• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қыркүйек, 2018

Аудандарға инвестиция тартпайынша, іс бітпейді

408 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық деңгейдегі әкімдерге инвестиция тартуға барынша көңіл бөлуді тапсырғаны мәлім. Өйткені инвестиция мен инновация қай кезде де дамудың кілті. Бүгінгі таңда республика өңірлеріндегі аудандардың көпшілігі Үкіметтен қаржылай көмек ретінде субвенция алып келеді. Ал молырақ тартылған инвестиция жағдайында Үкіметтен берілетін осы қаржылай көмекті тиімді түрде жұмсауға мүмкіндік туар еді. Осы арқылы бюджеттің қаржылай ресурстарын үнемдеуге болады. 

Өкінішке қарай, бүгінде аудан әкімдері арасында инвестиция тарту ісінде салғырттық пен енжарлық көріністері басым. Бұл жауапты іс тек облыс әкімдерінің құзыры мен еншісіндегі іс секілді көрінеді. Шындығында республикамыздың алыс-жақындағы аудандарында инвестиция тарту үшін қолайлы алғышарттар аз емес. Мұндай мүмкіндіктер қойнауы қазба байлықтарға толы Ақтөбе облысы аумағында жеткілікті. Мәселен, шалғайдағы Байғанин ауданында бор мен саздың мол қоры бар. Бұл жөнінде аталған ауданның орталығында өткізілген Ақтөбе облыстық әкімдігінің көшпелі отырысында да айтылды. Ендеше оны тиімді пайдалана отырып, инвестиция тарту көздері мен жолдарын неге іздестірмеске?

Өкінішке қарай қазіргі таңда аудандарда инновацияны дамыту үшін тартылған инвестициялар көлемі төмен күйінде қалып келеді. Өткен жылы бұл бағытта өңірге 57 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, оның 72 проценті Ақтөбе қаласының үлесіне тиесілі екен. Ал облыстың Әйтеке би, Қобда және Байғанин аудандарында инновацияны дамытуға мүлде инвестиция тартылмаған. Мұндай жағдайда инновациялық өнімдер шығару жөнінде айтудың ешқандай қисыны болмаса керек. Жалпы, инновациялық өнімдердің 96 проценті Ақтөбе қаласында өндірілгенін ескерсек, аудандардағы бұл істің жай-күйі қандай екендігі айқын көрінеді.

Облысқа тартылған жалпы инвестиция көлемінің 31 процентін шетелдік инвестиция құрайды. Ішкі инвестицияның бір ретін шығаруға болар.

Тұтастай алғанда биыл іске қосылуы көзделген инвес­тициялық жобалардың жалпы саны – 148, ал одан түсетін ин­вес­тициялық қаражаттың көлемі 500 миллиард теңгеден асып түседі. Бұл республика өңір­лері арасындағы ең жоғары көр­сеткіш болмақ. Бүгінде тиісті жо­балардың 80 проценті жүзеге асырылған. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олжас Сма­­ғұловтың мәлімдеуінше, Қоб­­да мен Ырғыз аудандарын­да бірде-бір жоба жүзеге асырыл­маған. Ойыл мен Қарғалы аудан­дарының да жағдайы мәз емес, алғашқысында бір ғана жоба әупіріммен басталса, екіншісінде екі-ақ жоба пайдалануға берілген. Дегенмен соңғы уақытта өңір басшысының аудан әкімдеріне тиісті инвестиция тартуы үшін тың іс-шаралар кешенін белгілеуі бұл іске жаңа серпін береді деген ойдамыз.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ