сөйлегісі келмейтіндей көрінетін. Қазақ сту­денттерінің дені ауылдан келгендіктен шығар, көшеде, не қоғамдық көлікте кездесе қалса, өз тілімізде сөйлеуге ықыласты еді. Автобуста бірлі-екілі қазақ жігіті (аз ғой) ұшырасып, өзара шүйіркелессе, онда отырған орыс кемпірлері: – Не деп күңкілдесіп тұр­сыңдар? Адамша сөйлесіңдер! – деп зекісе, абайсызда бір нәр­сені бүлдіріп алған бейкүнә сәбидей бір-біріне үрпие қарап, жым болушы еді. Сол күндерді қалай ұмытарсың. Қазақтың ресми астанасында көпшілік орында өзара қазақша сөйлесе алмау қандай қорлық десеңші?! Осы орайда бір зиялы ба­уырымыздың мұрағат дерегіне сүйеніп жазған мақаласы ойға оралады. Онда патшалық Ре­сейдің тұсында Алматыдағы қа­зіргі 28 панфиловшылар бағы­ның кіре берісіне: «Бұған қыр­ғыз-қайсақтардың (қазақтар дегені) кіруіне болмайды» деген ескерту ілулі тұрады екен. 1987 жылдың қаңтарында қо­лыма кәсіподақтың уақыты өтіп бара жатқан жолдамасы тиіп, Одессаның бір санаториіне Мәскеу арқылы бара қалдым. Әйгілі Желтоқсан оқиғасының бүкіл Кеңес Одағын бір дүрлік­тірген кезі. Бүкіл газеттердің жазатын тақырыбы сол. Оқи­ғаның байыбына бармастан алаң­ға шыққан жастар (қазақ­тар) аяқ астынан «нашақор, ішкіш, бұзақы», іле: «түгі сыртына шыққан ұлтшыл», атанып шыға келгендіктен қандаста­рымыз­дың жүні жығылып, екіұдай, пұшайман күйде қалған-ды. Алматыдан келгенімді білген санаторий директоры бір күні мені өзіне шахмат ойнауға ша­қыр­ды. Түр-түсінен еврей екендігі көрініп тұр. Қаланың тұрғын­дарының дені осы ұлт­тың өкіл­дері екенін сонда бары­сымен-ақ аңғарғанмын. Аты-жөні, әлбетте орысша. Маған іш тартқан болып, шахмат ойнап отырып: – Газеттен оқып жатырмыз. Алматыда шынында, не болды? – деп, сыр тартқысы келді. Әрине, бейтаныс, оның үсті­не өзге ұлттың өкілі болған­дықтан, сақтандым. Ішімде қай­нап жатқанды айта алмай қиналдым. Аузымнан артық сөз шығып кетсе, кім біледі елден жырақта қамалып қалсам, мені кім іздейді? Бір елі ауызға екі елі қақпақ. Сондықтан: – Газеттердегі оқығаныңыз­дай ғой, – деп қысқа күмілжи жауап беріп, тілімді тарта қой­дым. Жүзіме барлай қараған ол менің оңайлықпен ашыла қой­масымды сезді ме, бұл жайлы қайтып сұрамады. Серуендеп жүргенімде екі молдован жігіті: – Қазақтар жарайсыңдар! Оларға сол керек, – деді маған оңашада... «Оларға» дегені кім-кімге де түсінікті шығар. «Халықтар түр­месі» атанған Кеңес Одағы өзін­дегі барлық ұлттар мен ұлыс­тарды тең көреміз дегенімен сөзі басқа, ісі басқа еді ғой. Тек бір ұлт үстемдік етіп, солардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналды. Бәріміз тілін біліп, сол тілде сөйлеуге де, оқуға да тиіс едік. Солай болды да. Ауылдан оқуға келіп, бұл тілді білмейтін қандас­тары­мыз­дың дені «сауатсыз, мәдениет­сіз, мәмбет» атанды. Берілген діни сенім бостан­дығы қағаз жүзінде сырт көз үшін еді. Мешіттер де аз болатын. Ал­матыдағы өткен ғасырдың ба­сында ағаштан салынған ескі мешіттегі жұма намазына кебісін сүйреткен кемпір-шалдар бара­тын. Соның бірі менің анам еді. Қайтыс боларының алдында: – Балам, саған бір өтінішім бар. Мен өлген соң жұма күні маған Құран оқып бағыштап тұр, молда аз ғой, таппассың, – деді. Мен үнсіз басымды изедім. «Құран кітабын қайдан таба­мын», дей алмадым. Құран тұр­мақ, ешқандай діни кітап жоқ еді. Анамның соңғы өтініші заң, сөз­сіз орындауға тиіссің. Ата-баба дінімен қауыштым. Намазға жы­ғылдым. Тек жұма күні ғана емес, бес уақыт намаз соңынан бір анамның ғана емес, бүкіл ата-баба, о дүниелік туған-туыс, жол­дас-жоралардың да рухына ба­ғыш­тап, Құран оқу әдеттегі үйреншікті дағдыға айналды. Ал, қазір тек ынта-ықылас бол­са, іздеген діни кітаптарың жетерлік. Сауат ашу курстарынан діни сауат ашуға мүмкіндік бар. Қасиетті Құран Кәрімнің оншақ­ты тәржімасы жарық көрді. Сахих хадистер де аз емес. Тіпті, құдси хадистер де ана тілімізде сөйле­гелі қашан. Тәуелсіздігіміз жария­ланғанда бар болғаны 68 мешіт болса, соңғы 20 жылда 2 400-ге жуықтады. Бір кездері ат қора мен қоймаға айналған мешіттер орнына бүгінгі заманға лайық сәулеттілері бой көтерді. Бір кездері азын-аулақ мешітке кебісін сүйреткен шал-шауқан мен кемпірлер баратын болса, бұл күн­дері іші жамағатқа толы. Дені жастар. Арасында ғалым да, дәрі­гер де, жазушы да, қысқасы алуан мамандықтың иелері бар. Онға тарта медресе мен бір университетте болашақ діндарлар даярланса, ал республикалық имамдар­дың білімін жетілдіретін институтта бұл күндері мешіттерде қызмет етіп жүрген имамдар мен молдалар білімін көтеруде. 20 жыл үшін бұл аз ба, көп пе?! Иә, бәрі есте. Ресейдің бодан­ды­ғы да, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» мәдениетімізді да­мы­тып, баршамызды ұшпаққа жеткізген қоғамында да өз ана тілімізде ресмиі өз алдына, көп­шілік орында да өзара тілдесе алмай бейкүнә сәбидің күнін кешкен күндеріміз тарих қойнауына кеткелі 20 жыл өтіпті. Бұған бү­гінгі еркін ойлы жастарымыз сенер, не сенбес. Өткен ғасырдың нағыз «ақ түйенің қарны жарыл­ған» 70-80 жылдарының өзінде Алматыда сатып алған кішкентай жер үйіме (полдома) тіркеле алмай, көп қиналдым. Оқу бітіріп, Алматыда қалғысы келген жас мамандар баспанасы болмаған­дық­тан тіркеле алмай тығырыққа тірелетін. Өйткені, тіркеусіз қыз­метке қабылдамайды. Біздің за­ман­дастарымыз мұны жақсы білсе керек. 80-ші жылдары алдымен Қапшағай қаласын, содан соң Алматы қаласын басқарған Қой­шы­манов деген азамат қан­дас­тары үшін тіркелуге «жасыл кө­ше» ашамын деп «ха­лық жауы­ның» кебін киді. Көз түрткіге айналды. Партбилетінен айыры­лып, қызметінен қуылды. Түр­меге де қамалды-ау деймін. Жар­қырап шыққан есіл ер көп­ші­ліктің көз алдында қор болды. Ал, есесіне Қазақстанға үш қайнаса да сорпасы қосыл­майтын Сібірден қалтасы ақшаға толы «ақ­құлақтар» ағылып келіп, емін-еркін жайғасып жатты. Тәуелсіздігіміз әлдекімдер ай­тып жүргендей бұл оп-оңай келе қалған жоқ. Көресіні көріп, қинал­дық, дәрменсіздіктен іштей егіліп, шарасыз күй де кешкен күндеріміз аз емес. Тәуелсіз ел болдық дегенде, иықтан жүк түсіп, осы күнге жеткеніміз рас па, өтірік пе, дедік іштей. Рас, бүгінгі Тәуелсіздігі­міз­дің де өз қиындығы, күрсінді­ретін «әттеген-айы» аз емес. Жи­ырма жылда мемлекетті ая­ғы­нан тұрғызу оңай ма?! Тә­уелсіз мемлекет құрғанымыз­бен, оны нағыз ұлттық елге айналдыра алмай жатқанымыз арқаға аяздай батады. Мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің де жыры таусылар. Өзінің мәртебелі тұғырына қонар деген үміт күшті. Дінімізді мемлекет енді шыңдап алған сыңайлы. Еліміз бүкіл әлемдік түрлі ағым, секта, дінсымақтардың құж-құж қайнаған сынақ полигонына айналды. Жетпіс пайыз мұсыл­ман ұстанатын ата-бабамыздың асыл дінінің ханафи мәзһабы күні кеше қабылданған «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер туралы» Заңда мемлекеттік тұр­ғы­да мойындалғанына сансыз шүкір айтамыз. Санасы атеизммен уланған халқымыз жиырма жыл бойы сол сынақ полиго­нында түрлі миссионерлердің арбауында мидай араласумен келеді. Әлемдік тәжірибеде бір ұлттың бірнеше діни сенімге бөлінуі жақсылық емес. Іштей ірітіп, «Аққу көкке, шортан көл­ге, шаян шөлге тартқан» жағдай қазір басымызда. Мұның алғаш­қы ащы зардабын да сезінудеміз. Оңай еместігіне көз жетті. Демократия сырты жылтыр, сөзі сылдыр, мақсаты бұлыңғыр, ал­дамшы ұғым. Оның шексіз болуы мүмкін емес. Демократия саясатқа жүрер, ал дінге мүлдем жүрмейді. Діни сауатсыз тобыр оның асылы мен жасығын айы­ра алмай, ұлт пен діннің тұтас­тығына сызат түсіреді. Отбасы­ларының шырқын бұ­зып, шаңы­рағын ортасына түсі­ріп жатқан жайы аз ба?! Біз үшін Тәуел­сіздігімізді баянды ете түсуге зәредей де нұқсан келтірер не нәрсенің де құны көк тиын. Сон­­дықтан, мектепке арнайы иман­дылыққа, не ұлттық салт-дәстүрге негізделген пән енгізіліп, жүйелі оқы­тылуы қажет. Бұл ұлттық мемлекет құрудың да алғашқы сенімді баспалдағы болмақ. Он­сыз, Әл-Фараби ғұ­ла­­ма айт­қандай: «Тәрбиесіз ал­ған ілім – адамзаттың қас жауы». «Иманды ел – алынбас берік қамал». Оны сырттан ешқандай да жаудың алуы мүмкін емес. Иманды болсақ, нендей қиын­дыққа да сабырлылық танытып, төзімді бола түсеміз. Аллаһ Тағала қашан да сабырлылар жағында. Отанға деген сүйіс­пен­шілігіміз күшейеді. Осы арқылы бүгінгі көптеген тұр­мыс­тық, әлеуметтік, экономика­лық, саяси және рухани да қи­ындықтар мен күйзелістер өз шешімін табары әрі қазақ елінің Тәуелсіздігі мұ­нан да баянды, ғұмырының ұзақ бола түсері хақ. Сол үшін де бүгінгі жас ұр­пақ Тәуелсіздігімізді ардақ тұ­тып, қадірлей білгені абзал. Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, замандастарымыз өмір сүріп, қызықтап отырған Тәуелсіз­дігіміз ұзағынан сүйіндіргей! Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.