• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Шілде, 2018

Серпінді даму жолы – цифрландыру

314 рет
көрсетілді

Қостанайлық ди­қан­дар жаздың ортасын­да Федоров ауда­нын­дағы «Трояна» жауап­кершілігі шек­теулі се­рік­тестігінің егіс алқабындағы басқосуын «Ал­қап күні» деп атады. Биыл диқандарды көктемнің кеш шы­ғуына байланысты тұқымның кеш себілуі, күннің де кешеуілдеп қызуы алаңдатқан еді. 

Алайда көктем кешік­ке­німен, егіннің өсуі нашар деп айтуға бол­майды. Де­ген­мен, шілденің күрт ысы­ған шіліңгір ыстығы егін ал­қап­­тарына аса қолайлы тие қой­майтыны да жер бақ­қан қау­ым­ға тағы анық. Диқан­дар мен мамандар, аудан әкім­дері қатысқан кеңесте ауыл шаруашылығының алты ай­лық қорытындысы туралы ха­­бар­дар еткен облыстық ауыл шаруашылығы бас­қа­р­ма­сы басшысының мін­де­тін ат­­қарушы Сембай Сағын­ды­қов­тың ақпаратында өңірдегі егіс алқабының бүгінгі жағ­да­йына қатысты күдіктен үміт ба­сым болды.

– Барлығы 4 млн 48 мың гек­тар дәнді дақыл алқа­бы­ның қазір 3 млн 93 мың гек­тары, яғни 76 пайызы жақ­сы жетіліп келеді, 940 мың гек­тары орташа, 14 мың гек­та­ры өте нашар деуге бо­ла­ды. Ал 426 мың гектар ма­й­­лы дақылдардың 79 процентінің көгі жақсы, 20 проценті орташа жетілді, – деді Сем­бай Сағындықов. Облыс өңі­ріндегі шаруашылықтарда егін алқаптарын күту-баптау жұ­мыстары үзбей жүргізіліп ке­леді. Қазір арамшөпке қар­сы 3,4 млн гектар, өсімдік зиян­­кестеріне, оның ішінде ше­гір­ткеге қарсы 89 мың гектар жер өңделген.

«Алқап күні» кеңесінде диқандар әңгімесі шыққан егін­нің статистикасынан гөрі агро­өнеркәсіпті бәсекеге те­геурінді ететін болашақтың қа­мына ауысты. Озық технологияларды енгізгенде диқанның еңбегі жеңілдеп, маңдай терінің қайтарымы молаятынын уақыт меңзеп отыр. Оны осы кеңесте облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұханбетов те айтып өтті.

Агроөнеркәсіп кешені­н­дегі көптеген проблемалар ауылшаруашылық те­х­ника­ларын жаңаламай, цифр­лы тех­нологияларды бел­сен­ді ен­гізбей, тұқымды жақ­сарт­­пай, топырақты құнар­лан­дыр­май, инвестиция салмай шешімін табуы мүмкін емес. Осы мәселелердің жо­лын қарастыру үшін өз жұ­мы­сын озық технологиялар­мен ұштастыра білген «Троя­на» шаруашылығының алқа­бы­на жиналдық, деді Ға­уез Торсанұлы. Шараға жи­нал­ғандар алдымен ша­руа­шылықтың жерді құнар­лан­дыр­удың озық технологиясын ен­гізуде пайдаланылған үздік тех­никалар көрмесін қарады.

«Алқап күніне» Астана­да­ғы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­­ситетінің проректоры Қай­рат Айтуғанов және осы бі­лім ордасының Техникалық фа­культетінің деканы Сая­хат Нүкешев қатысты. Егін ша­руа­шылығына цифрландыру және өзге де озық техноло­гия­ларды барынша енгізу үшін білім ордасы 2015 жыл­дан бері жұмыс істеп ке­ле­ді. Университет биыл «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» АҚ-пен бірлесіп, көктемгі да­ла жұмыстарын ғарыштан ба­қы­лау технологиясын қол­ға алды. Сонымен қатар жыл сайын елді мекендерді әбі­гер­ге салатын қар суының ба­ғытын бақылап, оны егін ша­руашылығына тиім­ді пай­даланудың да мер­зі­мі жет­кенін универ­ситет ға­­лым­дары айтып отыр. Ең бас­тысы, жоба­ны қаржылай қол­дау жө­нінде Азия даму банкі­нің өкіл директоры Джо­ва­н­ни Капаннеллимен ке­лі­сімге қол жетті. Бұл қа­нат­қақ­ты жоба бойынша жұмыстар Қос­та­най облысы әкімі Ар­хи­мед Мұхамбетовпен бір­лесе жүр­гі­зі­ле­тін болады.

Агроөнеркәсіп кешеніне ци­фр­ландыру технологиясын кеңінен енгізуде Қазақ агро­техникалық университеті ғы­лыми-әдістеме орта­лы­­ғына айналды. 2017-2021 жылдарға арналған агро­­өнер­­­кәсіпті дамыту мем­­­ле­­­кет­­тік бағ­дар­ламасын жа­сауға бел­сене қатысқан ғалым Қай­рат Айтуғанов оның жүзеге асуына, шаруа­шы­­­лықтар ара­сында кең та­ра­­­луына үл­кен шараларды ба­ғыт­­тап отыр. Облыстық әкім­дік­тер ұсы­ны­сымен Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қа­зақ­­с­тан және Қос­танай об­лыс­­та­рынан 9 қа­натқақты шаруа­шы­лық алын­ды.

Қостанай облысынан енген «Олжа-Садчиковское» және «Трояна» жауап­кер­ші­­лігі шектеулі серік­тес­тік­­тері цифрландыру тех­но­ло­­гиясының кереметін әл­­ден-ақ тани бастады. «Троя­­на» шаруашылығында озық технологиялардың ар­қа­­сында бидайдың гектар ай­налымының орташа көр­сеткіші 26-27 центнерден кел­ген. Сонымен қатар бі­лік­­ті бас­шы, кәнігі диқан Юрий Ма­лышко бастаған шаруа­шы­лық мамандары нарықты же­те зерттеп, соңғы жылдары алқапты әртараптандыру ісі­не барынша көңіл бөлген. 2016 жылы бидай барлық егіс алқабының 55 пайызын құ­ра­са, қазір 35 пайызына дей­ін төмендеді, оның есесіне бұр­шақ тұқымдастарда – 35, майлы дақылдардың кө­ле­мі 35 пайызға дейін жет­кізілді. Цифрландырудан да шаруашылық қаржы ая­ған жоқ, жаңалықты барын­ша ен­гізуге тырысады. Осыдан он­шақты жыл бұрын 5,5 мың гектар жерде 35 меха­ни­затор жұмыс істесе, қазір ал­қап көлемі біржарым есе өс­кен, оған барлығы 16 ме­ха­низатор дән сеуіп те, ас­тықты уақытылы жинап та үлгереді. Ал «адамдар жұ­мыс­сыз қалмай ма?» деген сауалға шаруашылық же­тек­шісі Юрий Малышко «өн­діріс жаңғыртылған, жаңа­лық енгізілген сайын адамдар жұмыссыз қалмайды, өз­ге жұмыс орындары пай­да болады» деп жауап берді. Бұл текке айтыла сал­ған сөз емес екен. Егіс алқа­бын әр­та­рап­тандырған шаруа­шы­лық­та қазір зығыр сабаны көп қа­лады. Оны шаруашылық ар­найы цехта өңдеп, одан кен­дір талшықтарын өндіреді де, қалған қалдықты отқа жа­ғады. Ол кәдімгідей отын ре­тінде пайдаланылады. Ал кен­дір талшығының тоннасын 150-160 мың теңгеден сатады, тапсырыс берушілер өз­дері алып кетеді. Юрий Ми­хай­ловичтің айтуынша, кен­дірдің өзіндік құны 60 мың теңге ғана.

Озық технологияларды ен­гізу үшін ең алдымен тех­ни­ка сай болуы керек. Ша­руа­­шылықта соңғы жылда көк­темгі дала жұмыстары мен күз­гі жиын-терімде барлық жұ­­мыс­тың атқарылу барысы кабинеттен бақы­­ланады.

– Агроном бұрынғыдай ал­қап кезбей-ақ, кабинетте ком­пьютерден қанша ал­қап­тың жыртылғанын, дән се­біл­генінін, механизатордың қанша сағат жұмыс істегенін немесе ұйықтап қалғанын – барлығын біліп отырады. Қаншама уақыт үнемделеді. Бір литр жанар-жағармай шығын бол­майды, – дейді шаруа­шы­лық жетекшісі Юрий Малышко. Цифрлан­ды­ру­дың арқасында соңғы жыл­дары ша­­­руашылық дәл егін­ші­лік­тің элементтерін батыл ен­гіз­уде. 400 гектардың то­пы­рақ құнарын саралап отыра­тын картасы жасалды, ол арқылы алқапқа қанша, қан­дай тыңайтқыш қажеттігін бі­ліп отырады, сол арқылы жұ­мыс­ты бағыттайды.

«Алқап күні» кеңесінде цифрландыру технологиясын ен­гізу ақпараты әр ди­қан­ға же­туі керектігі айтыл­ды. Ди­қан­ның озық тех­но­ло­гия­ның тиімділігіне көзі жет­се, оны игеруге, енгізуге деген тал­пыныс туады. Талпыныс бар жерде нәтиже де болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Федоров ауданы