• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Шілде, 2018

Денсаулық сақтау министрлігі алты айдың жұмысын қорытындылады

248 рет
көрсетілді

Елімізде медициналық көмекке көңілі толмайтындар көп. Жалпы, денсаулық сақтау саласының жұмысына сын жиі айтылады. Әрине, ауықымы кең, әрі әлеуетпен тікелей жұмыс істейтін бірден-бір әлеуметтік сала аясында «әңгіме» де көп болатыны рас. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» тағы бар. Былайынша, мемлекет тарапынан қолдау  көп, қаржы бөлініп жатыр, қолға алынған бағдарламалар да баршылық. Десек те, жұмыс неге мардымсыз? Қызмет сапасы неге халықты қанағаттардырмай жүр. Міне, осындай сауалдарға қарапайым жұртшылық қана емес, Денсаулық сақтау министрлігі мамандары да «бас қатыра» бастады. Оны министрліктің биылғы алты айдын жұмыс қорытындыларына арналған алқалы жиынында да байқадық. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалығымен өткен алқалы жиынға оның орынбасарлары, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесі мүшелері, сондай-ақ облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің және ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары қатысып, атқарып жатқан жұмыстары жайы есеп берді. Жиында алдымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың биылғы алты айдағы қорытындылары айтылды. Баяндалған мәліметтерге сүйенсек, ешкім «қол қусырып» отырған жоқ.  Межелі міндеттер орындалып, ауыз толтырып айтарлық жұмыс жасалған. Еліміздің медицина саласы қазіргі күні бұрынғы жағдаймен салыстырған әлдеқайда ілгерілеген, халықаралық стандарттардың біразын меңгерген. 

Мәселен, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева «Денсаулық» бағдарламасы бойынша бүгінде жеті бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.  Айталық, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту аясында амбулаторлық-емханалық желіні шағындап ұйымдастыру жүргізіліп жатыр екен. Мәселен, есепті кезеңде дәрігерлік учаскелер саны  12 пайызға артқан, учаскелік дәрігерлер жүктемесі төмендеп, бекітілген тұрғындар саны 1950 адамды  құраған. Нәтижесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жүгінулер саны 23 пайызға артқан. Сондай-ақ қазір диспансерлеуді Ауруларды басқару бағдарламасына өзгерту жоспарланып жатқаны айтылды. «Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) пациенттерді өздерінің денсаулығын басқаруға белсенді тартуға бағытталған. Оның шеңберінде халық арасындағы адам өлімінің 70 пайызын және аурудың 77 пайызын анықтайтын 25 созылмалы ауру бойынша пациенттермен бірлесіп динамикалық басқаруды ұсынады. Осыған байланысты бірқатар инфекциялық емес аурулар: жүрек-қан тамыры, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулар мен диабет АББ-ға кірген. АББ-ны пилоттық енгізу тәжірибесі осы тәсілдің жоғары тиімділігін көрсетті», деді Л.Ақтаева.

Денсаулық сақтау вице-министрі сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Бүгінгі таңда, онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары бекітілді, туберкулезбен күресудің кешенді жоспары өзектендірілді. Халықтың көрсетілетін медициналық қызметпен қанағаттану деңгейін бағалау жөніндегі зерттеу, клиникалық хаттамалар мен бейіндік қызметтер стандарттарын әзірлеу үкіметтік емес ұйымдарға берілді. Сондай-ақ медициналық ұйымдарды аккредитациялау стандарттары қайта қаралды және онкологиялық, психиатриялық, неврологиялық, акушерлік және гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі 4 стандарт мақұлданды», деді вице-министр.

Сонымен қатар жалпы жыл сайын өсіп келе жатқан медициналық жоғары оқу орындарын бітірушілердің саны есебінен саладағы кадр тапшылығының азайып келе жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, шетелдік жетекші университеттермен стратегиялық серіктестік шеңберінде медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын елімізде және шетелде оқыту жүргізілуде. Л.Ақтаева атап өткендей, кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында жедел жәрдем көрсетудің бірыңғай диспетчерлік қызметі енгізілетін, шұғыл емес шақырулар емханаларға берілетін, қызметкерлерді реанимациялық көмек көрсетудің әлемдік стандарттарына кезең-кезеңімен оқыту және басқалар жүзеге асырылатын болады. Жедел жәрдемнің жету уақыты 25 минуттан 18 минутқа дейін қысқартылған.

Жалпы шара барысында денсаулық сақтау саласына қатысты барлық мәселе айтылды. Халықты дәрі-дәрмекпен қамту, кадр тапшылығын жою, жалақы мәселесі, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізу, саланың инфрақұрылымын жетілдіру сияқты маңызды мәселелері талқыланды. Сондай-ақ салаға инвестиция тарту, цифрландыру - электронды форматқа көшу, компьютерлік-техникамен қамту жайы қаралды.

Жиын қорытындысында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов айтылған мәселелерге қатысты жұмыстарды барынша жетілдіруді тапсырды. Әсіресе, жұмысқа деген жауапкершілікті арттырып, кемшілікке жол берген басшыларды қатаң жазалау қажеттігін ескертті. Кейбір мәселелерге қатысты заңнамаларды, құқықтық нормаларды қайта қарап, жұмысты жүйелендіру керектігін баса айтты. Бастысы, денсаулық сақтау әр адамның Конституциялық құқығы екенін айтып, бұл ретте министрліктің жауапкершілігі, атқарар міндеті зор екенін жеткізді.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»