• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қыркүйек, 2018

Біткен іс те бар, атқарылар шаруа да аз емес

1092 рет
көрсетілді

«Жұмбақ жайлап, аңыз өрген» Маң­ғыстау өлкесіне, көк тол­қын­дары алас ұрып, жағалауын­да алтын күн әлдилейтін Каспий теңізіне сапарлап келіп, демалып кету –­ көптің арманы. Шетелдік қонақ­тарды айтпағанда, отандастарымыз үшін алыс-жақын шетелдерге сапарлаумен қатар, өз елімізді, өз жерімізді танып, өзімізде барды бағалай білгенге не жетсін?! 

Бұл мүмкіндікке қазақ даласы, соның ішінде Маңғыстау өңірі толығымен сай келеді – өлкедегі керемет табиғат көріністері, шөл даланың таңғаларлық ландшафтарының барлық түрін, қарт Каспийдің көкшіл суы мен шексіз құм­ды жағажайын, көшпелі сәулет өнері­­нің қайталанбастай көрнекті үлгі­лерін, қазақтың алғашқы қауымдық дәс­түрлі мәдениетін өзіне сіңіріп алған құнды­лықтар әрбір қонағын қуантатыны анық.

Соңғы жылдары Каспий жағалауына «жан бітті» – заңсыз құрылыс нысандары сүріліп, тас жолдар төселіп, демалыс және балалар үшін ойын алаңдары жасақталды. Жекелеген демалыс орындары бой көтеріп, көк теңіз бетінде арнайы су көліктерімен серуендеп, сауық-сайран құру басталды. Осы орайда Ақтауда «Скальная тропа» атты бірегей жобаны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Құны 1,9 млрд теңгеге есеп­телген бұл жоба тік жартастар арқы­лы қалалық променад және құмды жаға­жайлар арасындағы ұзындығы 1,5 шақы­рым өзіндік «көпір» болады.

– Соңғы кездері далалық аймақтармен бірге облыс орталығы Ақтау қаласының көркін арттырып, туристерді қабылдау қолайлылығын дамыту жұмыстары да басты назарда. Қалалық жағажайды абаттандыру маңызды жоба болып табылады. Жағажайға амфитеатрмен бірге, қазақ халқының аңыздары бо­йынша жасақталған көптеген шағын сәулет нысандары орналастырылады, – дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Г.Сүйеуова.

Сондай-ақ Ақтау қала­сының ин­вестициялық тар­тым­ды­лы­ғын қол­д­ау мақсатында жаға­­жай аймағын электр, су, газбен жаб­дық­тау желі­сін қайта жаңартуға жоба­лық смета­лық құжаттар жасақтау жұ­мыс­­тары аяқ­талуда, құрылыс-мон­таж жұ­мыс­т­арын 2019 жылы бастау жос­­пар­­л­а­н­ған. Тамыз айының 11-12-де Ақтау қала­сында өткен «Бесінші Кас­пий сам­миті» аясында Маңғыстау об­лы­сы­­ның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, бірқатар ауқымды жобаны іске қосқан Елбасы Н.Назарбаев «Tree of Life» демалыс базасында болып, демалушылармен жүз­де­скен болатын. Базадағы жолға қойы­лған заманауи туристік бағытқа риза­шылығын білдірген Мемлекет басшысы Ақтауды Қазақстанның Анталия­сына айналдыру қажеттігін баса айтты. Сон­дай-ақ Елбасы көлік-логистикалық әлеуе­тін дамыту үшін мемлекет тарапы­нан зор қолдау көрсетіліп, мол қаражат құйылған Маң­ғыстауда енді туризм саласын қолдау керектігін қозғаған еді. «Теңіз қақпасы» Ақтаудың ажары мен көркі су жолы арқылы келетін қонақтардың көңілін қуантса, қаладағы туристік әлеует, сер­вистік қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейге көтерілуі тиіс.

Қуанарлығы, өңірдегі туризм сала­сын дамытудағы серпінділік бизнес өкіл­­дерінің қазақстандық туризм бола­ша­ғына деген қызығушылығын оятумен қатар, сенімін нығайта түсті. Олар үмітті нысандар мен жобаларға инвестиция сала бастады. Қазіргі таңда аймақта 41 туристік фирма және теңіз жағалауында 29 демалыс орны тіркелген. Жағалаудағы демалыс орындары заманауи үлгідегі бесжұлдызды қонақүй, жекелеген демалыс шатырлары, ұлттық асүйлер, өзге де жайлы демалысқа қажетті барлық жабдықтар жасалған.

Теңіз жағалауындағы «Фламинго» балаларды сауықтыру лагерінің екінші кезеңі – спорт кешені және теңіз суымен жазғы бассейннің құрылысы бас­талды. Бассейн құрылысын салу үшін 26 млн теңге инвестиция құйылып, бала­лар­дың ойын алаңшаларын абаттан­дыру жүргізілуде. Сондай-ақ «СКР-Снаб» ЖШС бастауымен бесжұлдыз­ды «Нұр» емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Достар» қонақүй кешені­нің аумағында хостел, мотель, қонақүй апар­­­та­менттерінің құрылысы салы­нып ж­а­тыр, аквапарк пен сауықтыру-кө­ңіл көтеру кешенінің құрылысы биыл аяқталмақ.

Ақтау қаласынан 25 шақырым қа­шық­тықтағы «Tree of Life» демалыс база­сы қала тұрғындары мен қонақтар­дың қызығушылығына ие. Базада аква­паркке келушілер үшін сыйымдылығын кеңейту бойынша жоба жүзеге асырылды. Ересектер мен балаларға арналған жаңа екі су аттракционы қондырылды. Базаның аумағында фитнес-зал мен 2 бассейн, 22 нөмірлік қонақүй, жеті 2 қабат­ты отбасылық үйшіктер салын­ды, ай­мақты абаттандыру бойынша жұмыс­тар жүргізіліп, 45 метрлік толқынды бас­сейн­нің құрылысы аяқталды, нөмірлік қоры 79-ға дейін өсті. Ал «Самал» қонақ­үй кешенінің аумағында «Holiday Inn» брендімен қонақүйдің құрылысын қайта салу және аквапаркті салу бойынша жобаалды жұмыстар қолға алынған.

– Маңғыстау облысының туристік және рекреациялық әлеуетін дамыту және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қол­дау мақсатында 2ГИС Ақтау ком­пания­сы туризм басқармасымен бірле­сіп, Маң­ғыстаудың 24 сакралдық және тари­хи-мәдени ескерткіштерін цифр­лы картаға енгізу жұмысын атқарды. Атал­ған іс-шараларды жүзеге асыру – өңірдің туристік әлеуетін ілге­рі­лету­­ге, облыста шетелдік және отан­дық ту­рис­­т­ер ағынының өсуіне, туризм са­ла­­сын­да шағын және орта биз­нес­ті дамыту ар­қылы өңірде жаңадан жұ­­мыс орындарын ашып, жұмыс­сыз­­­­дық­ты азайтуға ықпал етпек, – дейд­і Маң­­ғыстау облыстық туризм басқар­­масы басшысының орынбасары Г.Қойқарақызы.

Маңғыстау далалық туризміндегі қанатқақты жобалардың бірі – «Көгез» этноауылы. 2016 жылы басталған жоба қазір облыс тұрғындарының да, шетел­дік қонақ­тардың да сүйікті орыны. Маң­ғыс­тау ауданының орталығы Шетпе кенті­нен 14 шақырым қашықтықтағы жер қазір 12-13 киіз үй қаз-қатар тігіліп, өрісінде жылқы жайылып, ауласында киіз басып, жүн түтіп, қонақтарға шашу шашып, бауырсақ, қымыз, құртын ұсы­на­тын нағыз қазақы ауылға айналып келеді. Этноауылда той, құдалық жасап, жылқыға мініп суретке түсуге құмар­татын­дар көп.

– Қонақтарға жағдай жасау – бас­ты міндетіміз. Көгезге электр желісі тартылып, киіз үйлерге салқындатқыш орнатуға, тоқ тетіктерін орнатуға қол жеткіздік. Қонақтар қалауларына қарай киіз үйлерде, сондай-ақ қонақүйлерде түнеу мүмкіндігіне ие. Этноауыл жұмы­сын жолға қоюда зор еңбек сіңірген серік­тесім Евгения Слесарованың көмегі­мен туристерді жайлы автобустар­мен немесе өзге де көліктермен күтіп алып, өздері қалаған бағыттарда Маңғыс­тау­дағы туристік орындарды аралатамыз, – дейді «Көгез» этноауылы жобасы серіктестерінің бірі Мұқағали Ербозов.

Өткен жылы Жапония, Қытай, Фран­ция, Ресей, тағы басқа елдер­ден жүз­деген турист атбасын тіреген этно­­ауыл­­­да электр желісі мәселесі шешіл­ген­мен, су және газ мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ауыз суды тасы­малмен алдырса, абаттандыру, өзге де техникалық жұмыстар үшін ауыл маңындағы ұңғыма суын пайда­л­анады. Маңайдағы бір­неше ауыл­дар­дың малы бас қойғанда бұл құдық­тың суы сарқылудан сыр беріп, арнайы кезек­ке тұруға мәжбүрлеген. Этно­ту­ризм бағытындағы алғашқы жоба және келім-кетім қонақтардың арнайы барар орталығы, жолшыбай өткен жо­лау­­­шының аттан түсіп, аяқ суытып түнеп өтер мекені – «Көгез» этноауылын көр­кейту, әсіресе өз алдына су ұңғы­масын қазып беру мәселесіне жергілікті әкім­шілік, кәсіпкерлер назар аударып, қолдау көрсетуі қажет-ақ.

Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде 13 мыңнан астам тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, құжатталды. 440-тан астам ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынды, олардың жиырма бірі республикалық маңызға ие. 249 археологиялық ескерт­кіші толықтай зерттелген десек, оларға тас дәуірі соңындағы тұрғын кешендер, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі діни-жерлеу нысандары, ортағасырлық ескі қалалар, бекіністер, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан керуен сарайлары, археология, сәулеттің үлкен және шағын формалары кіретін 140 кешендік ансамбльдер, сонымен қатар сәулет пен құрылыс мәдениетін танытатын 60 ескерткіш жатады. Маңғыстаудағы жер асты мешіттері, қауым-қойылымдардағы құлпытастар мен тамдар ерекшеліктері туристерге зор әсер сыйлайтыны анық. Алайда облыс орталығынан өте шалғай жатқан туристік нысандарға апаратын жол салу, өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді шешу күн тәртібінде тұр. Ол оңай шаруа емес екені белгілі, бірақ қажет, өйткені туристердің қауіпсіздігі – басты мәселе.

Бүгінде Маңғыстауда туризмді дамыту үшін шешілуі тиіс басым бағыт­тардың бірі – инфрақұрылым мәсе­лесі болса, екіншісі – жоғары деңгей­де сервистік қызмет көрсету. Үшіншіден, туристер тарапынан келген-кеткен жеріне құрметпен қарау, тәртіпті, тазалықты сақтау қағидат­тарын талап ету тетіктерін енгізу де барын­ша маңызды. Маңғыстаудағы дала­лық ескерткіштердің, әсіресе әулие­лік орындардағы ұрпақтар ұйымдас­тыруы­­мен, халық қаражатымен салын­ған түнеу­ханалар қазір туристер үшін ақысыз дала­лық қонақүй қыз­метін атқаруда. Түнеу­ханалар мен мешіт­тердің, қауым-қорым­дардың тазалығын сақтап, тәртібіне бағындыру, жүріп-тұру ережесін анықтау – туризмді жабайыландырмай, бір ізге түсірудің маңызды тармағы болып табылуы тиіс.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы