• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

Жайылған малдың еті дәмді де құнарлы – дейді зоотехник-маман Түгел Мәнбетжан

617 рет
көрсетілді

Ата-бабаларымыз төрт түлік малды кең далада жайып баққаны белгілі. Бүгінде ірі қара малды арнайы мал бордақылау кешенінде өсіру бағытына басымдық беріліп, оны жайылымда бағу ұмытылып бара жатқан жоқ па? «Егеменге» елден келген азамат, зоотехник Түгел Мәнбетжанды осы мәселе мазалайды екен. 

– Жайылымдық мал шаруашы­лығын өркендету мәселесі Мем­лекет басшысының 5 жыл бұрын­ғы Қазақстан халқына Жол­дауында айтылған-ды. Алай­да менің ойымша, ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі, өзге де жер­гі­лікті өкілетті органдар бұл мәселеге орай тиісті іс-шара­ларды жүргізбегені көрінеді де тұрады. Өйткені далада жайылып жүрген мал көрінбейді. 2017 жылдың 20 ақ­панында «Жайылым туралы» Заң қабыл­данған кезде де әжептәуір бет­­бұрыс болатын шығар деп күт­­кен едім, бұл үмітім де ақ­тал­­май келеді. Отандық мал шаруа­шылығын өркендетудің тиімді тәсілінің бірі – жайы­лым­дарды бір жүйеге келтіру мәсе­лесі созылып барады, – дейді ол.

Оның айтуынша, кең-бай­тақ еліміздің далалық алқабы жайылымдық мал шаруашы­­лы­ғын дамытуға өте қолайлы. Бұ­ған Түгел Оспанұлы туып-өскен, еңбек етіп жүрген Шалқар ауда­нынан тиісті дәйектер келтірді.

–  Шалқар жер көлемі ауқымды, негізінен мал шаруашылығы­­мен айналысатын өңір. Оның бір шеті Ырғызбен жалғасса, екін­ші қапталында Қызылорданың Арал ауданы орналасқан. Үстіртке қарай Байғанин, батысында Мұғалжар аудандары. Ал өңірдің оңтүстік-шығысы Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстан Респуб­ликасымен шектеседі. 62 мың шаршы шақырым аймақты алып жатқан өлке төрт түлік мал өсіру үшін таптырмайтын қоныс. Алайда осы мүмкіндік тиімді пайда­ланылмай жүр, – деді бұдан әрі Т.Мәнбетжан.

 Елден келген азамат малды жайылымда бағудың ар­тық­шы­лық­тарына тоқталды. Бұл жер­ді тоздырып, шаңын шығарып, табиғатты бүлдіру емес. Керісінше, шөптің малға жұғымды азық болатын кезін қалт жібермеу деген сөз. Жазда шауып алып, қажет кезінде малға беретін жем-шөптің көлемі де шектеулі. Оған қоса, алдын ала әзірленген азық малдың қарнын тойғызар, алайда нәрлі де сапалы бола бермейді. Ауыл шаруашылығы ғылымында мал жайылымда жүріп жейтін өсімдіктің 123 түрі болатыны дәлелденген. Яғни жайылған кездегі қоректі бордақылау кеше­нінде берілетін рацион айыр­бас­тай алмайды. Ең дәмді, ең құнарлы ет кешенде тұрған емес, жайылған малдың еті. Міне, малды жайылымда бағудың артық­шылығы осында.

 Әр өсімдіктің белгілі бір өсіп-жетілу мерзімі, оны жайылым ретінде пайдаланатын кез бо­ла­ды. Соны зая кетірмеген жөн, әйтпесе, құнары жойылып кетеді.

– Жоғарыда айтқанымдай, сан түрлі өсімдік пен шөптің өсіп-жетілу кезеңдері бір-бірімен сәйкес келе бермейді, мұны да ескерген жөн. Мысалы, қоңырбас пен түйежапырақтың өсіп-өнуі бір айға да жетпейді. Уақыты келгенде тез қурап кетеді. Демек, оны шұғыл пайдаланып, пайдаға асыру керек деген сөз. Ал бұлардың азықтық қасиеті 1 жылға татырлық десем қателесе қоймаспын. Басты айтайын дегенім, осы мәселелер еді, – дейді кейіпкеріміз.

Әңгімесінің аяғында Түгел Мәнбетжан арнайы кешен мен қорада қимыл-қозғалыссыз, алдына тасталған қоректі күйсей берген малдан алынған ет пен сүттен гөрі, жайылған малдың өнімі әлдеқайда дәмді әрі қуатты болатынына тағы да екпін түсірді. Малды мүмкіндігіне қарай жайылымда бағудың артықшы­лығы мен тиімділігі өте көп деп түйіндеді.

Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы