• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Шілде, 2018

Заң қағидалары түсіндірілді

1517 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәс­лихатында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық және қылмыстық-процестік заң­на­маны ізгілендіруге бағытталған заңның негізгі қағидалары туралы айтты.

Марат Ахметжановтың ба­ян­­­дауынша, 31 шілдеде заң­ды күшіне енетін аталған заң Мем­лекет басшысының «Төр­тінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы дамудың жа­­ңа мүмкіндіктері» атты Жол­дау­ында көрсетілген тапсырма­ларын орындау мақсатында әзір­ленген.

– Әлеуметтік желілер мен бұ­қа­ралық ақпарат құрал­да­рында аталған заңның аясын­да ауыр қылмысы үшін сот­тал­ған 5 мың адамның бос­тан­дық­қа жіберілетіндігі туралы ақпараттар желдей есіп тұр. Бұл жазбаларда зорлық, то­нау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мен басқа да жәбірлеуге қатысты қыл­мыс­­тар келтірілген. Бірақ бұл шын­­дыққа сәйкес келмейді. Сен­сация іздегендер мәселенің бай­ы­бына бармаған. Заңды бар­­лығы бірдей оқымайды, ал ұш­қары пікір айтудан қы­м­сын­байды. Нәтижесінде қоғам дүр­­лігіп қалды. Ең бастысы, 5 мың қарақшы, зорлықшы, кі­сі өлтірушіні ешкім де босат­қа­лы жатқан жоқ, – деді Бас прокурордың орынбасары.

Брифинг барысында М.Ахметжанов кезекті сот-құ­қық­­тық реформалар аясын­да­ғы мемлекеттің қыл­мыс­тық-құқықтық саясатын ізгілендіру мәселелеріне тоқталды.

– Жалпы түзетулер Қыл­мыс­тық кодекстің 262 бабына, Қылмыстық-процестік кодек­с­тің 45 және Қылмыстық-атқару ко­дексінің 9 бабына енгізілді. Соны­мен қатар ауырлығы орта­ша және онша ауыр емес, кі­сі өліміне соқтырмаған 247 қыл­мыс бойынша баламалы жаза түрінде қоғамдық жұмыс алғаш рет енгізілуде. Бұл өз кезегінде сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайда­ла­нуға мүмкіндік береді, – деді М.Ахметжанов.

Бас прокурордың орынбасары қоғамдық жұмысқа тарту мәселесін түсіндіріп өтті. Мә­се­­л­ен, қоғамдық жұмыс адам өлі­мі, тіпті абайсыздықтан ту­ын­д­аған адам өлімі, өзге де ау­ыр, аса ауыр және балаларға қа­­­тыс­ты қылмыс жасағандарға қо­л­­­данылмайды. Жазаның мұн­­дай баламасын енгізудің се­­бе­бі бар. Бүгінге дейін онша ауыр емес және орташа ауыр қыл­­мыс­тарға жазаның 4 түрі қол­­да­нылып келді. Бұл – айып­пұл, бостандығын шектеу, бас бос­тандығынан айыру жә­не түзету жұ­­мыстары. Нә­ти­жесінде айы­ппұлдардың өзін төлей алмай отыр­ған адамдар болған, ал ауыр­­лығы орташа қылмыстар бой­ы­нша бостандығынан айыру шектік жаза ретінде қол­да­ны­лып келген.

– Соттар енді қоғамдық жұ­мыс­тарға тарту жазасын кө­­бірек қолданады деп сене­міз. Өйткені мұндай жазаға кесіл­ген­д­ер ауылдар мен қалаларды абаттандыруға үлес қосар еді. Біздің болжамымыз бойын­ша, жыл сайын қоғамдық жұ­мыс­қа 1 мыңдай жазасын өтеу­ші тартылуы мүмкін, – деді М.Ахметжанов.

Оның мәлімдеуінше, атал­ған заң бойынша айып­пұл­дың ең төменгі көлемі 500-ден 200 АЕК (1,2 млн теңгеден 481 мың­ға дейін) және оны төлеудің мер­­зі­мі 6 айдан 3 жылға дейін ұзар­­тылды. Бұл мыңдаған аза­мат­тарға айыппұл көлемін жә­­не өтеу мерзімін ұзарту бой­ын­­ша сотқа жүгінуге құқық бере­ді. Сон­дай-ақ меншікке қарсы, эко­­номикалық және кейбір қыл­­мыс­тар бойынша ірі және аса ірі залал мөлшері 2 есеге дей­ін жо­ғарылатылды. Оның да өз талабы бар.

Міне, осы ізгілендіру 5 мың­ға тарта адамға ықпал ет­ке­­німен, олардың барлығы бір ме­­зетте босатылмайды. Атап айт­­қанда, бұл үрдіс кезең-кезе­ңі­мен жүргізіледі. Оған қоса сотталғандардың бір бөлігі, жазаның едәуір бөлігін өтеген, сондай-ақ залалдың орнын толтырған және жүріс-тұрысы оң тұлғаларды сот сол мезетте босатуға құқылы. Ал басқа сот­талғандарға жаза мерзімін тө­мендетеді, жазадан шартты түр­де мерзімінен бұрын боса­ту мен жазаның өтелмеген бөлі­гін неғұрлым жеңіл жазамен ауыс­тыруға жақындатады.

Баспасөз конференциясын­да ауыр қылмыстар – кісі өл­тіру, зорлау, азаптау, экс­тре­мизм мен терроризм жә­не қыл­мыстың ұйымд­асты­рылған түр­лерін жа­сағандарға ізгі­лен­діру қолда­ныл­майтын­дығы айтыл­ды. Бұ­дан бөлек заң мер­зімінен бұ­рын босаған тұл­ға­лардың жауап­ты­лығын кө­теріп, рецидивті құқы­қ­бұзу­шы­лықтар мен масаң күйде құқық бұз­ғандарды жазалаудың қо­сым­ша түрлері мен әдістері енгі­зілмек. Сондай-ақ елімізде соңғы жылдары ға­на 8 түрме жабылып, осы қыс­қартулар арқылы жыл сайын қазынаның 12 млрд теңге қар­жысы үнем­деле бастаған.

Бас про­ку­ра­ту­раның мәліметтеріне қа­ра­ғанда, еліміздегі реформалар жүргізілген жылдары елдегі қыл­мыстылық деңгейі 7-10 пай­ызға төмендеген. Ал 2012 жылдан бастап түрмедегілердің саны 19 мыңға төмендеген (52 мы­ңнан 33 мыңға). Бірақ бұл криминогенді жағдайға кері әсе­рін тигізбеген. Нақтырақ ай­тар болсақ, 2012 жылмен са­лыс­тырғанда 2017 жылы ауыр және аса ауыр қылмыс саны 22 процентке, зорлау 43 процентке (2,3 мыңнан 1,3 мыңға) және қарақшылық 59 процентке (1700 мыңнан 700-ге) азайған.

Марат Ахметжанов журна­листер сауалдарына жауап бере отырып, белгілі спортшы Денис Теннің қазасына қатысы бар деген күдікпен тағы бір адамның қа­мауға алынғандығын атап өтті. Күдікті қылмысты хабар­ла­мағандығы үшін айыпталуда.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»