• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қыркүйек, 2018

Жанар-жағармай тапшылығы болмауға тиіс

1202 рет
көрсетілді

Бензин қымбаттап, жанар-жағармай тапшылығы байқалса, әлеуметтің әжептәуір елеңдеп қалатыны белгілі. Жыл сайынғы жанар-жағармай жыры биыл да аздап сезілген-ді. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, оның себебі ішкі нарықтағы тапшылыққа байланысты емес.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет басшысына бер­ген есебінде еліміздің отын-энер­гетика саласы тұрақты да­мып келе жатқанын, ал негізгі көр­сет­кіштерге қол жеткізу ми­нис­­т­р­ліктің тұрақты бақы­лауын­да және мониторингке алын­­ға­нын айтты. «Жалпы, мұнай өнім­дері нарығындағы жағ­­дай тұрақ­ты, жанар-жағар­май тап­шы­лығы жоқ», деді Қ.Бо­зым­баев.

Еліміздің отын-энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты министрліктің басшысы биылғы 7 айдың қорытындысын жариялай отырып, нарықтың сұранысы қанағаттандырылғанын жет­кізді. Мәліметке сүйенсек, 7 ай­дың ішінде мұнай мен конден­сант алу көлемі 53 млн тоннаны құраған, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6 процентке артық көрсеткіш. Үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 32 млн тоннаға жуықтаған, оның ішінде Қашаған кен орнынан – 7,4 млн, Теңізден – 17,2 млн, Қарашығанақтан – 7,3 млн тонна шикізат өндіріліпті. Жеті ай ішінде мұнай экспорты 42,8 млн тоннаны құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 процентке артқан. Ал мұнай өңдеу көлемі 9,2 млн тонна болды. Бұл да 2017 жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 4,5 про­центке артық көрсеткіш. Үш мұнай өндеу зауытында мұ­най өнімдерін өңдеу көлемі 6,4 млн тоннаны құраған, бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 1,3 процентке артық.

Министр атап өткендей, қазіргі таңда жанар-жағармай қоры ішкі нарықтың сұранысын өтеуге жеткілікті. Айталық АИ-92 жанармайы – 336 мың тонна, дизель отыны – 246 мың тонна. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін күзгі орақ науқанына 394,4 мың тонна жанар-жағармай бөлінген.

Елімізде қазіргі таңда үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтіні белгілі. Олар Павлодар, Шымкент және Атырау қала­ларын­да орналасқан. Соңғы кезде­рі осы зауыттар жөндеуден көз ашпай қойды. Өйткені МӨЗ-дер әлемдік стандарттарға сай жаң­ғыр­тылып жатыр. Бұл заман та­лабы. Еліміз еуро-4 және еуро-5 талаптарына көшуі тиіс. Оған қоса, бүгінгі жағдай­да 5-6 млн тон­на­дан аз мұнай өңдеу эко­но­ми­ка­лық жағы­нан тиімсіз, яғни өндіріс қуатын арттыру қажет. Ал жаң­ғыр­ту жұ­мыс­тарынан кейін за­уыт­­тардың қуаты еселене түспек.

Айтқандай, бүгінде елі­мізде төртінші мұнай өңдеу зауы­тын салу туралы келіссөз­дер жүргізілуде. Зауыттың құры­лысына сараптама жасаушылар тобы елдегі автобензин, дизельдік отын және авиакеросинді тұтыну деңгейіне сараптама жасаған. Олар елде қазір жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытын қайта жөндеу жұмыстарын ескеріпті. Зерттеу барысында анықталғандай, отандық МӨЗ-дер жанар-жағармайға сұранысты жапқан күннің өзінде бұл тек ортамерзімді кезеңді ғана қамтитыны белгілі болды. Яғни болжам бойынша, автобензин тапшылығы 2021 жылдан кейін байқалмақ. Ал дизельдік отын тапшылығы 2023 жылға қарай, авиакеросин жетіспеушілігі 2026 жылдан бас­тап сезіле бастайды. Осылайша, ішкі нарықта тапшылықтың жоқтығын тиісті сараптама да айғақтай түскен. Алайда сараптама тобының қорытындысында айтылғандай, елдегі мұнай өңдеу зауыттарының бірі аяқасты жұмысын тоқтатса жанар-жағармай тапшылығы болатынын да атап өткен жөн.

Төртінші мұнай өңдеу зауыты қай жерде салынатыны әзір­ге нақтылана қойған жоқ. МӨЗ салу туралы шешім шы­ға­ру үшін жұмыс тобы алдын ала техникалық-экономи­калық негіздеме жасап, зауыт салы­натын орын мен пара­метр­лері соның негізінде анық­талмақ. Айта кетейік, бұған дейін Энер­гетика министрі Қ.Бо­зымбаев Қазақ­станда 4-ші МӨЗ 2022 жылға қарай салынуы керек деп мәлім­деген болатын. Әрине мұнай өң­д­еу зауыты өте ірі нысан, әрі күр­делі технологиялардан тұрады. Оны іске қосуға кемінде төрт-бес жыл қажет.

Сонымен, тиісті министрлік хабарлағандай, қазір ішкі нарықта жанар-жағармайға ресми түрде тапшылық жоқ көрінеді. Олай болса, бағаның бұл­ғақтауына не себеп? Тап­шылықты қолдан туындатып жүргендер кім? Сұрақ көп, жауаптар да әр қилы. Мәселен, Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов соңғы уақытта дизель отынын тұтыну көлемі артып, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалып отырғанын алға тартады. Сондай-ақ Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының артуына, ішкі нарық пен көрші елдердің шекаралас аймақтардағы бағаның сәйкессіздігіне байланысты отынның шекара асып кетуі де негізгі себептердің бірі дейді. Сонымен қатар үшінші мұнай өңдеу зауытының модернизациялаудан өткізілуі де кері әсерін тигізген. Ал Шым­кенттегі МӨЗ модерни­за­циялаудың екінші кезеңінде тұр. Олар енді қыркүйектен бастап толық өз күшінде жұмыс істемек.

Алайда төртінші зауыттың салынуы да бағаға бұғау болмауы әбден мүмкін. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2025 жылы бірыңғай жанар-жағармай нарығын құру туралы ортақ келісім жасалатынын ескермей кете алмаймыз. Иә, министрліктегілер аталған ұйымға мүше елдердегі көгілдір отынның бағасы қандай болса, Қазақстан да соған сай бағаны өзгертуге мүдделі екенін айтып қалған еді. Ал қазір көрші Ресейдегі жанар-жағармай құны біздегіден екі есе жоғары екенін ескерсек, алдағы уақытта бағаның қалай құбылатынын болжау қиындау болмақ.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»