• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Тамыз, 2018

Емле ережесі талқыланды

1178 рет
көрсетілді

Сана жаңғыруы әліпби жаңғыруынан басталады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматыда өткен «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндет­­­тері» атты республикалық семинар кеңесте кеңінен айтылды. Же­текші лингвист ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында латын әліпбиіне көшудің маңызды мәселелері талқыланды.

Қазақ тілі негізгі емле ережелерінің жалпы жобасын Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ағымдағы жылдың басынан бері әзірлеп, ғылыми қауымға шілде айында тұжырымдама түрінде ұсынған болатын. Концепциядан кейін емле ережені әр тараптан жиналған тілші ғалымдар мен орфографиялық жұмыс тобының мүшелері жан-жақты талқылаған еді. Жұмыс сарапталып, талқыланып, оның негізінде аз-кем толық­тырулар жасалғаны да белгілі. Осы түзету нәтижесін негізге ала отырып, бұған қатысты әлеуметтен сынама-са­уалнама да алынған. Жаңа емле ере­же­нің қанатқақты жобасын апроба­циядан өткізу бойынша еліміздің бірқатар өңір­лерінде, нақтырақ айтсақ Көкше­­тау, Қара­ғанды, Семей, Өскемен, Қызыл­орда, Ақтөбе, Алматы, Астана қалала­рында жүр­­гізілген сынамалардың нәтижелері, ста­­тис­тикалық көрсеткіштері жиын ба­ры­сында жұртшылық назарына ұсынылды.

– Сауалнама негізінде қандай проб­лемалар көрінді және нені енгізу керек деген сұрақтар алға қойылып, күні кеше өткен семинар-кеңесте осы жұмыстар қайта толықтыруға берілді. Мұның ішінде әсіресе, шеттілдік сөздердің жазылуына байланыс­ты мәселелерді баса айтуға болады. Қазіргі уақытта қолымызда 148 параграфтан тұратын ереже бар. Ол ережелерде бұрынғы кирилл әліпбиіндегі ереженің құрылымы сақталып отыр. Дегенмен ішінара ауыс­тырулар мен толықтырулар енгізіліп, баптар ұлғайды. Бұрынғы ережеде айтылмай қалған проб­лемалы тұстарды тауып қайта енгіздік, – дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми-прак­тикалық орталығы Орфо­графия бөлімінің басшысы, профессор Құралай Күдеринова. 

Ғалымдар қауымы орфография өте күрделі сала, сондықтан сауатты жазу үшін орфография мен ғылыми негіз болу керек екенін айтады. Сондықтан оның негізгі принциптеріне сүйену – міндетті. Бұл тұрғыда шетелдердің тәжірибесіне де көз жүгірткеннің артықтығы жоқ. Ең бастысы, тіліміздің табиғаты бұзылмауы керек. Елбасы айтқандай, әліпби деген қатып-семіп қалған дүние емес. Ол жол-жөнекей жөнделе, толықтырыла түседі. Алайда «көш жүре түзеледі» деп қазір реттеуге болатын маңызды мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтынын айтқан бірқатар тіл мамандары өз талап-тілектерін де ортаға салды. 

Кеңейтілген талқылауға қатысқан Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жө­ніндегі Ұлттық комиссия жанын­­­­­дағы орфо­графиялық, әдістемелік, термино­логия­­лық, техникалық және ақпараттық сүйе­­мелдеу жөніндегі жұмыс топтарының өкіл­дері мен Үкімет жанындағы республи­калық терминология және ономастика комис­сия­сының мүшелері өздерінің сарапта­малық пікір­лерімен бөлісіп, латын әліпбиіне біртін­деп көшуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.

Профессор Нұргелді Уәли қазақ тілінің жаңа емле ережесін әзірлеу барысында бас­шылыққа алынған ғылыми принцип­тер мен үрдістерге кеңінен тоқталса, ғалым Айманкүл Алдашева жаңа емленің құрылымын таныс­тырып, емле түзуде қолданылған негізгі тілдік механизмдер мен модельдер жайлы баяндады. Оған қоса семинар жұмысында «Емле ережесі жобасын сынамадан өткізудің алғашқы кезең нәтижелері және жаңа емледегі жаңалықтар», «Емле ережесі жобасын талдау, сараптау, алғашқы кезең нәтижелері», «Термин сөздерді жаңа әліпбимен таңбалаудағы қиындықтар» сынды бірқатар тақырыптарда баяндамалар жасалды. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ