Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында «Музей ісінің үздіктері» атты жоба жұмысының барысы туралы арнайы брифинг өтті. Брифинг барысында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде тұңғыш рет музей ісі саласының мамандарына арналған танымдық энциклопедияны баспадан шығару жұмыстарын жүзеге асыру туралы мәселе қарастырылды.
«Музей ісінің үздіктері» атты жоба аясында елімізде алғаш рет екі тілде жарық көретін аталмыш энциклопедияның материалдарын жинақтау жұмыстарын Ұлттық музей ұжымы жүргізеді. Брифингке қатысқан Ұлттық музейдің Қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қызметінің жетекшісі, бас қор сақтаушы Рыскүл Бекталиева өз сөзінде аталмыш жобаның өте маңызды және жақсы бастама екендігін ерекше айтып өтті. Ал «Астана Опера» музейінің меңгерушісі Априза Хусаинова бұрын-соңды дәл осындай жобалар жүзеге аспағандығына тоқталып, әрдайым барлық марапаттар мен лайықты құрмет көрсетілуден музейлер мен кітапханалардың қызметкерлері тыс қалып қоятындығын да сөз етті. Қорытынды сөзінде бұл энциклопедия Қазақстандағы барлық музейлерге, жалпы мәдени ұйымдарға таптырмас құрал болатындығын да тілге тиек етті. Энциклопедияның тұсаукесер рәсімі және энциклопедияға енген үздік музей қызметкерлерін арнайы салтанатты түрде марапаттау рәсімі Ұлттық музейде өтеді. Жоба авторы – Ұлттық музейдің ғылыми-әдістемелік қызмет басшысы, философия докторы (PhD) Сая Алипова.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»