• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Желтоқсан, 2011

Құқықтық сауатсыздық, азаматтық жауапсыздық

1049 рет
көрсетілді

Ел татулығына ешқашан қол көтерме! Халқымыздың Тәуелсіздіктің жо­лында шекпеген тауқыметі, көрмеген қасіреті қалмады. Сондықтан басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз. Бі­­рақ, Жаңаөзеннен түсірілген репор­таж­ды көріп, аса ауыр әсерде қалдым. Күйрету, қирату, бүлдіру, өз қолыңнан шыққан жасампаздыққа өзің қол көте­ру сияқты әрекетке ешкімге, ештеңеге жаны ашымай­тын­дар ғана бара ала­ды. Ондай ақыл беретіндер сенің де, еліңнің де, жеріңнің де қадірін білмейді. Қастерлемейді. Өз халқыңа, өз жеріңе, өз еліңе шын жаның ашыса, оның көгеріп-көр­кеюіне үлес қос. Ашу – дұшпан, ақыл – дос деген. Ашу­­дың тілін алма, ақыл­дың тілін ал. Сонда бәрі де түзеледі. Сүттей ұйып отырған ел татулығына ешқашан қол көтерме! Ол көптің көздің қарашығындай қастерлеп отырған басты құндылығы. Асылымызды ардақтай білейік! Бүкіл халық қуанып, тойлап жат­қан мерекенің шырқын бұзу – ел естіп-көрмеген сұмдық. Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.

Түсінік үшін сабыр қажет

Еліміздің Батыс өңі­рінде мейрам күнде­рін­де орын алған оқиға естіген құлаққа ауыр болды. Бірлігі жарасқан елдің төл мерекесі өтіп жат­қан­да осыншама шектен шық­­қан әрекеттердің орын алғаны қа­лай? Әрбір саясаткер жақсы біледі, Жа­ңа­өзен аймағындағы бой көр­сет­кен әрқилы оқиғалардың ор­ын ал­ғаны бүгін емес. Бұл тарихы белгілі өңір. Солай бола тұра әкім­шілік және құқықтық органдардың мейрам кезіндегі жайбарақаттығы да ойландырарлық мәселе. Қазақ «жел болмаса шөптің басы қи­мыл­да­май­ды» дейді. Біз әр адамның мұң-мұқтажы жеке-жеке екеніне қа­шан көңіл бөліп үйренеміз? Қо­ғам ты­ны­сын сезіне білмеушілік дәп ос­ындай ауыр қайғылы жағд­ай­ларға апаратыны өткен тәжіри­бе­ден, әлем­нің түкпір-түкпірінде бо­лып жатқан оқиғалардан белгілі бол­мап па еді? Ендеше, неге қам­сыз бол­дық? Бұл сауалға жауап қа­жет. Бұл Үкіметке, оның өкілетті органда­ры­на айтыла­тын уәж. Со­нымен бірге, жергілікті қауым қайда демекпіз? Кім болсын отбасынан өсіп-өнбей ме, отба­сы­ның отағасы, сөз ұстау­шы­лар қай­да? Наразылық­ты білді­ру­дің өзге жол­дары мүлдем сарқыл­ғаны ма? Әри­не, жоқ. Айтса тыңдар, естір құ­лақ­тар бар емес пе еді. Демек, бұл тұста пиғылы өзге­лер, аза­­мат­тар­ды адас­ты­рып, алдап, қолға тү­сірді-ау деген ойдамын. Мәселені, құқық қорғау органдары зерделер, анықтар, кінә­лі­лер заң бойынша жауапқа тарты­лар, алайда опат бол­ғандарды қайда қоймақ­пыз? Неге бұлай болды? Шариғ­ат заңына да, адамшылыққа да сый­май­тын мұндай әрекеттер қа­лай өріс алып, өртке айналды? Атам қазақ өз тари­хын­да қилы-қилы заман­ды өткере отырып, не көр­меді, не азап шекпеді, сонда да өз ақылына, са­бырына салып, болар істі болды, енді ондай істі болдырмау керектігін ай­тып, оған сай іс-шаралар жасайтын. Бүгін де солай болуы керек. Болған іске өте мұқият болған абзал. Ет қы­зуымен бәрін кінәлауға салынбай, ойдан-қырдан жау іздемей, істің мәнісіне жетіп, салиқалы, сабырлы түсінікке келу міндеті тұр. Ашу – дұшпан, ашумен жасалған іске, енді сабыр­лылық керек, ақыл керек. Ертеде Шәкәрім «бар адамдар өз халқы­нан» деп еді. Қалай болса да өз адам­дарымыз ғой, оларға сондай түсінікпен келген жөн. Әрине, ниеті бұзықтарға заң жолымен шара қолданып, мұндай істі мүлдем болдырмау мақсатында іс-шаралар орын алуы заман талабы. Тәртіпке жетудің бір жолы – тәр­бие. Демек, әлі тәрбиені қажет ететін жастар бар, солармен кешенді сұхбат қажет болар деген ойда­мын. Нақты, анық түсінікті сөздер, ел адам­дары, үлкендердің қазір на­си­хаты қажет. Мүмкін жұбату да керек шығар. Алыста болған соң тек ба­сы­лым беттеріндегі хабарлардан құ­лақ­танған біздерге нақтылы сөз айту да қиын, бірақ бір нәрсе анық, лаң­кестік, мұндай шектен шық­қан әре­кеттерге барушылықты ешбір адам­ның құптамайтыны анық. Егемен елдің төл мерекесін мил­ли­ондаған азаматтар тойлауда, ал бұл оқиға той шырқын бұза ал­мақ емес, егер ос­ындай ниетте бол­ғандар болса, олар­­дың қателесетін­дері айдан анық. Ғарифолла ЕСІМ, академик.

Ақылға кел, ағайын

Біріншіден, біздің тәу­­елсіздігімізге қолымызды жеткізгенімізге 20 жыл тол­ған уақытта, ата-баба­ларымыз аңсап, арман­да­ған Тәуелсіздік мерекесін тойлап жатқан кезімізде кө­­ңілге қаяу түсіретін, адам­­ның ақылына сыймайтын осындай жағдайдың орын алғаны бірде-бір қазаққа, осы мемлекеттің кез келген азама­тына түсініксіз деп ойлаймын. Ек­ін­шіден, түрлі әлеуметтік, басқа да жағдайлар бола береді. Ол әрбір мемлекетте бар. Америкада да, Қы­тайда да, Еуропада да улап-шулап жүрген халық бар. Яғни, бүгінгі таңда проблемасыз мемлекет жоқ. Бірақ, сол проблемалар құқықтық шеңбердің ішінде шешілуі керек. Ал осындай ұлы мереке – Тәуел­сіздіктің 20 жылдық мерейтойында, табысымызды, жеткен жетістігімізді көрсетіп, қазақтың ауызбірлігін, Қазақ мемлекетін бүкіл әлемге паш ететін күні өзінің пендешілік проб­ле­маларымен көшеге шығуы адам­ның ақылына сыймайды. Әрине, ол жерде ауыр әрі қиын жағдай орын алды. Қан төгілді. Осы орайда, осы оқиғадан, қақтығыстан қайтыс бол­ған азаматтардың ағайындарына к­ө­ңіл білдіргім келеді. Біздің мемлекетімізде не нәрсе болса да заңды әрі ресми тұрғыда шешілуі керек секілді. Заң бұзу­шы­лық, көшеге шығу, бі­реу­дің жеке меншік мүлкін, ғима­рат­­ты өртеу – бұлардың бар­лығы қыл­мыс. Оның басқадай негізі жоқ. Сон­­дықтан, мұндай жағ­дайға бармауы керек еді. Ел бар, жұрт бар, сол жер­де үлкен ақсақалдар бар. Менің ой­ымша, ақса­қ­алдар да бейтарап тұрма­уы тиіс. Елге, халыққа, жастарға ақыл айтып, білмеген жерлерін түсінді­ріп, бағыт-бағдар беруі ке­рек. Бұл жерде жергілікті азаматтардың да белгілі бір дәрежеде білместігі бол­ған шығар. Аудан бар, әкімдік бар, прокуратура бар – барлығы ақ­ыл­­­дасып, пікірлесіп, заңның шеңбе­рінде осы мәсе­ле­ні бұрыннан шешуі, түсінбеген жағдайда түсіндіруі керек еді. Үл­кендер болсын, жастар болсын бар­лығы да азаматтар ғой. Өкінішке қарай, елде осындай ауыр жағдай болды. Ол барлығымыздың көңілі­міз­ді түсірді. Бірақ, бұл жағ­дайды тоқтату керек. Себебі, ол тек ақ­ылмен ғана шешілетін мәселе. Ай­қай-шумен, біреудің басын жа­рып, көзін шығарып, көлік пен ғима­рат­ты өртеу арқылы бірде-бір әлеу­мет­тік проблемалар бұл әлемде шешілмеген. Тарихта болмаған ондай нәр­се. Бұл тек айқай-шуға, көз жас­қа, қан төгілуге әкелетін мүл­­дем жаман жағдай. Сондықтан, бү­гінгі таңда осыған нүкте қойып, тоқтату керек деп ойлаймын. Камал БҰРХАНОВ, саясаттанушы.

Бірлікке сына қақпайық

Болат АҚШОЛАҚОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы. «Өзенмұнайгаз» бөлімшесінің бұрынғы ең­­беккерлері мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ниясы арасындағы дау бірнеше айлар бойы жал­ғасып келеді. Өкінішке қарай, тараптар осы күн­­­­­­ге дейін ортақ шешімге келе алмады. Бірақ, бұл жағдайға мұнай­шы­лар­дың кешегі Жаңа­өзен­дегі оқиғасының еш қатысы жоқ деп есептеймін. Себебі, Жа­ңаөзен қаласын­дағы «Ынты­мақ» алаңында болған адам­дардың дені мұ­най­­шылар емес, олардың көбі өндіріс орнында ке­зінде бол­ған­дар. Осы оқиғадан кейін мұнай­шы­лар мен жұмыс берушілер арасындағы кикілжің жа­қын арада ортақ шешімге келеді деген ойдамын. *   *   * Марат ДЕМЕУОВ, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. Кешегі Жаңаөзенде болған жаппай тәр­тіп­­сіздіктен қаладағы 46 әкімшілік ғимарат өр­тенді. Бүгінде қоғамдық тәртіп орнады. Қыл­мыс­тық ахуал жіті бақылауда. Қоғамдық тәр­­­­тіпті сақтауға барлық құрылымдық күш­­­тер жұмылдырылды. *   *   * Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы. Елдіктің еріне енді қонған кезде, біздің ақбоз сәйгүлігіміз әлемнің көзіне түсе бас­таған кезде, іргемізді өзіміз шайқамауымыз керек. Бізге ынтымақ, бізге береке керек. Қазақтың қабағына қазақ қарап тұрып сүйсінетін құрмет керек. Бауырлық, туыстық керек. Ол үшін ең парасатты дүние – ұлттық биікке көтеріліп, ұлттық тұрғыда сабырға жүгіну. Бұл жерде ақылға ерік беруіміз керек деп ойлаймын. *   *   * Әлібек БАЙНЕШОВ, «Әлеуметтік әріптестік орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры. Менің өзімнің субъективті ойым бойынша, мұның барлығы, яғни Жаңаөзендегі мұнай­­­­шылардың басбұзарлығы – шетелдегі біздің Үкіметке қарсы сот әділдігінен қашып жүр­­гендердің іс-әрекеті. Жаңаөзендегі оқиғалар осының салдары. Бәлкім олардың ойлаған мақсаттары, аз да болса, орындалған да шығар. Себебі, біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесінің үстінде осындай оқиға шығару – тіптен де ақылға сыймайтын оқиға. Әрине, бұл біздің халқымызға жат нәрсе. Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланғаны өте дұрыс болды. Бұл – дер кезінде қабылданған шешім. Өйткені, барлық нәрсенің анық-қанығына жету үшін уақыт қажет қой. Кеше ғана құзырлы органдардан комиссия құрылып, ол орын алған оқиғаның себебін зерттеп жатыр. Жаңаөзендегі көтерілгендердің арасында оралмандар да бар екен. Кейбіреулер бұл солардың әрекеттері дейді. Құдайға шүкір, қазір оралманы болсын, басқасы болсын – Қазақстан халқының жағдайы жаман емес. Барлығына бірдей Үкімет тарапынан көңіл бөлінуде. *   *   * Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, айтыс ақыны. Айналайын ағайын, алдымен амандықты сақ­таңыздар. Хадистерде айтады; адамның жүрегі таза болса, сабырлы болса, қолындағы барға қанағат қылса, бақыт деген сол деп. Алла сол бақытқа жеткізсін. Сіздер үшін біздің де жүрегіміз ауырып жатыр. Аман болыңыздар, бірлікті сақтаңыздар.

Қазаққа жат әрекет

Еліміз Тәуелсіздік мерекесін тойлап жатқан тұста Жаңаөзендегі қылмыскерлер әрекеті жанымызды қатты күйзелтіп отыр. Қазақ ежелден ынтымақ пен бірлікке ұйыған, үлкенді тыңдап, кішіні сыйлаған, жаны дархан халық еді. Мұ­най­шы­лар қаласындағы мерекелік іс-шара кезіндегі бұзақылық тура­­лы бұқаралық ақпарат құ­­­ралдарынан оқығанымда, мұның өзіміздің сол бағ­­зыдан келе жатқан қаси­ет­ке қара күйе жаққысы ке­­летіндердің ісі екеніне еш күмән келтірген жоқпын. Бүгінде лаңкестік пен зұлымдықтан әлем жаны тітіркеніп тұр. Сырттан  бұзақы­лық­тың неше  түрін кезіктіргенде, мұндай жат құбылыстардан қазақ жастары бойларын аулақ салмақ керек деп ойлаймын. Қай кезде де адамға шыдамдылық керек. Тәу­ел­сіздігі жаңадан  нығайып келе жат­қан Қазақ елі үшін мұның орны ерекше. Өзге кейбір елдермен са­­лыстырғанда,  экономикалық-әлеу­мет­­­­тік жағдайымыз көш ілгері деп айтуға болады. Ереуілмен, ерегіспен ешбір ел асқақ мұратына жеткен емес. Сол себепті де мен Жа­ңаөзен оқиғасын қателік деп есептеймін, ел ішіне іріткі салатын бірен-саран жат ойлы қаскөйлердің ісі деп ойлаймын. Өкінішке қарай, кейбір қазақ жастары сондай­лар­­­­­дың арандатуына  түсіп қалып жа­­­тады. Бішкектегі, тағы да басқа көр­­­шілес елдердегі оқиғаларды алға тартқысы келетін арам пиғылды бұзақы­­­лар­дың мұндай теріс ойлары қазақтың сүттей ұйыған тіршілік тамырына балта шаба алмайды. Дәл қазір әр қазақ туған елім, жұр­­тым бар дегенді санасына түюі керек. Өртеу, тонау, бүлдіру, қан төгу – адамға ауыр күнә. Ежелден ты­ныш­тық аңсап өскен ел­дің баласы өзінің рухани іргесін сондай жат әрекеттерден қорғауға тырысуы тиіс. Қазақ елінің тәуел­сіз­дігін, қарыштап өскенін көре ал­майтын адамдардың салған бүлігін тек осындай ұлтжандылық қалыпта ғана жеңе аламыз. Қазағымның аты Алатаудың шыңындай асқақ бол­­­сын деген адам ешқашан елдіктің ер-тоқымын аудармайды. Өнер ада­мының нәзік жүрегіне осының бәрі тастай батады екен. Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі.

Арандатушылардан абай болайық

Бүкіл Қазақстан бо­­­лып Тәуелсіздігіміздің тор­қа­­­лы тойын тойлаған күні суыт хабар естідік. Жиырма жыл бойы егемендікті еңсе­­лен­­­­діру жолында Мемлекет басшысының сарабдал сая­сатының арқасында мық­­ты экономика, әлем қы­зы­ғарлық тұрақтылық, тату­лық пен тәуелсіз ел ірге­­та­сын қалағандығымыз шындық. Шетелге шыққанда олардың тара­пы­нан қызғаныш пен қызығуды қа­тар сезінеміз. Сол үшін мақтанамыз да. Міне, жүріп өткен жолдар мен жылдарымыздың қуанышын тойлау күні Жаңаөзенде ойламаған жерден көңілге қаяу түсірген оқиға орын алды. Шынтуайтына келгенде, өзі­­міз де әрі-сәрі күйге түстік. Әрине, ұзақ жылдар бойы қордаланған мә­селелер бірер жыл ішінде шешілуі мүмкін емес. Бәлкім, Жаңа­өзен­дегі оқиға түрлі әлеуметтік проблемалардан тамыр тартып жатқан болар. Алайда бұл оқиға, егемендігіміз бен тұрақтылығымызды, бірлігімізді көре алмай жатқан адамдар мен елдер тарапынан болуы да мүм­кін. Сондықтан бауырларымды сабырға шақырып, ел ынтымағын күшейтіп, бірлігімізді бекемдей, жұ­мылып жұдырық бола түсейік демекпін. Бейбіт күнде орын алып отырған мұндай жағдайларды бол­дырмауымыз керек. Тәу­­­ел­сіздіктің елең-алаңында да орын алмаған бұл жағ­дай қазаққа, Қазақстанға,  азаматтарымыздың ділі мен дініне жат нәрсе. Біз бір-біріне қару кеземеген елміз. Осыған қарамастан, орын алған оқиға болашақта қайталанбас үшін құрылған комиссия жергілікті тұрғындарда шешілмеген әлеумет­тік мәселелердің оң шешілуіне жұ­мыс жасауы қажет деп ойлаймын. Билік пен халық бір-бірін түсінісіп, арандатушыларға қарсы тізе қосып, жұмыс жасайды деп күтеміз. Жағ­дай сауатты үнқатысу арқылы шешіліп, түрлі әлеуметтік зерттеу жұ­­мыстары жүргізілуі тиіс.  «Сабыр түбі сары алтын», сыйластық, түсі­ністік, халық пен билік арасында бір-біріне деген құрмет керек. Бір-бірімізді түсінбесек, талан-тараж боламыз. Мұндай мысалдарға тарих куә. Оған жол бермеуіміз қажет. Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 Дүниеміз талан-таражға түсті

Мен осы қала халқының тұр­мыс-тіршілігі жақсара түссін деген ниетпен жұмыс жасап жүр­ген­дердің бірімін. Шаруамыз шал­қып, күн санап тұтынушылар кө­ңілінен шығып келе жатқанбыз. Бәрі де ойламаған жерден бас­та­лып, опық жеп отырмыз. Кеше жастар орта­­лық алаңға жиналып жатыр деген соң, сақтық жасап дүкенімізді жап­қан­быз. Бірақ кеш­кі 22.00-сағатта 60-70 жас бала баса-көктей келіп, терезелерді сындырып, керектерін таңдап ал­ып, дүниемізді талан-та­ражға сал­ды. Осымен болған шы­ғар деп шү­кіршілік етіп отырғанда 30-40 жас қайта келді. Сейфтерді көте­ріп, жабдықтарды алғанда­ры­мен қоймай, қалған заттарды қи­рат­ты. Дүкенге от қойды. Қазір жүз мың­даған доллардың заты қол­­ды бо­лып, дүниеміз қирап, еш­те­ңе қал­мады. Не айтарымызды біл­мей, опық жеп отырмыз. Бай­қа­сақ,  тәр­тіп бұзғандар 15-16 жаста­ғы­­лар. Ештеңені де, ешкімді де елең қыл­мады. Өкінішті. Өзіміз аман қал­ғанымыз олжа деп отырмыз. Қ.ҚАЗАҚБАЕВ, «Атланта» сауда үйі филиалының директоры.

 Елдігімізге сын деп білемін

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын бүкіл халқымыз болып кеңінен атап өтіп жатқан шақта Жаңаөзендегі оқиға аязды күні тө­бемізден суық су құйып жібергендей әсер етіп отыр. Мұны енді не деуге бо­лады? Шындығында, әркім өз жұмысын білуі керек қой. Бірақ солай екен деп қоғам өмі­рінен қалайша сырт қаласың. Оның үстіне мынадай жағдайда. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бер­гі жердегі қоғам өміріндегі оңды өзгерістерді тек қана кешегі Семей атом полигонының астанасы іспеттес Курчатов қаласының мысалынан айқын а­ң­ғаруға болады. Жаңаөзендегідей қиындықты мұн­дағылар да басынан кешкен болатын. Бұрынғы Одақ тарағанда атажұртына ауа көшкен әскерилер қаланы мейлінше бүлдіріп кеткен еді. Бірақ, абырой бол­ғанда, сол қала еліміздің Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқа­сында қайта түлеп, сақталып қалды. Қазірде мұнда Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі жұмыс жасап тұр. Қайсыбір ғалымдар бізге Ресейдің Сібірдегі көршілес қалаларынан вах­­­талық әдіспен қатынап жұмыс істеуде. Ал бұдан кімге зиян? Оның несі мақтан дейтін болсаңыздар, Кур­ча­тов­қа алыстан келген қандастарымызды да жайғас­ты­рып, орналастырып жатырмыз ғой. Қазір мұнда қазақ мектебі, мұсылмандар мешіті жұмыс жасап тұр. Ал кешегі заманда бұл түсімізге де кірмейтін ша­руа еді. Сондықтан осының бәрі ел тәуел­сіз­дігінің арқасы екендігін кім жоққа шығарады! Семіздікті қой ғана көтереді дейді хал­қымыз. Солай дегенде мен жаңаөзен­дік­терді біржола қаралаудан аулақпын. Десе де, «Са­­быр түбі – сары алтын» деген на­қылды неліктен естен шығарып алдық. Әлемді шар­пы­ған дағдарыстың алғашқы кезеңінен жақ­­­сы шық­­тық емес пе? Дағдарыстың келесі толқынына да осын­­дай тас-түйін бекемдікпен кірісіп жатқанда Жа­­­ратқанның халқымызға тартып отырған бағын бас­қа тебуіміздің жөні қайсы? Осы орайда бас­қалардың ай­та­ғына ілеспейік, ағайын, дегім келеді. Сондай-ақ, бас­қаға еліктеудің де жарға жыға­тынын естен шығар­майық. Одан да жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білейік. Бір сөзбен айтқанда, даурықпа демократия мен діни экстремизм біздің халқымыздың табиғатына жат, сондықтан сын сағатта елдігімізді таныта білейік, ағайын! Қайрат КӘДІРЖАНОВ,  Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.

 Жеке топтардың жетегінде кетпейік

Жаңаөзен мәселесінің көтеріліп жүргеніне біраз болды. Бұл мәсе­ле­ні шешу үшін жергілікті билік та­ра­пынан да, Үкімет та­рапынан да бір­қа­тар шаралар жасалды. Мемлекет нақты мәселелер бойын­ша олар­дың айтқан та­­лап­тарын орындаған бо­ла­тын. Бірақ, бұл ереуілшілерді қанағаттандырмады. Соңында сы­ныққа сылтау іздеп, мәселені кешегі жағдайға әкеліп отыр. Еліміз осы 20 жылда үлкен белестерден өтті. Экономикадан бастап, барлық салада зор жетістіктерге жеттік, табысты тірліктеріміз бар. Ал мұның ішінде Маңғыстау облы­сы экономикалық дамуы жағынан еліміздегі үздік үштікке кіреді. Бұл – жа­лақысы жақсы, әлеу­мет­тік жа­ғы­нан қамтыл­ған, жұмыс­­пен қамта­ма­сыз етілген ай­­­мақ. Қазақ­станның тұрақ­ты алға жылжуына мүд­де­лі емес топтар да, сырт­қы күштер де бар екендігін жасыру­­­дың қажеті жоқ. Осындай жағдайда жеке топ­тардың жетегінде кетпей, ел ішіндегі тұрақтылық пен ты­ныштықты жалғастырудың көкей­кес­ті екендігін халық түсінуі қажет. Бұл жерде ереуілшілерге сырт­қы күштер дем беріп отыр­ған­ды­ғын да жоққа шығармау керек. Өйткені, Жаңаөзен мәселесі тым ұзаққа созылды. Бұл жерде сыртқы күштердің ықпалы мен әрекетін әншейін қоз­ғап отырған жоқпыз. Себебі, Қа­зақ­стан өз аймағындағы жетекші мем­лекетке айналып келеді. Ал транс­ұлттық компаниялар үшін жұмыс істеп жатқан елдің қуатты болуы, тұрақты дамуы аса пай­да­лы емес. Осындай жағдайларды олар да өз мүдделеріне пайдала­нуы мүмкін. Алайда, мемлекетіміз ушыққан мәселені заң жүзінде реттеп, анық-қанығын тексеріп, стратегиялық даму жоспарымыз бойынша тұрақ­ты­лық­ты мұнан былайғы жерде де сақ­тауға ұмтылатын болады. Нұрлан СЕЙДІН,  ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік саяси зерттеу бөлімінің меңгерушісі.

Бассыздыққа бәтуа жүрмейді

Біз, қазақ халқы, ешкімді жау көрмеген, бір-бірімізге деген ыстық ықыласымыз бөлек бауырмал халықпыз. Біздің қонақжай құша­ғымызда қаншама халықтардың пана тап­қа­нын әлем біледі. 140-тан астам ұлт пен ұлыс­тардың басын қосқан елімізде тыныштық пен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың сақ­тал­­ғаны біз үшін үлкен қуаныш. Егемен еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде қаншама табыстарға жеткенін әлем мойындап отыр. Осы жылдарда еліміз экономикалық-әлеу­меттік дамуымен әлемді таңғалдырды. Бұрынғы Ке­ңес Одағы елдерінің ішінде бірінші болып нарықтық қатынастарға көшкен және өз экономикалық даму бағыттарын айқындаған ел ретінде танылды. Бұл кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Кешегі Жаңаөзендегі қайғылы оқиға өркениетті 50 ел қатарына қосылуға ұмтылған Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретін жағдай. Мұны кейбір жағымсыз топтардың арамызға іріткі салуға бағытталған қадамы деп бағалау керек. Біздің тұрмысымызда да, әлеумет­тік дамуымызда да ілгерілеу бар екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Соған қарамастан керітартпа күш­тер­дің осыншалықты байбалам салуы бүгінгі өмірлік қағидаттарымызбен сыйыса бермейді. Жеке бастың, болмаса белгілі бір топтың егемен еліміздегі эконо­микалық және әлеуметтік дамуымыздағы ілгерілеушілікке селкем түсіретін кейбір қылықтары қазақстан­дық­тарды ашындырады. Олар еліміздегі тәуелсіздік жыл­дарындағы өркендеу мен ілгерілеуді жоққа шы­ғарғысы келеді. Мен көп жылдар жоғары оқу орындарында қызмет еткен азамат ретінде Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаға себепшілерді айыптаймын. Әлеуметтік-тұр­­­мыс­­тық мәселелерді бұлай бейбастақтықпен шешуге болмайды. Әр нәрсенің өзіндік орны бар. Оның үстіне біздің небәрі 20 жыл толған тәуелсіз мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына қосылуына тек қана біздер – қазақ­­стандықтар себепші екенімізді ұмыт­пауы­мыз керек. Бүкіл еліміз Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы сияқты таңғажайып мерекені бастан өткізіп жатқанында осыншалықты оқи­ғаға ұйытқы болғандарды ешқандай да ақ­тай алмайтынымыз шындық. Әлеуметтік өзекті мәсе­­лелерді шешудің сан тарау жолы бар. Мұндай қайғы­лы оқиғаға соқтырған, белең алдырған жәйт­тер­дің артында кімдер тұрғанын тиісті орындар анықтай жатар. Десек те, еліміздің әр түкпірінен көрініп қалып жүрген осындай жағдайлармен жалпы жұрт болып күреспесек, қатері көбейе беретіні шындық. Сон­дық­тан отбасындағы тәрбие мен ортамыздағы қарым-қа­тынасты қоғам мүддесіне бағыттау керек. Тәуел­сіздіктің 20 жылында жеткен жетістіктерімізге сырт көз қуанып жатқанда елімізде осындай оқиғалардың етек алуы жаныңды қинайды. Осылайша жеке бастың мәселесін шешу мүмкін болған емес. Біреуге қиянат жасап, өз мәселеңді шешу ешқашанда жақсылыққа апармайды. Сондықтан жаңаөзендік ағайындарға сабырға келіңіздер, өзекті мәселені өркениетті жолмен шешуге ұмтылыңыздар деп айтқым келеді. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген қағиданы басшылыққа алып, сабаларыңызға түсіңіздер деген ой айтамын. Алтай ТАЙЖАНОВ,  философия ғылымдарының докторы, профессор. Ақтөбе.

 Тәртіпке бас иген құл болмайды

Мемлекетіміздің мерей­лі мерекесі тұсында Жа­­ңа­өзен қаласынан жа­ма­натты хабар жетіп жатыр. Тәуелсіздік атты қасиетті ұғымды ардақтайтын, Азат­тық атты алдаспан түсі­нікті ұлықтайтын сәтте жа­ңаөзендік кейбір ағай­ын­ның «бүйректен сирақ шы­ғарғаны» жанымызға шаншудай-ақ батып отыр. Бұл елдікке жатпайтын тірлік болды. Қа­зақ торқалы тойдың үстінде барлық өкпе-ренішін ұмытып, құшақтарын айқара ашып, «ұлыстың ұлы күні ғой» деп татуласып жататын. Қай қырсықтың шалғанын қайдан білейік, осы жолы бәрі керісінше орын алып тұр. Қазақшылыққа жатпай­тын үрдісті көріп отырмыз. Теледидардан көрдік, жігіттер қарсы келгеннің бәрін жайпап бара­ды. Тәуелсіздікке тәу еткен елдің тауын шақты. Ел болып тойлап жат­қан егемендіктің мерекесін берекесіз етті. Оны айтасыз, адам­дар­дың қаны төгілді. Он адам о дү­­ние­лік болды дегенді ай­тып жатыр. Не үшін? Осы­дан 25 жыл бұрын Ал­­­­­матыдағы Брежнев ала­ңын­да қан төгілген еді. Бірақ ол кезде азаттық аңсаған жас­тардың алдында мақса­ты болатын. Олар сол мақсаттың жо­лында жанын пида етті. Ал Жа­ңа­­­өзендегі не мақ­сат? Белгісіз. Белгілісі – жазықсыз адамдар опат болды. Жаңаөзен қаласындағы 46 ны­сан басбұзарлардан зардап шегіпті. Өзі шағын қала еді. 46 нысан де­геніңіз, қаланың басым бөлігі зардап шекті деген сөз. Қаланың орта­сындағы қо­нақ үй өртеніпті. Әкім­дік ғима­раты да басбұзарлардың на­зарына ілігіпті. Құқық қорғау қыз­меткерлеріне шабуыл жасалды дейді. Естіген ел жағасын ұстап отыр. Қазақстан жал­пы әлемге бейбіт, бірлігі жарасқан ел ретінде танылған. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақ хал­қы да ту­мысынан қақ-соқпен жұмы­сы жоқ, көрші-қолаңымен тату-тәтті ғұмыр кешетін халық. «Алыс­тағы ағай­ын­нан жаныңдағы көр­шің ар­тық» дейтін қазақ нақақтан-нақақ ешкім­нің басын жарып, көзін шы­­ғар­­май­ды. Жаңаөзенде жазық­сыз адам­дардың қаны тө­гілді. Қазақ­шы­­­лық­қа жат­пайтын құбы­­­лыс деп отыр­ғанымыз да осы. Жалпақ жұрт мұны «мұнайшылардың әреке­ті» деп жатыр. Солай бол­ған күннің өзінде мұнай­шы­­лар дәл бұлайша елдің көңілін мұңайтпауы керек еді. Наразылықтың барын білеміз. Дегенмен, үш ай бойына жұмысқа барм­а­ған адам Еңбек кодексі бой­ынша жазаға тартылып, жұмыстан шыға­ры­латынын олар да білетін еді ғой. Сондықтан олардың осылай бү­­лік шығаратын реті жоқ-тын. Кей­бі­реу­лер Жаңаөзендегі бүлікке дін өкіл­дерінің қатысы барын да ай­тып қа­лып жатыр. Әйтеуір, ел іш­інде әңгі­ме көп. Оның ақ-қа­ра­сын айы­рып, кімнің ұйымдас­ты­рып, қандай жаз­а­ға тартылатынын құ­қық қорғау қыз­меткерлері анықтайды. Біздіңше, айрандай ұйыған қа­зақ жұртының ауызбірлігі әлдекім­дерді май жұтқандай мазалайтын секілді. Сондықтан Тәуелсіздіктің торқалы тойының қарсаңында ел арасына іріткі салып, халықты ар­ан­датып, берекемізді қашырғысы келгендей әсер береді. Дәл Тәу­елсіздік күні осындай жағдайдың орын алуы бізді жоғарыдағыдай ой­лауға мәжбүр етеді. Сонан соң шеруді қанға ұлас­­тыр­май, тыныш, бейбіт түрде де өткі­зу­ге болатын еді ғой. Бірақ олар аран­датушылық әрекетке барды. Мұның бәрі бекер емес. Оның артында Қа­зақстанның жетістігіне көз алартқан қызға­ныш­тың табы байқалады. Бәрінен бұрын жазықсыз адам­дар­дың жапа шеккені қинайды. «Бас жа­­­рылса, бөрік ішінде» дейтіндей емес. Кінәлілер жазасын тар­­туы керек. Ал жалпы қазақ жұр­ты мұндай арандату әрекеттерге аса сақтықпен қарағаны дұрыс. Өйт­ке­ні, таразы ба­­сында біздің тәуелсіз­ді­гіміз бен тұтастығымыз тұр. Ба­тыр Бауыр­­­­жан Момышұлы «Тәр­­­­­­тіп­­­с­із ел, тәр­­­­тіпке бас иген құл бол­­­­­­май­ды», деген. Сондықтан бар­­­­­­­лы­ғымыз елі­міздің заңына бағынайық. Ернияз БАЙБОСЫНОВ, құқық қорғау саласының ардагері. Қызылорда.