• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Желтоқсан, 2011

МЕТРО

418 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.

Төменде еліміздегі ірі де іргелі қала Алматыдағы метрополитен туралы фоторепортаж беріліп отыр.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды, халықтың әл-ауқаты жақсы, тұрмысымыз салтанатты болу үшін мемлекетіміз өзінің стра­тегиялық даму жоспарларын жал­ғастыра беретін болады. Ал егемендігіміздің 20 жылдығына жа­салған ең үлкен тартудың бірі – метро. Алматы метрополитенін ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  мұ­ның  еліміз үшін тарихи оқиға екендігін атап көрсетті. Ал қала тұрғындары Тәуелсіздіктің 25, 30, 35 жылдықтарында оның жаңа тармақтары тұсауын кесіп, стансалар құлашын жая беретін болады деп ойлайды. Еске сала кетелік, Алматы ме­тро­политенінің құрылысы 1988 жылы 7 қыркүйекте басталған бо­ла­тын. Бірінші кезектің екі жолды ұзындығы – 8,56 шақырым. Орташа тереңдігі – 40 метр. Жер асты үң­гілеу жұмыстарының ұзындығы – 21,74 шақырым. Бірінші желінің құрамына электродепо, инженерлік корпус, қызметкерлер бөлмесі, «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы драма теат­ры», «Алатау» атты 7 станса енген. Бірінші желінің жалпы сме­та­лық құны – 165,9 миллиард тең­гені құрайды. Мемлекет басшысы: «Бұл Қа­зақ­стан тарихындағы ерекше ны­сан, бұл кешен ел тарихына өш­пес­тей болып жазылады. Қазіргі уақыт – қайталанбас сәт. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қандай керемет оқиғаларға қол жеткізіп жа­тырмыз. Естеріңізде болар, тіпті дағ­дарыс кезінің өзінде  бұл ны­сан­ды қаржыландыруды тоқтатқан жоқпыз. Метро салушылар қобал­жулы болды, жұмыс тұрып қалды, қи­ын жағдайларды бастан өткер­дік.  Бірақ, мен метро құрылысын бір минутқа да тоқтатқан жоқпын. Бұл жұртшылық үшін өте қо­лай­лы. Метро тәулігіне 300 мың адам­ды, ал жылына 110 миллион адамды тасымалдайтын болады. Бұл экологиялық таза көлік, ал стансалар бейнебір көркем шы­ғар­ма дерсің», – деп атап өткен болатын. Алматы метрополитені архи­тек­турасы жағынан да, сапалық тұр­ғыдан да ТМД елдері ішінде ең үздік, ал әлемдік деңгейде ең ал­дыңғы саптағы ірі кешен. Авто­матты желілердің жоғары дең­гей­де жұмыс жасауын 29 кешен қам­тамасыз етеді. Олар – метропо­ли­теннің автоматика, белгі беру, бай­ланыс және қауіпсіздік жүйелері боп табылады. Жылжымалы пой­ыз­дарды радиоарнаны қолдану арқылы басқару әдісі де осы метрода тұңғыш рет қолданылмақ. Пойыздар мен технологияларды басқару мықты қорғалған сандық жүйемен іске асса, пойыздар ав­то­номды түрде 4 сағатқа дейін кідіріссіз қызмет ете алады. Күзет, өрт­тің алдын алу, қауіпсіздік қыз­меттері қатаң бақылауға алынған. Диспетчерлік бейнебақылау ор­та­лығы метроның өн бойын қалт жібермей қадағалайды. Ал 2011 жылдың наурыз ай­ын­да екінші желінің құрылысы бас­тал­ды. Оның құрамына «Сайран», «Москва», «Сарыарқа», «Достық», «Қалқаман» атты 5 станса енген. Алдын ала есептеулер бойынша метро күніне 26 мың адамға қыз­мет көрсетеді деп жобаланған еді. Ең соңғы ақпараттарға сүйенсек, күн сайын Алматы метросы 30 мың­нан астам жолаушы тасы­малдауда. Бұл алдын ала жасалған есепті ақтады деген сөз. Сондай-ақ, әр сенбі «жетон күні» деп аталады. Бұл күндері жо­лаушылар пайдаланып үлгер­ме­ген жетондарымен сапар шегуіне болады. Метрода полиция қыз­мет­керлері қандай да бір келеңсіз­діктер мен тәртіпсіздіктердің алдын алып, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суреттерді түсірген Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.