• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2018

 «Семей – Қайнар» жолына уәде етілген 900 миллион теңге әлі бөлінген жоқ

1163 рет
көрсетілді

«Қайыршыға жел қарсы» дегендей, 40 жыл ядролық сынақ полигонының зардабын тартқан Абыралы өңірі тұрғындарының бас ауруына айналған «Семей – Қайнар» жолының жыры тау­сыл­май-ақ қойды. Дәл осы жолға келгенде кедергілер көбейіп кетеді, біресе қаржы жетпейді, біресе бөлінеді делінген ақша бөлінбейді.

«Қаншама халықты алдап отыр ма?»

Республикалық маңыздағы 300 шақырымға жуық жолдың аянышты жағдайын, соңғы рет 1990 жылы Абыралы ауданы құрылған кезде асфальтталғанын, содан бері, яғни 28 жыл бойы жөнделмегенін, тұрғындар айналдырған 270 шақырым жолды 6-7 сағат жүруге мәжбүр екенін газетіміздің 2017 жылғы 20 қарашадағы нөмірінде жарық көрген «Абыралыға баратын кім бар?» атты мақалада тәптіштеп жазғанбыз. «Жолдың ең сорақысы Қаражыра кенішіне бұрылар тұстан басталып, Қайнар ауылына дейін жалғасады.

Шұрық-тесік жолдың кейбір тұсының шұңқырлары 30-40 сантиметрге дейін жетеді. Бұл жолда жылдамдықты арттыру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Не қолға, не аяққа маза жоқ. Машинаның қозғалтқышына да тыным жоқ. Жылдамдықты ауыстырасың да отырасың. Қалаға жеткенше дөңгелегің төрт бұрыш болады. Денсаулығымыз да жоқ. Абыралы өңірінің талай тұрғыны осы жолдың кесірінен атамекенін тастап, қалаға көшіп кетті. Бұл жолды жөндейтін кез жеткен жоқ па? Мұндағы халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма, жоқ па?», деп налыған Ақбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеуғазы Мәдиянов ақсақалдың сөзі де оқырманның есінде болар. Мақала шыққаннан кейін үш айдан соң осы мәселеге байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен жауап хат келіп, оны газетте жариялаған болатынбыз («Семей-Қайнар жолының 38 шақырымы жөнделеді», 2018 жыл, 15 ақпан).

Аталған хатта «бұл мәселе облыс әкімдігінің назарында екендігін айтқымыз келеді. Өткен жылы республикалық маңыздағы «Семей-Қайнар» жолының 12 шақырымнан астам жеріне 318 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары және 100 шақырымға жуық аумағына 254 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған жолдың 38 шақырымын жөндеу үшін республикалық бюджеттен 900 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр» делінген-ді. Әкімдіктің жауап хаты жарияланғаннан кейін Абыралы өңірінің тұрғындары редакцияға телефон шалып: «Биыл Абыралы ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Бұл соған жасалған тамаша сый болды» деп ағынан жарыла алғыстарын жеткізіп, жолдың жөнделетініне ерекше қуанған еді. Алайда тұрғындар ерте қуанып қойған секілді. Өйткені, міне, көктемнің үш, жаздың екі айы өтті, республикалық бюджеттен бөлінеді делінген 900 миллион теңге қаражаттың бөлінер түрі көрінбейді. Қаржының бөлінбейтініне, жолдың жөнделмейтініне көзі жетті ме, жыл басында «жол жөнделеді» деп шаттанған тұрғындар «Облыс әкімдігінің берген жауабы өтірік болғаны ма? Бұл қалай болғаны? Қаншама халықты алдап отыр ма?» деп наразылықтарын білдіріп, бірінен соң бірі қоңыраулатып жатыр. «Әкімдіктің жауабын «Егеменнен» оқып, қатты қуанып едік. Берілген уәденің орындалмағаны, жолдың сол қалпында тұрғаны көңілімізді су сепкендей басқаны рас. Дегенмен, халық жол мәселесі аяқсыз қалмайды деп сенеді», дейді Қайнар орталықтандырылған кітапханасының директоры Тұрарбек Ахметов.

Комитет өтінімді қанша уақыт қарайды?

Әкімдік демекші, бұл мәсе­ле­нің оңды шешілмей жатқа­нына әкімдіктің де кінәсі жоқ­ секілді. Мұны мәселенің анық-қанығын білейік деп «Қаз­Ав­тоЖол» ҰК» акционерлік қо­­­­ға­­мының облыстық филиалына хабарласқанымызда білдік. «2018 жылы республикалық ма­ңызы бар «Семей – Қайнар» жо­лының 113-126 және 184-210 шақырымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне бюджеттік өті­нім жолданған. Алайда қазіргі таңда бюджеттік өтінім аталған ко­митетте қарастырылуда» деп­ жауап берген еді филиал­ ди­ректорының орынбасары Ол­жас Ахметов бір ай бұрын сауа­лы­мызға орай жолдаған хатында.

Жақында филиал директорының орынбасарымен сөйлескенімізде «ҚазАвтоЖол» мекемесінің об­лыс­тық филиалының басшы­лы­ғы осы мәселеге орай облыс әкімі Даниал Ахметовке хат жаз­ғанын жеткізді. Мәселенің жай-жапсарын облыстық жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасы бас­шысының міндетін атқару­шы Әсет Бейсенұлынан сұраға­нымызда, ол Инвестициялар және даму министрінің бірінші орын­­басары Роман Склярға облыс әкімінің орынбасары­ Серік Ақтановтың атынан хат жазылғанын, онда «Семей – Қай­нар» жолын жөндеуге қатысты жоспарланған қаржыны бөлу мәселесі көтерілгенін айтты. «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары Олжас Ахметов қазіргі уа­қытта «ҚазАвтоЖол» тарапынан «Семей – Қайнар» жолын күтіп-ұстауға байланысты тиісті жұмыстардың жүргізіліп жат­қанын жеткізді. «Аталған жолда биыл сәуір айынан бері үш бригада жұмыс істеуде. Жолдың 186 шақырымына шұңқырларды бітеу, сонымен қатар жол бел­гіле­рін орнату жұмыстары жүр­гізілді», дейді ол.

«Семей – Қайнар» жолы­ның жөн­делуіне қаржы бөлу мә­селесін Парламент Мәжі­лісінің де­путаты Нұртай Саби­ль­я­нов көптен бері көте­ріп жүр. Депутат Абы­ралы өңі­­рін­де бірнеше мәр­те өңір жұртшылығының мұң-мұқтажын тыңдап қайт­қан-ды. «Полигон ай­ма­ғы тұрғындарының мә­се­­ле­сіне құ­­лақ асып, Пар­ламент мін­бе­­рінен айтып жүр­ге­ніне ал­ғы­сымыз шексіз. Н.Сабилья­нов 2018 жылы «Қарағанды – Ая­гөз – Тарбағатай – Боғас», «Өс­­ке­мен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары», «Өскемен – Семей», «Өскемен – Шемонаиха – Ресей федерация­сы шекарасы», «Қарағанды – Ая­гөз – Боғас» автожолдарымен бірге «Семей – Қайнар» жолын орташа жөндеуге 1 мил­лиард теңгеден астам қар­жы бө­лінетінін айтқан еді. Атал­ған жол Шығыс Қазақстан об­лысының республикалық бюджеттен қаржыландыратын әлеу­меттік-экономикалық даму жобалары қатарына енгенін де жет­кізген болатын. Бәрі аяқ ас­­тынан өзгергенін түсінбей отыр­­мыз. Бөлінеді деген қар­жының бөлінбей отырғанына жергілікті жұрт наразы. Мәселе оңынан шешілмесе, Астанаға дейін бармақ ойымыз бар»,  дей­ді жолдың жайын айтып, әр меке­менің есігін тоздырып жүр­ген Қайнар ауылының тұр­ғы­ны Жәнібек Наурызбаев.

Абыралының туристік әлеуеті зор

Бұл жол Семейге қарасты Знаменка және Абай ауданына қарайтын Саржал, Тоқтамыс ауылдарының да үстімен өтеді. Соңғы жылдары сырқатына ем іздеген жұрт жиі баратын «Қо­ңыр әулие» үңгіріне де осы жол арқылы жетуге болады. Яғни бұл күре жолды Абыралының 5 мың тұрғынын қоса алғанда 10 мыңға жуық халық пайдаланады.

«Қоңыр әулие» үңгірі 2017 жылы Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Қа­зақстанның киелі мекендері тізіміне енгені белгілі. Бейресми дерек көздері суы шипалы саналатын қасиетті орынға жылына 10 мыңға жуық адам келетінін айтады. Қазіргі уақытта жан-жақтан келіп жатқан туристер «Қоңыр әулиеге» Абай ауданы арқылы, яғни айналма жолмен барып жүр. Егер жолға жөндеу жүргізілсе,  қасиетті мекенге «Се­мей – Қайнар» жолы арқылы бар­ған тиімді болары анық.

Биыл 130 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан әйгі­лі әнші Әміре Қашаубаев, ке­зін­де Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның оң қолы болған, Ленинмен, Ста­линмен қазақ автономиясы жөнінде келіс­сөз жүргізген Алаш ар­дақ­­тысы Халел Ғаббасов­тың «Семей – Қайнар» жолы бойын­дағы Ақбұлақ ауылында дүние­ге келгенін біреу білсе, бі­реу білмеуі мүмкін. Ұлы Абай­ды жас шағында өзіне тәнті еткен Тоғ­жанның бейіті де осы жолдың бойындағы Тоқтамыс ауылының жанында екендігінен көпші­лік бей­ха­бар. Сары қымыз сапырған атақ­ты Саржал ауылы да осы жол­дың бойында тұр.

Ерекше атап өтерлігі, «Семей – Қайнар» күре жолы білгір ғалым Рымғали Нұрғалиев, кешегі кеңес заманында респуб­ли­­камыздың Ішкі істер, Оқу және Қаржы министрі болған Қа­былбек Шырақбаев пен Рым­бек Байсейітов, балалар әде­биетінің классигі Сапарғали Бе­галин, арынды ақын Төлеужан Ысмайылов, ядролық физика саласының академигі Жабағы Тәкібаев секілді тұлғаларды ту­дырған Қайнар ауылынан бас­талады. Әйгілі Құнанбай әкесі Өскенбайға асты Абыралының «Сегіз ауыл» деген жерінде берген деген деректер бар. Ендеше «Семей – Қайнар» жолын жөндеу арқылы Абыралы атырабына, Семей өңіріне туристерді тартуға мүмкіндік мол. Сондықтан Се­мей қаласы әкімдігі алдағы уа­қыт­та Абыралы өңіріндегі тарихи орындар бойынша арнайы турис­тік маршрут әзірлеуді қолға алса құба-құп.

Түйін

Бір сөзбен айтқанда, 30 жылға жуық жөндеу көрмей ойдым-ойдымы шыққан «Семей – Қайнар» жолының тағдыры қазір Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне тіреліп тұрған секілді. Министрлік қаржы бөлсе, жол жөнделеді. Бөлмесе, «баяғы жартас – сол жартас», таз қал­пында қала беретін секілді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы