• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2018

Алматы қаласын азық-түлікпен қамтуда Жетісу өлкесінің айтарлықтай үлесі бар

602 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласын азық-түлікпен қамтуда Жетісу өлкесінің айтарлықтай үлесі бар. Қала мен ауыл бауырластығының белгісіндей болған бұл байланыс екі жаққа да тиімді экономикалық серіктестікке жол ашып отыр. Бұл Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасы мен Жолдаудағы міндеттердің орындалу көрсеткіштері бола алады.

Әсіресе, қала маңындағы аудандарда жеңіл өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптің дамуына серпін беретін қарым-қатынас тұтынушыны сапалы керек-жарақ пен азық-түлік өнімімен қамтамасыз етіп қана қоймай, дайын тауар үшін төле­нетін тиімді қаржы айналымын қалып­тастыруда. Басқаны айтпағанда, қала тұр­ғындары күн сайын тұтынатын сүт, ет, жұмыртқа сияқты ең қажетті тауар түрін өндіруде облыс өнеркәсібінің асы­ғы алшысынан түсіп отыр. Яғни агро­өнер­кәсіп кешенінің дамуына өнім­нің өтім­ділігі мен еңбектің өтелуінен бас­қа қол­дау қажет те емес. Осы байланыс қала мен ауыл арасын жақындатып келеді.

Мысалға, Қапшағай қаласының іргесінде қоныс тепкен «Green Land Alatau» серіктестігі Алматының азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отыр. Бұл Жетісудағы аса ірі, техникалық жаб­дықталу жағынан озық жылыжай кешен­дерінің басын қосқан компания. Жылы­жайдың жалпы алаңы 10,5 гектар­ды құрайды. Барлық жұмысты жаңа үлгідегі жүйелер атқарады. Алма­ты базарларындағы қиярдың 2 түрі, қы­за­нақтың 2 түрі, салат шөптерінің де көп­теген түрі осы «Green Land Alatauда» өсі­ріледі. Айтпақшы, Қапшағайда жақын­да ғана «Маревен Фуд Тянь-Шань» атты жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын жылдам дайындалатын кеспе шы­ғарады. Енді аталған кәсіпорын шыға­ратын тез дайындалатын тағамдар мен жар­тылай фабрикат өнімдерінің түр-түрі де Алматының нарығына жол тарта­тыны сөзсіз.

Тағы бір дәлел, Алматы облысының Талғар ауданында «Амиран-Агро» сүт өнімдері зауыты бар. Бүгінде IT-тех­но­логияларды өндіріске жеделдетіп енгізіп жатқан зауытта да еңбек өнімділігі артып қоймай, білікті мамандардың қыз­метіне сұраныс та арттырып келеді. 2010 жылдан бері жұмыс істеп тұр­ған зауыт Қазақ тағамтану академия­сына қарайды. «Амиран» брендімен өндірілетін өнім негізінен емдік-сауық­тыру бағытында қолданылады. Нәрлі, құндылығы жоғары балалар тағамының бірнеше түрі осы зауытта жасалады. Кезінде 1 млрд 300 млн теңге инвестиция құйылған зауыт қазір өзін-өзі толықтай ақтаған жобалар қатарында. Кәсіпорын аймақтағы сүт өндірушілермен тікелей байланысқа шығып, өз өнімдеріне жергілікті шикізатты пайдаланады. Бастысы, мегаполисте «Амиранның» айранына деген сұраныс жоғары.

Ал Алматы тұрғындары үшін жақсы та­нымал болған «Адал» компаниясы 4 бағытта жұмыс істейді. Облыстың Ең­бек­шіқазақ ауданында орналасқан сүт зауы­тында тәулігіне 150 тонна сүт өң­дей­тін 2 цехы бар. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, қай­мақ, айран, сүзбе, сары май – жалпы сүт өнімдерінің 56 түрі шығары­лады. Кә­сіп­орынның өнімдері Алматы қала­сы­ның 5 мыңға жуық сауда нүктелеріне жет­­кі­зіледі екен. Мұнан бөлек, «Адал» ет өн­­дірумен де айналысады. Тұтыну­шылары да қалада.

Сондай-ақ мегаполис тұрғын­дары­ның талғамына татитын жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін де қала маңындағы аудандар өндіріп отыр. Еңбекшіқазақ ауданында «Амал Био» компаниясы негізінен интенсивті бау-бақша өсіреді. Жаңа технологияны қолдана отырып, көкөніс пен жеміс өсірумен шұғылданады. Қазір «Амал Бионың» 80 гектарды алып жатқан жеміс бағы бар. Алдағы уақытта бақ 300 гектарға дейін кеңейтілмекші. Әрі компанияның сыйымдылығы 6 мың тонна болатын жеміс-жидек және көкөніс сақтау қоймасы бар. Яғни тұтынушыға барлық маусымда сапалы өнім ұсынуға негіз жеткілікті. Сұраныс көбейіп, Алматы қаласынан бес бірдей «AmalBiomarket» брендті сауда нүктелерін іске қосып жатыр.

Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» холдингінің аты Алматы түгілі ел ішінен асып, шетелге мәлім бола бастады. Ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық ізденістерді өндіріске енгізуді қолға алған серіктестік қазір ет, сүт өндіру мен өсімдік шаруашылығының түрлі бағытында табысқа кенеліп отыр. Шаруашылықтардағы жұмыс толықтай цифрлы технология бойынша басқарылады. Әрі бұл серіктестік отандық аграршылардың жас буынын қалыптастыратын өмір мектебі сияқты сипатқа ие. Мұндағы өндіріс болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын білім ошақтары үшін оқу мен тәжірибелік алаң іспетті. Яғни саланың дамуына үлес қосқысы келетін жас ғалым мен өндірістегі тәжірибесін шыңдауға бейілді маман «Байсерке-Агроның» базасында бас қосып, нағыз еңбек адамына айналады. Агрохолдинг Алматыны ұн, жарма өнімдерінің түр-түрімен қамтамасыз етіп отыр.

Ал Іле ауданындағы «Сарыбұлақ» құс фабрикасының өнімін бас қаланың базарына бас сұғатындар жақсы біледі. Жылына 220 мың дана жұмыртқа, 20 мың тоннаға дейін тауық етін өндіретін фабриканың негізгі тұтыну алаңы Алматы қаласы екені аян. Сондай-ақ «Империя Фуд» серіктестігінің 3 мың бас ірі қара бор­дақылауға арналған алаңында сойылған ет те Алматы тұрғындарының қажетін өтеуге жөнелтіледі. Былтыр 618 тонна ет өткізілген. Қарын тоқ, қалта қалың.

Қарасай ауданында  да «Алматы өнімдері» атты кондитерлік фабрика бар. Өнімі тұтыну нарығында «A Product» брендімен танымал. Кәсіпорынның өнімі жоғары сұранысқа ие. Алматының нарығынан бөлек көршілес Ресей, Қытай мен алыс шетелдерге де тәтті-дәмді кондитерлік өнім түрлерін жөнелтуде. Шағын да болса 500 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бұдан бөлек, «Еңбекшіқазақ ау­да­нының жергілікті қауымдастығы» қо­ғамдық қорының қолдауымен 4 жыл бұрын «Шелек фермерлері» атты бағдарлама ашылған болатын. Алматыға көкөніс жөнелтетін де  осы шаруалар.

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы