• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Шілде, 2018

Мамандық таңдау – келешегіңді таңдау

2216 рет
көрсетілді

«Білім – ер азығы, ер – ел қазығы». Елбасы еліміздің ертеңі адам капиталы екеніне ерекше басымдық беріп отыр. Бұл білімді тал бесіктен жер бесікке дейін іздеуді, яғни өмір бойы оқуды қажет етеді. Бірақ шексіз оқу болса да, тексіз оқу жоқ. Қоғамның кетігін тауып, бір кірпіші болып қалану, қоршаған ортаңнан орныңды сайлау үшін де бір мамандыққа құрық салып игеру қажет. Бұл ретте қазақстандық жас буын қай мамандыққа құштар деген са­уал туады. Әрине кейде қалаған мамандыққа қол жетпейді немесе ата-ананың ақылымен, тіпті құрбылас қатарларының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар. Олардың бәрі бірдей ертең еншілеген дип­ломын кәдеге жаратып, таңдаған мамандығының етегінен ұстай бермейді. Бұл тасқа жазғанмен бірдей жастық шақта оқыған оқудың бекер болғанын білдірсе, қартайғанда оқыған оқуы мұзға жазғандай миына қонбау қаупі тағы бар. Яғни хәкім Абай айтқандай «қо­лын мезгілінен кеш сермеп» қал­мау үшін қарекетке көшкен абзал. Өйткені өмір табалдыры­ғынан аттаған жастың жанына жақын мамандыққа ер салуы ертеңгі күнге сеніммен нық қадам басуына да алғышарт болары анық.

Ұлттық тестілеу орта­лы­ғының мәліметі бойынша, биыл 98 698 түлек ҰБТ сына­ғына қатысты. Олардың 75 про­цен­тінің тестілеуді қазақ тілінде тапсыруы қуантады, себебі риясыз ұлттық кадр осылардың ортасынан өнеді. Сынақ қорытындысы бойынша шекті деңгейден 84 065 түлек, яғни 85,2 проценті өтті. Енді бұл бозбалалар мен бойжеткендер білім гранты байқауында бақ сынайды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуына сүйенсек, ағымдағы жылы «математика-физика» комбинациясын 26 359 адам таңдаған. Бұл барлық тест тапсырушылардың 26,7 процентіне тең. Ал «химия-физика» пәндерін таңдаған мектеп бітірушілердің үлесі 393 адамды құрайды. Яғни бар-жоғы 0,4 процентті көрсетіп тұр. Аталған пәндер бойынша тестілеудің шекті балын жинаған талапкерлер үшін осы жылы жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі жоғары. Өйткені Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша 20 мың білім гранты бөлінгені белгілі. Білім және ғылым министрлігі оның 16 мыңы бакалаврға арналатынын, соның ішінде 11 мың оқу гранты техникалық мамандықтарға бөлінетінін хабарлаған болатын. Бұл орайда ақпараттық технологиялар, робот техникасы мен нанотехнологияларға басым­дық беріліп отыр. Яғни биыл­ғы талапкерлер үшін келешек­тің көкжиегін көруге мемлекет­тің өзі мүмкіндік жасап, қол­дау көрсетуде деуге болады. Бұл бүгінгі буынға зор жауапкер­шілік жүктелетінін байқатады. Ел­басының биылғы төртінші өнер­кәсіптік революция аясын­дағы дамудың жаңа мүмкін­дік­терін саралаған Жолдауында да жаһан жұртының жаңа бағытын тап басып талдап, түсіндіріп беруі болашаққа қажетті маман­дық­тардың бағдары іспетті әсер қалдырады.

Бір сәт бұған дейінгі мамандық таңдаудың тарихына көз жүгіртіп көрейікші. Қазақ халқының ғасырлар бойғы кәсібі, тіршілік көзі яки мамандығы – мал шаруашылығы болғаны белгілі. Сондықтан бүкіл өмір сүру пәлсапасы төрт түлікке байланысты өрбіді. ХІХ ғасырда халықты бұратана ретінде ноқталаған саяси кеп жалпы бұқара үшін тілмәш болуды, яғни орыс тілін меңгеруді алға шығарды. Мұны сол замандағы Абай, Шоқан, Ыбырай сияқты қазақтың ұлы ағартушылары да сан қырынан айтты. Соның нәтижесінде қазақтың оқығандары көбейіп, олар тарихтың аумалы-төкпелі тұсындағы миссиясын лайықты атқарды. Ілім мен білім орыс жұртында екендігі ХХ ғасырда социализм көлеңкесінде күшейтіле насихатталып, бұйрық райындағы барлық әкімшілік ресурс іске қосылды. Дегенмен, кеңестік кезеңде Қазақстанға қатысты таңылған аграрлық саясат ұстанымы жалпы жұрттың негізінен мал дәрігерлігі мен агроном мамандығын оқып-тоқуына кеңінен жол ашты. Тіпті ғылымға бет алған жастарды да бұрып әкеліп мал соңына салуға құмбыл сыңаржақ бастамалар комсомол жастардың ұраны болды. Ал тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары қалыптаса бастаған нарықтық қоғам есеп-қисапқа жүйрігін де, көбейту кестесіне жоғын да қаржыгерлікті, ал гуманитарлық салада заңгерлікті таңдауын сәнге айналдырды. Зардабы көп күттірмей білінді. Табақтай дипломы бар жұмыссыздар қатары толыға түсті.

Әлбетте әр баланың қабілеті мен білігі бірдей емес. Бүгінде осы тұрғыдағы саралауға қайта оралып, Президенттің пәрменімен мемлекеттің алғашқы мамандықты тегін беру мақсатында кәсіптік техникалық білім беруіне жол ашылды. Сол сияқты жоғары оқу орындарындағы бакалаврлық, магистрлік, PhD докторлығына бөлінетін мемлекеттік гранттар саны да арта түсті. Бұл өз кезегінде маман тапшылығын жоюға мүмкіндік береді, дейді Білім және ғылым министрлігінің өкілдері. Сарапшылар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, нақты экономика салаларында, өндіріс орындарында тапшы мамандар қоғамға белгілі болғанымен, талапкерлердің таңдауы көп ретте қаржы табуға қолайлы мамандықтарға ойыса беретінін айтады. Айталық, қазіргі кезде Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде де, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде де студенттердің дені – қыздар. Ал ауыл шаруашылығы мамандарының нәпақасы түзде. Бұл мемлекет қаржысына мамандық алған жастардың басым бөлігінің мемлекеттік тапсырыс аясындағы міндеттемелерін орындамауына негіз қалайды. Жалпы ауылшаруашылық саласында «Болашақ» бағдарламасымен шет елдің үздік оқу орындарында білімін жетілдіру мүмкіндігі өте кең екенін ескерсек, ел экономикасының драйверіне баланып отырған агроөнеркәсіптік кешеннің білікті маманы болуға да, жақсы табыс табуға да әбден болады. Бұл жайт білім гранты көп бөлінетін білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандарына да қатысты. Қоғамдағы мұғалім мен дәрігерге қалыптасқан қасаң көзқарастың шырмауынан шыға алмағандықтан білімді талапкерлер аталған салалардағы мамандыққа құжат тапсыра бермейді. Бұл үрдісті тежеу үшін бүгінде ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы жетекші емдеу орталықтарында гематолог, аллерголог, балалар педиатрі сияқты салалық дәрігерлердің қат екенін айтар едік. Ал осы санаттағы санаулы дәрігерлердің қабылдауына жазылушылар шектен тыс болғандықтан, беделді һәм коммерциялық медициналық орталықтар оларға жоғары жалақы төлейді. Сондықтан мамандық таңдауда сұранысқа ие мамандарға сараптама жасай білу, келешектегі көкжиекті көру білудің маңызы жоғары.

Сондай-ақ туабітті талант пен дарынды немесе белгілі бір қызығушылыққа құштарлық пен бейімділікті де тұншықтыруға болмайды. Бала кезден бірге келе жатқан қасиет өмірлік азық болуы мүмкін. Мәселен, бүкіл әлем көз тігіп отырған бүгінгі электромобилдердің алғашқы қозғалтқышын құрастырушы – оқушы. Кейіннен «Тесла» электрокарының двигателін жасаған америкалық конструктор Джей-би Штробель 13 жасында-ақ жертөледегі химиялық зертханасында түрлі тәжірибе жасап, қоқыстан тауып алған ескі голф-карттың электрлі моторын қайта құрастырып шығады. Осылайша хоббиін жетілдіре келе, энергетикалық жүйе мен инженерлік жобалауды үйлестірген әйгілі инноватор-конструкторға айналды.

Әрине, Джеймс Уатт XVIII ғасырдың ортасында бу машинасын ойлап тапқаннан бергі технологияның дүмпуі тек үдей түскенін ескерсек, кез келген салада жаңа технологияны меңгерген маманның бәсекелестік бәсінде ұпайы түгел. Бұған бүгінгі трендтегі цифрлы технологиялар бойынша заманауи үрдістерді, озық ғылыми болжамдарды сипаттайтын һәм талдайтын америкалық журналистер Эрик Бриньолфсон мен Эндрю Макафидің «Машинаның екінші дәуірі», Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумның негізін салушы әрі жетекшісі Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» сияқты еңбектері мен жаһандық инновациялық технологияларды құрушы Илон Маск, Стив Джобс, Джек Ма, Джефф Безос, Ларри Пейдж сияқты танымал тұлғалар туралы іскерлік әдебиеттерді оқушылар анық көз жеткізе түседі. Бұл барлық жұмыс орнына ауқымды мүмкіндіктермен қатар қауіп те туғызып отырған автоматтандыру һәм цифрландыру дәуірінде кез келген жеке тұлғаның жан-жағындағы жедел өзгерістерді түсінуі мен түйсінуі және тас-түйін даяр болуы үшін өзін өзі дамытудың алға шыққанын көрсетеді.

«Мың ділдә – білімдінің жалғыз сөзі». Қысқасы, мамандық таңдауда қателеспеген жанның қаруы осы тәмсіл болары анық.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»