• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2011

Иман ордасы

409 рет
көрсетілді

Атыраудың қысы құбылмалы. Көшеде аяғымның басын аяз бүріп тұр едім. Ділда апам жеңіл көліктен түсе берді. – Ақтөбенің Шалқарынан келеміз. Аудан орталығына жаңа мешіт салдырдым. Соны аштық, – дейді кейуана жүзінен нұр төгіп. Мына мейір қасат қардың өзін еріткендей. – Шырағым, біздің жасымызға келген адам алдымен Аллаға мұқ­таж болу керек, – дейді әңгімесін қысқа қайырып. – Мойнымдағы мін­детім еді. Әкем алдындағы па­ры­зым мен қарызымның бір пара­сын өтедім-ау деп келе жатырмын. Аллаға мұқтаж... Жүзімді құ­бы­ла­ға бұрып сөйлейін, Ділда апамның осы сөзі мені тосып тас­тады. Ой меңдеді. Өзімнің әлі күнге адам мен ақшаға мұқтаж болып жүр­геніме ұялдым. Қанағаты қаш­қан, обал мен сауабы ортайған ортама қоңылтақси қарадым. Қақаған қыста қара суықты қақ жарып, алыс ауданнан оралған сексеннің сең­гі­ріндегі кейуананың қайратын айт­саң­шы! Әр сөзі ел-жұртқа иман үлес­тіргендей жанның жұмсақ лебізін айтсаңшы! Лүп еткеннің бәрін ызғар көретін біз сияқтыларға мұнан асқан өнеге болар ма?! Ертеректе Ділда апам шежірелеп айтқан өмірдерек оқиғасы жадымда қайта жаңғырды. Иә, Мәтекең... Заманында Шалқарда мешіт ұс­таған, «Құран-кәрімді» қазақ тілінде сөйлеткен бірегей тұлға. Орташа дәулет иесі. Төңкеріске түсіп, қазақ даласын кезген қызыл құйын, ақ бораннан әупірімнің күшімен аман қалған. Іргелес Арал жеріне ауып қонған. Барыңда баптайтын ағайын жақсы ғой... Жоғыңда таптауға әзір тұратыны да табылады. Соның бірі тумалас Шақа еді. Кешегі 37-жыл­дың зобалаңында айқайға аттан қос­қан да сол болды. «Мәтей жасы­рынып жүрген жуанның сойы. Өзі өмір бойы мешіт ұстаған. Жаңа дәу­ірге жарқын үнін қоспайды. Кү­ніне күбірлеп бес уақыт намазын тастамайды. Маңдайын жайнамаздан ажыратпайды. Ниеті бұзық. От­анға деген оң көзқарасы жоқ» деп жоғарыға арызын айдаған. Әр ау­ылдан «халық жауын» іздеп қызыл өкше боп қыр кезіп жүргендерге мұнан асқан қандай олжа керек? Дереу тұтқынға алынып Магнитогорск асырған. Ері айдалып кеткен соң алшая қонған ақордасын ай­далаға тастап, аштықтың құрсау­ы­на түскен анасы жаяу-жалпы Шал­қарға жеткен. Қолындағы қос ал­тын білезікті татар саудагерге шешіп беріп, бір пұт тары алып қы­зы­ның аузына тосады. Әлсіреп аяғын ба­са алмай қалған қарғасына сөйтіп әл жинатады. Сол қыз Ділда апа еді. Анасы ақыры ерінің соңынан аттанады. Жат қала, жыртық ауызға жырық қасықпен ас құйып отырған жүдеу жұрт... Әйтсе де, орыс хал­қы­ның ешкімді жатсынбайтын кең мінезі бар ғой. Кері теппеді. Бір кездесуге барғанында түрмедегі әке­сі анасына «Қарны ашып жүр ғой, қызыма берші» деп құдайы күлшедей нан ұсынған. Нан ішінде ішірткідей ғана хат бар екен. Әріп танып қалған қарғасы оны көшіріп пойызбен Мәскеуге, Калининге жібереді... Сол сәбидің періште көңілінің арқасы шығар, кешікпей әке де бостандыққа шыққан. Сол хат жазған қыз Ділда апа еді. Еркіндік алғанмен, үркек көңіл туған топыраққа тоқтатпай Өзбек­стан асырған. Жаппай еңбекке ара­ласып, несібе айырған. Аузы дуалы, сақалы киелі Мәтекеңді жергілікті жұрт «Молда аталап» алдын қия кеспейді. Сүрінгенге – сүйеніші, жабырқағанға – жәрдемі, ауырғанға – дұғасы әзір ақсақал сөйтіп елдің құрметіне бөленген. Аласа адамды тау басына шығарып қойсаң да – аласа. Ал, алып тұлғаны зынданға салып қойсаң да биік, еңселі. Араға ұзақ жыл салып, қашты-қудының құрығынан құтылған шақ­та бұл жанұя Шалқарымен қайта табысқан. Осы бір ғана шаңырақтың шыр­ай­ын қашырған зұлматты жазса, сол дәуірдің шындығы шырқырап тұрған дәу романға айналар. Қазақ әдебиетінің патриархы Әбдіжәміл Нұрпейісов: – Бала күнімде Мәтекеңнің қо­лына су құйғанмын, – деп отырады. Аузы берік жан осыны айтқанда нұрланып жүре береді. Мәтекеңнің жиені Иманғали Нұрғалиұлы: – Нағашы атам бүгінгі істі ер­теңге қалдырмайтын жылдамшыл да қайырымды кісі еді. Кеңес кезінде де мешіттен қол үзбеді. Таңер­теңмен атына мініп ауылды бір ай­налып шығатын. Ауылдың бар-жоғын түгендейді екен ғой, жа­рықтық, – десе, Ділда апам: – Әкемнің осы Иманғалиға ықы­ласы ерекше ауды. Осы неме­нің көзінде бөлекше нұр бар. Бетінен қақпа. Түбі бір жерден шығады деп отыратын, – деп сол бір сағы­нышты кезді аузынан тастамайды. Парыз бен қарыз. Әкеден қалған өнеге – парыз. Өне­генің үлкені – ата-ене сыйлау, ұр­пақ өсіру, шаңырақ ұстау. Ата-енесін келін боп әлпештегеніне мы­на ел-жұрт куә. Ұрпағы ұла­ғат­ты. Қа­ра орман – қара шаңырағы бү­гін­де әр қазақтың қызырлы ордасын­дай. Өзі пейілі мен мейірін кім-кімге де тең үлестірген ел Анасы. Мұ­хам­беттің үмбеті, Шадиярдың сәруары екенін жадынан шығарып көрген емес. Ал, қарыз ше? Ғұмыр бойы халқына иман үлес­тірген, замана желі ұйыт­қи соқ­қанда сыртқы сымбатын жо­ғалт­са да ішкі қымбатынан ажы­рамаған әке арманына адалдық. – Шалқарға барған сайын кішкене мешітке бас сұғып, өткен-кет­кен әруақтарға дұға бағыш­тай­тын­мын. Әкемнің табан ізі қалған құт­ты мекен ғой. Ендігі бар ойым кітап жазып жиған аз-кем қаражатым бар, балаларымның көмегі бар – бәрінің басын қосып бір үлкен мешіт тұрғызсам-ау дегенге бекінгенмін, – дейді Ділда апам сөзін сабақтап. Халықтан қолдау тапты. Ел-жұрт алқалады. Аз уақытта зәулім мешіт бой түзеді. Жанында Құрбан айт сынды діни мейрамдарда мүс­лимдерге дастарқан жаятын қосым­ша асүйі, жан-жақты жабдықталған медресесі де бар. – Төркініме ризамын, – дейді Ділда апам жылы жымиып. – Қа­қаған қысқа қарамай қалың ел боп алды­мыздан қаумалап шық­ты. Ме­шіттің ашылу құрметіне деп Жүсіп інім бір жылқы сойды. Сағынай інім бір ірі қара жаратты... Бүгінгідей әр түрлі діни ағым бе­лең алып тұрған шақта ата-ба­ба­мыз ұстанған Ханафи мәзхабы құт­ты­ха­насының тұсаукесеріне Аты­рау­дан бір­ге барған ардагер Амангелді Селбаев лебіз өрбітсе, Ақтөбе облыстық мәс­ли­хат хатшысы Бал­ғали Ордабаев, Шалқар ауданының әкімі Рахат Сы­дықов, Атырау об­лыс­тық теміржол бөлімшесінің бас­тығы Бөрехан Беркімбаев, кәсіпкер Қайыржан Балжігітовтер ортақ іске үнемі оң пейіл білдіріп жүрді. Ал Ақтөбе облыстық теміржол бөлім­ше­сінің бастығы Жарас Ізғұлов болса, мешітке «Нива» ав­токөлігі мен компьютерлер сыйлады. – Құрманғали мен келінім, қыз-күйеулер алып барған шапан мен пальтоны, костюм, көйлек, жаулық­ты ақсақалдар мен әжелеріне, аға-жең­гелеріне тегіс үлестіріліп бата­ла­рын алды,– дейді апам. – Ертеде мұны қолүздік деп атайтын, шырағым. Ел-жұрттың өтінішіне орай мешіт Мәтей Қоқанұлының атын иелен­ген. «Молданың аузында – Алла­­­ның аузы бар» дейтін Ділда апамның пейілі қасат қардың өзін еріткендей ғой. Күннің жылынып кеткенін қарашы.

Рахымжан ОТАРБАЕВ.

Атырау. ––––––––––––––– Суретте: Шалқарда ашылған Мә­тей Қоқанұлы атындағы жаңа мешіт.