• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2018

Жан баласына жамандығы жоқ еді...

401 рет
көрсетілді

Белгілі журна­лист, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Әлисұлтан Құланбай 64 жасында дүниеден өтті. 

Әлисұлтан Мұ­қан­­әлі­ұлы 1954 жылы 21 қаңтарда Алматы облы­сының Ұй­ғыр ауда­нын­дағы Үлкен­диқан ауылында дүние есігін ашқан. 1961 жылы «Октябрь» орта мектебінің табалдырығын аттап, 1974 жылы оқуын тәмамдай­ды. 1972-1974 жылдары Кеңес әскерінің қатарын­да азаматтық борышын өтеген. Ең­бек жолын Ұйғыр ауданындағы «Октябрь» колхозында колхозшы бо­лып бастаған. 1978-1979 жыл­дары Қазақ мемлекет­тік университеті да­йын­дық бөлімінің тыңдаушы­сы, 1979-1984 жыл­дары осы оқу ор­нының жур­налистика фак­уль­тетінде білім алған. 

1984-1991 жылдары республикалық «Ең­бек таңы» журналында кор­ректор, аға редактор болып қызмет атқар­ды. 1991-1995 жылдары «Ауыл» («Дала дидары») газе­тінде тілші, сектор меңгеру­шісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы болды. 1995-1996 жылдары «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның жаршысы» журналында жауапты хатшы, бас редактор қызметін абыроймен атқарды. 

1996 жылдың 1 наурызынан бас­тап осы күнге дейін «Егемен Қазақ­стан» газетінде қызмет істеген еді.

Қазір әлеуметтік желі деген жақсы хабарды да, жаман хабарды да сарт еткізіп көз алдыңа тастай салатын бол­ды ғой. Қаннен-қаперсіз отырып, фейсбук парақшасын шола баста­ғаным сол, Дархан Қыдырәлінің «Дүние – жалған» деген... Бес күндік өмір­ден Әлисұлтан аға Құланбай да өтіпті. Қаралы xабарды естіп, есеңгі­реп отырмыз... Отбасы мен жақын туыс­тарына, достары мен таныстарына қайғырып көңіл айтамыз», деген жазбасын оқып, жүрегіміз суыл­дады. Іле Қарашаш Тоқсанбайдың «Әлекемізден – Әлисұлтан Құлан­бай досымыздан қапияда көз жазып қалдық. Жақсының дүниеден озғаны орны толмас өкініш екен-ау...», деп егіле жазғанын жанарымыз шалды. Қаралы хабар жаныма қатты батты. 

Әлисұлтанды біздің курстың ұл-қыздары баяғыда, 1979 жылы оқуға түскен уақытта-ақ еркелетіп «шал» деп атайтын. Осыны бірінші кім айтқаны есімде жоқ, бірақ Әлекеңнің көзінше де, былай да солай атап кеткендер көп. Бір ғажабы: Әлекең бұған ешқашан ренжіген емес, бір жымиятын әдемі күлкісіне басып, аса көп елең қылмайтын. Оған себеп – Әлисұлтанның басқа курстастардан ересек, оқуға өмірдің бірнеше сатысын көріп келгендігі. 

«Егемен Қазақстан» газетінің ұжы­мы былтыр ғана 63-ке келген Әлисұлтан Құланбайға құрмет көр­сетіп, туған күнімен құттықтаған еді...

Әлисұлтан Құланбай журналис­ти­каның жалына жармасқалы қаншама материал жазды. Оның бәрін жинақ­таса, бірнеше кітап болады. «Қазақ, қашан миллиардер боласың?» деген тақырыппен шыққан шағын мақа­ласында үлкен мәселе көтерген болатын. Толғақты жазбалары аз емес. Қапелімде еске түскенін ғана тіл ұшына іліктіріп жатырмын.

Астанаға барғанда әркімнің өз тіршілігі бар, көп ұшыраса да бер­мейміз. «Жігіттер қалай, Әлекең қа­лай?» деп сұрап қойғаннан басқаға мойны­мыз бұрылмайтын кез де көп. Достардың басқосуында, өзінің жеке қуаныштарында жүздесеміз кейде. Ақсия күліп, анау-мынау айтқан әзіл-қалжыңымызды көтере беретін. Жан баласына жамандығы, залалы жоқ еді.

Баспасөз саласындағы ірілі-ұсақт­ы түрлі бәйгеде жүлделі орын алып, мерейі тасып жатқан күндердің өзінде аса көп асып-таспайтын, сабыр­лы қалпынан айнымайтын. Мем­­лекет басшысының шетелдерге жаса­ған ресми сапарларында ілесіп жүр­ді, жақсы репортаждар жасады. Қай тақырыпқа жазса да ойлы, мазмұн­ды етіп жазатын.

Ең бастысы – елдік мұраттарға адал жан еді. 

Бір мақаласында «Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құн­дылығы. Оны қастерлеп, құрмет тұту, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – бүкіл қазақстандықтардың борышы және міндеті... Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажыра­мас бөлігі. Сондықтан қазақстандық­тар­дың осы рәміздерге деген құр­меті, оларды бойтұмардай қастер­леуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рә­міздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқы­ның бастан өткізген тарихы, мәде­ниеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғаш­қы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмей­тін жан кемде-кем. Ол насихат­тың жемісі десек, қателеспейміз» деп жазыпты.

Сол насихатқа қаламының ұшы­мен, азаматтық күшімен үлес қосқан, әлі күнге дейін «Егеменнің» сапында жүрген курстас досымыздан мәңгіге айырылып қаламыз деп ойлаппыз ба?..

Ержұман Смайыл, Марат Аққұл, енді міне, Әлисұлтан Құланбай... Бір­тіндеп бақилық сапарға аттанып кетті.

Қысқа қайырласу сөзімізді жазу­дың өзі ауыр. Сөз реті келгенде, Әлекеңнің отбасына, туған-туыс­тарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Алла тағала панасына алсын! Иманы жолдас болсын!

Курстас достары атынан

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы