• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2018

Қызылорда жұмыссыздықты азайтуда өңірлер арасында көш бастап тұр

537 рет
көрсетілді

Бүгінде Қызылорда облысында жүз мыңға тарта жұмыссыз тіркелген. Қызылорда әкімдігі өңір тұрғындарын жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде республикада алдыңғы қатарға шықты. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың сессиясында жан-жақты баяндап берген болатын.

– Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйе­сіне көшу бойынша дайын­дық жұмыстары аясында тұрғын­дардың әлеуметтік тұрғыдан әл­сіз топтарын анықтау үшін аула­ларды аралап, тексеру жүр­гіздік, – деді ол. – 2018 жыл­дың басында облыста 97 538 толық жұмыспен қамтылмаған және жұмыссыз азаматтар бар еке­ндігі анықталды. Олар – өз­дерін зейнетақы төлемдері, ме­дициналық қызметтер мен әлеуметтік сақтандыруды алу мүм­кіндігінен айырып отырған тәуекел тобындағы азаматтар. Атал­ған санаттағы азаматтар үшін «2018-2019 жылдарға арналған өзін-өзі жұмыспен қамтылған тұрғындарды рәсімдеу жол картасын» қабылдадық. Алдағы 2 жылда өзін-өзі жұмыспен қам­тыған және облыстың жұмыссыз 97 мың тұрғынын рәсімдеу мен жұмысқа орналастыруды міндет етіп қойып отырмыз.

Өңір басшысының айтуынша, соған қарамастан, олардың арасында жұмыс істегісі, әлеуметтік жарнаны төлегісі келмейтіндер де бар. Мұндай адамдар 15 мың­нан асады. Дегенмен, бұл санат­тағыларды да жігерлендіру және түсіндіру арқылы қажетті жұмыс жүргізілуде.

2018 жылдың 6 айындағы жұмыстың қорытындысы бойын­ша, 7 мыңнан астам адам жа­ңа жұмыс орнына орналастырылды. 20400 адам нәтиже­лі жұмыспен қамтылды. 20 мың­­ға жуық азаматтың қыз­меті заңдас­тырылды. Олар­дың 17 мыңға жуығы жұмыс беру­шілермен еңбек келісімшарт­тарын жасасты және 3 мыңнан ас­там адам мемлекеттік кіріс орган­­дарында жеке кәсіпкер ре­тін­де тіркеліп, өз кәсіптерін бас­тады. Нәтижесінде, жыл басынан бері өнімсіз жұмыспен қамтылған және жұмыссыз ретінде тіркелмеген адам санын 27 мыңға азайтуға қол жеткізілді және бұл көрсеткішті 70 мыңға жеткізу көзделіп отыр.

Әрине, бұл жерде шағын және орта бизнесті дамыту үлкен рөл атқарады. Бұл – әлеуметтік аз қор­ғалған адамдардың санын азайтудың өте тиімді тә­сілі. Сондықтан 2014 жылы өзінің икемді кепілдік саясаты бар, әсіресе ауылдық жердегі жұмыс­сыздарды несие ресурс­тарымен қамтамасыз ете алатын Аймақтық инвестициялық орталығы құрылды. Аймақтық инвес­тициялық орталықты қаржы­ландыруға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, шағын бизнестің 280 жобасы қаржы­ландырылды және 540-тан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Әкімдіктің, мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалы­ның, Қоғамдық кеңестің және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шеші­мімен 2018 жыл облыста «Жап­пай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Кешенді «Жол картасын» әзірлеудің нәти­жесінде ағымдағы жылы барлық қаржы көзінен 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделуде.

«Өткен маусым айында­ об­лыстың барлық аудандарын жұмыс сапарымен аралап­ шы­ғып, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың шағын кәсіпкерлікті дамыту жоспарларымен танысып, жұмыстарын тыңдадық. Айта кету қажет, қа­был­данған шаралардың алғашқы нәтижелері байқалуда. Ағымдағы жылы облыста жұмыс істеп тұр­ған кәсіпкерлік субъектілер 11%-ке көбейді. Аталған көрсет­кіш бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында көш бастап тұр. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кәсіпкерлікті дамыту, оқыту және басқа да белсенді шара­лар арқылы шешуге ықпал ете отырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұр­ғын­дарды пайдалы еңбекпен барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқы­лы қамтамасыз етуге де барынша күш салып жатырмыз», деді Қ.Көшербаев.

Әкім бұл бағыттағы жұмыс­тарды осылай жүлгелеп берген. Облыс басшысының жұмыс­сыздар санын жетпіс мыңға дейін азайту жолындағы жұмысының жақсы нәтиже беріп жатқандығы байқалады. Бұл – мемлекеттік мәселе. Қ.Көшербаевтың жұртты тәуекел қайығына мінгізгені көпшілікке пайдаға шығып жатыр. Бір мысал айтайық. Сыр өңіріндегі Нағи Ілясов ауылында өзін-өзі жұмыспен қам­тыған азаматтар саны көбейіп келеді. Ауыл әкімі Сағдат Нұр­­мағам­бетов Кәсіпкерлер пала­тасының «Бизнес кеңесші» және «Бастау» оқу курстарының жұмыс істегісі келетін жандарға қанат бітіріп отырғандығын айтады. Сондай азаматтардың бірі Арысбек Бай­назаров «Бизнес-кеңесші» жобасына қатысып, қолынан қандай шаруа келетінін нақтылап алғаннан кейін бизнес-жоспарын жасайды. Содан соң «Қызылорда» Өңірлік ин­вес­тициялық орталығынан жеңіл­детілген процентпен 3 млн теңге алып, мал бордақылау ісі­мен айналысады.

– Қазір шаруашылықпен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан зор көмек көрсетіліп жатыр. Бұрын жеңілдетілген не­сие алып, іс бастау қиын деп ойлайтынмын. Кәсіпті қолға алғаннан кейін ауыл әкімінен бастап салаға қатысы бар бар­лық маман, соның ішінде Кәсіп­керлер палатасының мамандары құжаттарды жинақ­тауға, қар­жыландыру барысына дейін көмектесті. Алдағы уа­қытта мал басын көбейтсем деген жос­парым бар, – дейді кәсіпкер А.Байназаров.

Бүгінде Арысбек алған қар­жы­сына жылқы мен ірі қара са­тып алып, ауылдағы қоңды отба­сылардың біріне айналды. Жұбайы Ақгүл бие де, сиыр да сауады. Ақ мол. Дастарқанынан сүт, қаймақ, май, айран және қымыз үзілмейді. Ет мәселесі де шешілген. Ауылдың «ертеңгі күнім қалай болады» деп жүр­ген азаматы мемлекеттік бағдар­ламаның арқасында тұрмыстық мәселесін шешіп алды. Ол енді «маған жұмыс тауып бер» деп әкімдіктердің есігін қақпай­ды. Қоңыртөбел тіршілігі бар. «Тәуекел ет те, тас жұт» деген – осы. Облыс әкімінің жұмыс істегісі келетін жетпіс мыңға жуық жұмыссызды жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділі­гін ұққан ағайын білек сыбанып іске кірісіп жатыр.

Ел болған соң «Қан мен тер» три­ло­гиясындағы сияқты елдің үстінен күн көргісі келетін, әпенді судыр Ахметтер болмай қалмайды. Сылтауы көп, масылдық пиғылы басым олар­дың саны, қуанышқа орай аз екен. Қоңсысы байып жатса қа­рап қалмас. Бұрындары кей аза­маттар 3 млн теңге несие алып той жасап, артынан банкке ғұмыр бойы қарыз болып жүруші еді. Ал А.Байназаров 3 млн теңге жеңілдетілген несиеге бір үйір жылқы, бір табын сиыр алып, отбасын берекеге бөлеп тастады. Қарызға той жасаған тиімді ме, мал өсіріп дәулетін арттырған жақсы ма, айырмасын байқарсыз...

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы