• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қыркүйек, 2018

Жарқын жетістіктерге жол ашты

248 рет
көрсетілді

Мейрам күндері еліміздің әр өңірінде Ата Заңымыздың айшықты мерекесіне арналған түрлі деңгейдегі іс-шаралар салтанат құрды. Ару қала Алматыда да Конституция күніне орай мерекелік кеш өтті. Республика сарайында шымылдығын түрген думанның басты ерекшелігі сол – тек қана ұлттық нақыштағы музыкалық шығармалар орындалып, мегаполистегі елеулі жетістіктер сараланды. 

Кеш шымылдығын ашқан қала басшысы Бауыржан Байбек Конституцияның Алматы қала­сын­да қабылданғанын атап өтті. Сондықтан бұл күннің ал­ма­ты­лықтар үшін ерекше мейрам екенін жеткізген әкім жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.

Республика сарайын лық толтырған көрермендер тамыры тереңде жатқан халық әндерімен сусындап, тіпті кейбірін өнер­паз­дармен қосыла шырқады. Домбыра шанағынан төгілген күмбірлеген күй әсем кештің ажарын арттыра түсті. Сондай-ақ кеш барысында еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен сан қилы жолынан сыр шертетін арнайы бейнероликтер де көрермен назарына ұсынылды.

– Еліміздің ең маңызды ме­рекесі – Конституция күні. Са­нау­­­лы жылдар ішінде жас мем­ле­­­кетіміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет бас­шы­сының бастауымен еліміз дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақ­сат етіп қойды. Барлық табыс халқымыздың еңбегі, Тәңірдің берген сыйы, – деді Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шмит Илясов.

Шаһар басшысы Елбасының бастамасымен іске қосылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша Алматыда 5,1 млрд теңгеге тұр­ғын үй несиесінің 36%-і бе­ріл­­генін атап өтті. Оның үстіне елі­міз­де ұсынылған 1,5 мың пәтер­­дің 40%-і де осы Алматыға тиесілі.

Алматыда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойын­ша таяудағы үш жыл ішін­де 37 жатақхана салынады. Қа­зір­­­дің өзінде 4 мың орындық 7 ны­сан­ның құрылысы басталды. Оның төртеуі биыл пайдалануға беріледі. Өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қалада тұрғын үй салу деңгейін 7,5%-ке дейін көтерді. Бұл осы жылдың 7 айы ішінде 1 млн шаршы метрден астам үй салынғанын көрсетеді», деді ол.

Айта кетерлігі, «Алматы жас­тары» қалалық тұрғын үй бағ­дарламасы бойынша соңғы екі жылда қала бюджетінен 3 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 100-ден астам жас отбасы жеңіл­де­тілген жағдайда пәтер алған болса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаймақ.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ