• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2018

Алматы облысының елді мекендерін орталықтандырылған су жүйесіне қосу жұмыстары 87,3 процентке жетті

389 рет
көрсетілді

Елімізде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында бірқатар іс сәтімен атқарылып жатыр.

Бұл бағытта «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» және 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы сияқты бірнеше жүгі ауыр жұмыстар жоспарға сай орындалуда. Жергілікті атқарушы биліктің дәргейіндегі жобалардың дені қазір аяқталуға жақын.  Үкімет тарапынан бөлінген қаржы мен міндеттерді орындаудың мерзімін жіті қадағалау аймақтардағы күрмеуі қиын мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде Алматы облысында атқарылған жұмыс барысын таразылауды «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалуынан бастамақпыз. Өйткені, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мемлекеттің маңызды міндеті екені анық.

Әдетте, суына нуы жарасқан Жетісу өлкесінде ауызсумен қамтуда мәселе туындамайтындай әсерде болуыңыз мүмкін. Өкінішке қарай, ауылдық аумақтарда сапалы су әлі де қиындық тудырып келеді. Ал ауызсу сапасының артуы ауылдарды орталықтандырылған су құбыры жүйесіне қосуға тікелей байланысты екен. Қазір Алматы облысының елді мекендерін орталықтандырылған су жүйесіне қосу жұмыстары 87,3 процентке жетіп отыр. Бұл көрсеткіш  «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге аса бастаған 2015 жылдан бері 7 процентке көбейген. Нәтижесінде ауызсуға жарымай келген 168 ауылдың санын 85 елді мекенге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында облыста аталған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 25,4 млрд теңге игеріліп, оған 221 сумен жабдықтау және cу жеткізу нысандары іске қосылыпты. Қазір бұған дейін сапасы күмәнді ауызсу тұтынып келген 338 мыңға жуық тұрғынның үйінде құбырдағы су ағып тұр. 

Тегінде, «Ақ бұлақ» бағдарламасын жариялау ауылдар үшін тиімді болды ма деген сауал туындайтыны анық. Әрі бұл әйдік бағдарламаға бөлінген қаржы да аз емес. Қазына қаражатын сатылап игеру жұмыстың нәтижесіне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалға, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облыста 2015 жылы сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау, жаңадан салу, күрделі жөндеу және ағымдағы жөндеуге бюджеттен 12,5 млрд теңге бөлініп, 116 нысан бойынша жұмыс істелген. Осы жылы 60 елді мекен орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізген. Ал 2016 жылы бағдарлама шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салуға 55 нысан бойынша бюджеттен 6,7 млрд теңге қарастырылыпты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қосымша 23 елді мекенде 46,5 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсу ішуге мүмкіндік алған.  Дәл осы лекпен 2017 жылы да 25 елді мекенде тұратын 58 мыңға жуық адам сапалы сумен қамтылған. Бұл жылы  сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және жаңадан салуға 50 нысан таңдап алынып, 6,2 млрд теңге қаржы бөлінген екен.

Адамдарды сапалы ауызсумен қамту мемлекеттің міндеті деп жоғарыда айттық. Ендеше мұндай үлкен істе уақ-түйек болмайды. Термелеп айтқанда, бағдарламаны іске асыру барысында аймақта жалпы ұзындығы 600 шақырым су құбыры желісі салынды және қайта жаңартылды. Бұл жолда 216 жаңа ұңғымалар бұрғыланған екен. Барлығы 158 дезинфекциялық хлор сатуратор қондырғылары да орнатылыпты. Және 212 бірінші және екінші лифт сорғы стансасы, 121 жаңа су қоймасы, 138 су мұнарасы салынғанын да айта кетейік. Өйткені осы жұмыстың барлығы мемлекет қаржысына жасалып жатыр.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясындағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Бүгінде жоспарланған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 8,1 млрд теңге сомасына 49 жоба іске асырылуда екен. Жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне облыстың 17 елді мекеніндегі 16,3 мың адамды қосу міндеті тұр. Егер нәтиже күткендегідей болса, онда Алматы облысындағы ауызсумен қамту жұмыстары оң бағытқа бет бұрып, орталықтандырылған сумен жабдықтау үлесі 90 процентке жетеді дейді мамандар.

Айтпақшы, Жетісу суына нуы жарасқан өңір дедік. Бірақ ауызсу сапасының артуына өзен мен көл суының қатысы аз. Яғни ауылдарды сумен қамтамасыз ету барысында негізінен жер асты су көздерін пайдаланған дұрыс екен. Демек, «Ағын суда арам жоқ» деген сөздің күні өткен. Нағыз сапалы су тереңнен сорып алынады дейді гидрологтар. Қазір аймақта жер асты су көздерінің әлеуетін барынша арттыру үшін геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жер асты су қорын жасақтауға мүмкіндік береді.

Жалпы, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде нәтижеге қол жеткізу ел тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған оң қадам. Әрине, түпкілікті бағаны беретін уақыт келер. Алайда қазіргі жасалып жатқан іс келер ұрпақ үшін де олжа екені даусыз. Алматы облысы бойынша «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы соның айғағындай...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы