• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 14 Тамыз, 2024

Адал еңбектің жампозы

219 рет
көрсетілді

«Амалдар ниетке қарай бағаланады» дейді асыл дініміз. Расында, биік мақсаттарды көздеген кісінің ғана нақты жетістіктерге жететіні сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сондай асыл мұраттардың иесі. Мұрат Сәмбетбайұлы Қалматай Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Хантауы кентінде дүниеге келген. Сол кездегі көнекөз қариялар (дәл сол Хантауы аулынан аз ғана қашықтықта) Қозыбасы деген алқапта алғашқы Қазақ хандығының туы тігілгенін айтып отыратын. Туған өңірінің тарихы туралы әңгімеге қанығып өскен бала Мұрат кішкентайынан «Шежірелі туған жерімді көркейтуге өз үлесімді қоссам ғой, шіркін!» деп армандайтын.

Керей – Жәнібек сұлтан­дар­дың Мойын­құм өңіріндегі Қозыбасы деген дарқан алқап пен Шу өзе­нінің қос қапталын бойлай отырып, Қазақ хандығының алғашқы туын көтергенін естіген сайын әлгі биік арман-мақсатына одан әрі беки түсетін. Мұраттың болашақ елшіл тұлға болып қалыптасуына ол оқыған мектеп аудан ғана емес, сол жылдары облыс бойынша үздік мектептер қатарында болуы да өлшеусіз үлесін қосқан еді. Атап айтқанда Көктерек аулындағы (Бірлік селосы) С. Киров атындағы орта мектеп, расында білім жолындағы алғашқы баспалдағындай болды.

Осы мектепті үздік бітір­ген ­жас талап­кер Алматы қаласын­дағы Қазақ ауыл ша­руашы­лы­ғы институтының инженер-ме­ханик даярлайтын факультеті­не оқуға түс­кен еді. «Ару қала – Алматыдағы студент­тік жылдарын білім алуға ғана жұмсап қоймай, Мұрат Қалматай рухани жағынан да барынша жан-жақты ілім жинауға тырысатын. Сол кездері астанамызда көптеп өтетін рухани жиындарға қатысуға күш салушы еді. Әсіресе филология ғылымдарының докторы, академик Әлкей Марғұланның жа­рия­лаған ғылыми тұжы­рым­дары студент жігіт­ті ерекше ойландыратын. Қазақтың бір­туар ғалымы Әлкей Марғұлан кейбір лек­цияларында, кезінде өзі басшылық еткен Оңтүс­тік Қазақстан археологиялық экспедициясының Мойынқұм ауданына барып, алғашқы Қазақ хандығы дәуі­рін­дегі біраз тари­­хи қалалар мен қорған, бекі­ніс­тер­дің сырын зерттеп қайтқа­нын егжей-тегжейлі түрде баяндаушы еді», деп атап айтылған «Қазақстанның Алтын кітабы» атты энциклопедиялық еңбекте. Бұл кітап­қа енген Мұрат бауырымыз туралы мақала «Еленген еңбек» деп аталады. Өкінішке қарай, аталған экспедицияның жұмысы жайында қарапайым халық біле бермейтін. Ал сол жылдардағы оқушы Мұрат болса, бұл ғылыми сапар жөнінде (сол кездері кеңшар басшылы­ғы­ның құрамында жұ­мыс істеген) әкесі Сәмбетбайдан шет жаға­­лап естігені бар. Бірақ ресми Мәс­кеу ұлттық республикалар­дың шынайы тарихын бұр­малап «Қазақтарда өз мемлекеті бол­ған емес, тек патшалық Ре­сей­ге қосылғаннан кейін ғана ұлт екенін білді» деген саясат жүргізіліп келген еді. Осындай жымысқы саясаттың кесірінен Әлкей Марғұлан тобының архео­логиялық ізденісі мен жұмысы да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпы жұртшылыққа кеңінен танысты­рылмады. Яғни археологиялық аудито­рия­лар ғана қол жеткізе алатын, таралымы шек­теулі ғылыми басылымдарда там-тұмдап болса да жарық көрген-ді. Сондықтан болар студент Мұраттың рухани таңғалысында шек болмады. «Демек аталарымыз айтқан және ертіп барып балаларға көрсеткен көне қалалардың үйінді жұрттары терең тарихқа куә болып жатқан екен ғой. Институтты бітірісімен туған өлкеме барып, оның одан әрі маңызының артып, гүлдене түсуіне өз үлесімді қосуым керек» деген баяғы арманына одан әрі беки түскені есте.

Сонымен, 1977 жылы дипломын алысымен Мойынқұм аудандық атқару комитетіне қарасты Азаматтық қорғаныс штаб басшысы қызметіне кірісіп кеткен еді. Осы қызметінен бір көрініс әлі күнге елдің есінде. Шалғай ауданмен арадағы байланысты нығайту мақсатында Жамбыл облысының орталығынан Мойынқұм ауданының сол кездегі орталығы Фурмановка селосына ЯК-40 ұшағының қатынауына мүмкіндік жасау керек болды. Осы жұмыстың басшылығына тағайындалған Мұрат Қалматай барлық мүм­кіндікті жұмылдырып, аянбай тер төкті. Ұшақтың қону алаңын мықтаудың біраз жолын зерттеді. Алайда алғашқы сынамалық байқау мұндай сусымалы құмды алқапқа ұшақ қондырып, ұшырудың аса күрделі шаруа екенін көрсеткен еді. Дегенмен Мұрат Сәмбетбайұлы алған бағытынан қайтпады. «Академик Марғұлан айтпақшы, бір кездері санаулы қолымен келіп, Керей – Жәнібек бабаларымыз болашақ Қазақ мемлекетінің іргесін қалаған Мойынқұм жеріне біз тіпті ұшақ қондыра алмасақ кім болғанымыз?» деген берік ұстаныммен жұмысын табанды түрде одан әрі жалғастырды. Санаулы айлар ішінде жаңа инженерлік-конструкторлық із­де­ніс өз жемісін беріп, ұшу-қону алаңы іске қосылған еді.

Сондай-ақ Жамбыл кең­шарының авто­гараж меңгерушісі болып жұмыс істеген жылдары да қажырлы еңбекке толы еді. Салғырттықтың себебінен шашырап кеткен автокөліктер мен олардың бөл­шекте­рін мұқият жинақтап, ауыл тұр­ғындарына зор қолғабысын тигізген-ді. Ал 1987 жылдан бастап, Мойынқұм аудандық автобаза меңгерушісі болып жұмыс істеген 10 жы­лының орны тіпті ерекше. Аудандағы бар­лық малшылардың жайлауы мен қыстауы­на оларға қажетті тұрмыстық және кәсі­би тауарларды уақтылы жеткізіп тұруды тікелей қадағалап, қолынан келген барша көмегін аямайтын. «Сондай қызметтік сапарларында бес ғасыр бұрынғы, ықылым заманнан ескерткіш болып қалған «Аяқ Ақтөбе», «Бала Ақтөбе», «Орта Ақтөбе» қалаларының жұрттарын жағалап өтуші еді. «Қолдарында бірде-бір ауыр техникасы болмаған ата-бабаларымыз мынандай ерекше қалаларды қалай салған?», деп қайран қалғаны есінде. Мұрат Сәмбетбайұлы осындай рухани өсуі арқылы халыққа қолғабы­сын тигізу ісіне одан бетер ықыласпен кірісе­тін. Табиғатынан сабырлы әрі ыждағат­ты мінезге ие осы бір еңбекқор жан екінші жағынан тым биязы да еді. Әлгіндей рухани ширығыс пен адамгер­шіл ұмтылыс оның ішкі жан дүние­сіндегі жанартаулардай еді. Ал күнделікті өмірде Мұрат Қалматай – өз еңбегін ешкімге міндет етпейтін, атақ-даңққа ұмтылмайтын, ықпалдыларға жағына қоймайтын қоңыр мінездің иесі. Осылайша, ол 1997 жылға дейін Мойынқұм ауданының өркендеп өсуіне, отбасыларының бақытты өмір сүруіне өз үлесін қоса білді», делінген «Қазақстанның Алтын кітабында».

Тәуелсіздік жылдарында Мұрат Сәмбет­байұлы қызме­тін көр­шілес Шу ауда­нында жал­ғастырды. Бұл екі аудан 1965 жыл­ға дейін біртұтас Шу ауданы, оның орта­лы­ғы Бірлік аулы болатын. Дәл сол Бірлік аулы, яғни Көктерек кеңшарындағы мектеп табалдырығын алғаш аттап, оны үздік бітіргені де кейіпкеріміз­дің рухани құндылыққа деген құрметін үстей түссе керек. «Ең бастысы, тарихи жағынан да бұл қос аудан бір-бірімен сабақтас. Атап айтқанда, алғашқы Қазақ хандығы Шу өзенінің орта және төменгі сағасында құрылған еді ғой. Келесі байланыс – атақты Аңырақай шайқасы тарихы. Ол аймақ шамамен Қордай жерін­дегі Аңырақай тауларынан бас­талып, Шу алқабын қамти өтіп, сонау Мойынқұм төріндегі Хан­тауы бөктеріне дейін жалғасып, жеңіспен аяқталғаны белгілі. Қазіргі Қордай, Шу және Мо­йын­құм аудандары даласында. Ғұлама тарихшы Мұхамед-Хай­дар Дулатидің жазуынша, Аңы­рақай шайқасы 1456 жылы орын алған екен», деп сипатталған «Алтын кітапта». Жастайынан тарихи сабақтастыққа жаны жа­қын болып өскен Сәмбетбайұлы, сондықтан да аталған шежірелі жерге де өз маңдай терін сіңіргенді жөн көрсе керек.

Мұрат Сәмбетбайұлы ұрпақ­тарының елшіл, рухани жағынан бай болып өсуіне үнемі күш салып отырады. Аяулы жары Шәрбану Ләтіпқызы екеуі балалары мен немерелерін еңбекқор­лық пен адалдыққа баулыды. Ел тәуелсіздігі үшін жанын құрбан еткен Қайрат Рысқұлбековтей есіл ердің өз аулынан екенін олар мақтан тұтады. Екі мәрте Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев пен оның шәкірттерінің еңбек етуіне жағдай жасаушылардың бірі болғанына кейіпкеріміз үнемі шүкір етеді.

                        

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі