• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Тамыз, 2018

Рахат қалашығы: бағзыдан тартқан тамырын

1009 рет
көрсетілді

Қазақстандағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қытай Халық Республикасындағы Шанси археологиялық институты Рахат қала жұртындағы бірлескен археологиялық қазба жұмысының екінші кезеңін аяқтады.

Рахат қала жұрты – Есік қоры­­мынан оңтүстікке қарай 5 ша­қырым қашықтықта тау бөк­те­рінде, Есік–Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Қалашық тауды бөктерлей шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Ол жерде мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді. Қоныстың орталық бөлігінде тау жағынан 10 метр, солтүстік жағынан жа­зық даламен шектесетін тұста 50 метр болып келетін трапе­циялық үлгідегі төбе бар. Орта­лық бөлікті айнала жасалған орлар маңайында өте ыңғайлы фортификациялық құрылысқа айналған, жасанды баурайлар мен дуалдар орын тепкен. Рахат қалашығы сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар. 

2015 жылдың қазан айында Мәдениет және спорт ми­нистрлігі «Есік» мемлекеттік та­рихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізілген еді. Келесі жыл­дың маусым айында қос тарап келісімшартқа қол қойды. Соның негізінде 2017 жылдың мамыр-шілде айларында «Есік» қорық музейінің қорғау аймағындағы орналасқан атақты Рахат қала жұрты мен қала маңындағы ескерткіштерге алғашқы барлау және қазба жұмыстары жүр­гізілді. Былтырғы қазба жұ­мы­сының (барлау) көлемі 32 шар­шы метр болса, биыл 9 шілде-20 тамыз аралығындағы қысқа мерзімде аумағы 200 шаршы метр жерге бірнеше қазба жасалды. Ондағы басты мақсаты – ескерткіштің стратиграфиясын, уақытын, құрылымын және археологиялық кешенін зерттеу.

Археологиялық қазба жұмыс­тары барысында белгіленген нысандардың мәдени қабатын анықтауға арналған арнайы тес­кіш құрылғысы, сонымен қатар ArcGIS жүйесінде өңделетін жоғары дәлдіктегі RTK аппараты қолданылып, үш өлшемді сурет түсіру құрылғысы, аэрофото түсірілімі және басқа да заманауи технологияларды пайдалана отырып өте құнды археологиялық материалдарға қол жеткізілді.     

Екінші бағыттағы жұмыс­тарымыз қалашықтың оңтүсті­гінде орналасқан түркі дәуірінің жерлеу орындарында зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасын тапты. Бірінші нысанға шартты түрде қазба 1 (№ TG4) деген белгі қойылды. Орны орталық төбенің оңтүстік жағындағы екінші ордың ортаңғы бөлігінде орналасқан. Қазба ныса­ны­ның бағыты (азимут 20°), оңтүстіктен солтүстікке қарай (ұзын­дығы) 10 метр, шығыстан батысқа қарай (ені) 4 метр, тереңдігі 6 метрлік қазба жасалды. Зерттеу жұмыстары барысында 9 мәдени қабат және 80 данадан астам темір, қыш, тас және сүйек бөлшектері табылды. Бұл бөлшектерден ішінде қызыл, қоңыр және құмды қыштар, майда және ірі құм аралас жасалған қыш түрі де кездесті. Екі түрлі қыштың күйдіру температурасы біршама жоғары болды. Табылған артефактілер – темір пышақтар, қыш құмыраларының сынықтары, жүздері бүдірлі құ­ралдар және бүйірі тегіс кесіл­ген тас құралдар. Бұл қазба орны тұрмыстық-шаруашылық шұң­қы­ры болуы әбден мүмкін. Се­бебі көп мөлшерде табылған арте­фактілердің бәрі дерлік бүтін күйінде сақталмаған. 

Қазба 2 (нысан 2 (№ TG5) қа­лашықтың оңтүстігінде орна­ласқан түркі дәуірінің жерлеу орындарында жүргізілді. Бұл жерден 15 адам және 2 жылқы­ның қаңқа сүйегі табылды. Со­нымен қатар бірнеше орыннан табылған күл шұңқырларын тазалау жұмыстары аяқталды. Марқұмдардың бәрі ақым қа­бірлерде жерленген. Қабірлерде жатқан адамдар солтүстік-батыс жаққа қаратылып, шалқасынан екі қолы кеудесіне қойылып жерлен­ген. Ал жылқылар арнайы адам қабірханасының жанын­да орналастырылған. Жылқы­лардың басы батысқа бағыт­талып, төрт аяғы бүгіліп, секіруге ұмтылып тұрған күйде жерленген. Жылқының дене сүйегінің маңында бірнеше ат әбзелдерінің қалдықтары табылды. 

Қазба 3 (нысан 3 (№ TG6) қалашыққа кіреберіс қақпаның алдына орналасқан. Қазба көлемі оңтүстіктен солтүстікке қарай (ұзындығы) 8 метр, шығыстан батысқа қарай (ені) 4 метр, тереңдігі 70 сантиметр деңгейінде болды. Қазба жұмыстары кезінде ортаңғы тұста, сонымен қатар оңтүстік-шығыс бұрышқа таман бір-біріне құрылыс жағынан өте ұқсас екі шаруашылық шұңқыры анықталды және шұңқыр ішін қазу барысында көптеген тұр­мыстық қалдықтар табылды. Қазбаның тереңдігі 70 сан­тиметр деңгейге жеткенде тоқ­татылды. Себебі сары түсті қол­дан құйылған топырақ – мәдени қабат анықталды. Бұл орын ортағасырлық тұрғындардың үй-жайы болуы әбден мүмкін. Әрі қарай қазбаның орта тұсына таман жеткенде су ағызатын ескі арық орны табылды. Осы тұста айта кететін мәселе, қаланың су­мен қамтамасыз етілуі де осы тау­дан келетін ағын сулар­мен ті­келей байланыс­ты болуы ық­тимал. Өйткені таудан аға­тын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қал­ған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шы­ғыс қабырғаны сыртынан бойлай отырып солтүстік тұсына қа­­рай жайыла келіп, көрінбей ке­теді. Мұндай жүйе оңтүстік өлке­­лердегі қалаларда жиі бай­қа­лады. Табылған артефак­ті­лер­дің ішінде қыш ыдыстың бүйір­ле­рі әлдеқайда көбірек. Ыдыс тұтқаларының пішіні ойық тәріз­ді тұтқа, жарты құлақты тұтқа­­лар және бас­қа да сан алуан түр­лі және әртүрлі өлшемде болды. Қыш ыдыста­рының түбі не­­гізінен дөңес болып келгенмен, ара-тұра түбі тегіс ыдыстар да кез­десті. Бұл ыдыстардың жасалу әдісі ора­шолақтау, жасалу ізде­рі айқын емес, негізінен тым қара­­пай­ым жасалған деп айтуға болады. 

Жүргізілген қазба жұмыста­ры­ның нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі аралықтағы бұй­ымдар табылды. Барлау жұмыс­тары мен ескерткіштің құры­лымдары – сол жердегі төбе­лердің адам қолымен жасал­ған­дығы туралы болжамды растады. Қалашықта соңғы өмір сүру кезеңімен байланысты мәдени қабаттар ашылып, жаңа деректер легімен толықтырылды. 

Екінші кезеңінің нәтижесін қорытындыласақ, басқа ескерт­кіш­термен салыстырғанда, аумағы мен көлемі аса үлкен бол­­­ған­дықтан Рахат қала жұр­ты­ның мәр­тебесі де жоғары болған деп есептейміз. Алайда қазба жұ­мыстары толық аяқталма­ған­дықтан, нақты тұжырым айтуға әлі де ерте. Болашақта зерттеу­лер­ді одан әрі жалғастыра отырып, ерте мәдени қабаттарды анық­тау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғай­та тү­су қажет. Алдағы уа­қыт­та осы ба­ғытта жұмыстар жүргізіледі. 

Гүлмира МҰХТАРОВА,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры