Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында киелі Түркістан қаласында жаңа облыс орталығын құру өзін-өзі басқаратын жеке әкімшілік орталық ретінде өлкенің тарихи маңызын қайта жаңғыртудың символы болып табылатынын атап өткен еді.
Мемлекет басшысы Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінде де ежелгі дәуірден тамыр тартатын Түркістан қаласы облыс мәртебесін алғанын, осылайша түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын да айтқан болатын. Елбасы айтқандай, бұл – шын мәнінде тұтастығымызды нығайтып, елдігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға. Осы орайда киелі қаланы облыс орталығы ретінде дамыту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қаланы абаттандыру, көркейту тұрғысында айтылып жатқан ұсыныс-пікірлер де аз емес. Мәселен, Түркістаннан 50 шақырымға жуық қашықтықтағы Сырдария өзенін терең канал қазу арқылы иіп әкеліп, қала ішімен айналдыра арнасына қайта құятын суландыру жобасын ұсынушылар бар. Түркістанға көшіп келуші мемлекеттік қызметшілерді баспанамен, олардың отбасын жұмыспен, мектеп-балабақшамен толық қамтамасыз еткенге дейін таңертең облыс орталығына, ал кешқұрым Шымкентке қатынайтын жүрдек пойыз жүргізуді қалайтындар да жетерлік. Қандай да болсын, ұсыныс-пікірдің негізінде қаланың ертеңін ойлаған жанашырлық жатқаны мәлім. Дегенмен, бүгінгі таңда бірінші кезекте көшіп келгендердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесі тұрғаны мәлім. Қоныс аударушылар негізінен мемлекеттік қызметшілер. Бұл орайда облыс әкімі Ж.Түймебаев мемлекеттік органдар үшін Түркістан қаласынан аумағы 11 680 шаршы метр 12 ғимарат белгіленгенін айтқан болатын. Көшіп баратын жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне жалға алуға жекеменшік 67 пәтер ұсынылған. Пәтерді жалға алу құны, өңір басшысының айтуынша, орташа есеппен 50-80 мың теңге аралығында екен.
Үкімет резервінен ғимараттарды жалға алуға – 108,0 млн теңге, тұрғын үйлерді жалға алуға – 274,8 млн теңге бөлінген. Түркістан қаласында коммуналдық меншіктегі уақытша тұруға 305 орындық жатақхана, 14 қонақ үй, сонымен қатар Кентау қаласында 275 орындық жатақхана мен 7 жеке тұрғын үй дайын тұр. Яғни мемлекеттік қызметші далада қалмайды. Уақытша болса да тамағы дайын, бөлмелері таза, киім-кешегін жууға мүмкіндік жасалған қонақ үйлерде өмір сүргісі келетіндер де аз емес. Кейбірі бірлесе қонақ үйдің бөлмесін жалдап та тұрып жатыр. Жалпы «Түркістан облыс орталығы болғалы жылжымайтын мүлік пен пәтер жалдау ақысы шарықтап кетті» деген хабар көш басталмай жатып-ақ тараған болатын. Бұл ақпарат бертін келе де бәсеңсімей, ел аузында жүрді. Алғашқы көш легімен ілесе барған біз де ақпараттың анық-қанығын зерттеп көрген болатынбыз. Әрине мемлекеттік қызметшілердің таңдауы алдымен көпқабатты үйлердегі пәтерге түседі. Орталық жылу жүйесіне қосылған, басқа да коммуналдық қызметтермен қамтылған баспанаға сұраныс көп. Расында да жеке тұрғын үйлердің де, пәтерлердің де сатылу құны мен жалға беру бағасы едәуір қымбаттапты. Мысалы, Түркістандағы №1, 2 шағынаудандарда жалға берілетін пәтер бағасы жылдар бойы 20-25 мың теңгеден аспаған. Ал қазір жайлы деуге келіңкіремейтін бір бөлмелі баспананың өзіне жалға берушілер айына 35-40 мың теңге сұрайды. Шағынаудан тұрғындарының айтуынша, «Түркістан облыс орталығы болады» деген әңгіме шыққаннан-ақ пәтерлерді қос-қосынан сатып алғандар еурожөндеу жүргізіп, жаңа жиһаздармен жабдықтап, жалдаушыларға ұсынуда. Сондай-ақ жөндеу көрмеген пәтерлерін 50-70 мың теңгеге жалға беріп, өздері ауылда тұрып жатқандар да бар екен. Яғни уақытша болса да баспанасын күнкөріс көзіне айналдырған. Жергілікті «Turan zharnama» газетінде бүгінде «тез арада 1-2-3-4 бөлмелі пәтерлер, үй жалға беріледі» деген хабарландыру көбейген. Қатары көбейген риэлторлар қызметі де қарқын алған. Солардың біріне хабарласқанымызда бір бөлмелі пәтерлерді жалдау бағасы 35-40 мың теңгеден басталатынын, еурожөндеу көрмеген үш бөлмелі пәтерді 50 мың теңгеге табуға болатынын, жағдайы одан тәуірлері 60-70 мың теңге екенін білдік. Ал еуролюкстерді ауданына қарай айына 80-130 мың теңге аралығында жалдай аласыз. Арадағы делдалдар баға бұдан да жоғары болатынын ескертіп те үлгерді. Қыс айларында от жағып, күл шығаруды қажет ететін «Отырар», «Бекзат», «Шавғар» шағынаудандарындағы жер үйлерді жалға алу бағасы 15-20 мың теңге. Алайда ондай үйлерге сұраныс жоқтың қасы екен. Сатылатын пәтерлер мен үйлердің бағасы да күрт қымбаттаған. Тұрғындардың айтуынша, жөндеуді қажет ететін бір бөлмелі пәтер – 4 миллион, екі бөлмелісі 8 миллион теңге тұрса, үш бөлмелі пәтердің бағасы – 9-12 миллион теңге аралығында.
Пәтер жалдауға сұраныстың мұншалықты жоғары болуы уақытша жағдай екені мәлім. Олай дейтініміз, мемлекеттік қызметкерлерді және Түркістанның тұрғыны болғысы келетіндерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Мысалы, Түркістан қаласында 1200 пәтерлі 20 және Кентау қаласында 420 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске асыру мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен қалада 360 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту мақсатында да бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылған. Дегенмен кешенді жоспарға енгізілген бірқатар жобалар қолдау таппай отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Түркістанға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Б.Сағынтаевты хабардар еткен де болатын. Қолдау таппай отырған жобалар ретінде облыс әкімі Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қажетті 3 подстанса құрылысын атады. Жаңа әуежай мен жаңа теміржол вокзалын салу және қажет. Облыс тұрғындарының облыс орталығына қатынасын жеңілдететін айналма жолдар салу да маңызды. Облыстық туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансерлер құрылысы, қалаға қосымша ауыз су және кәріз жүйесін тарту, сондай-ақ, табиғи газ жүргізу де мемлекеттік деңгейдегі қолдауды керек етеді. Алдын-ала есеп бойынша инфрақұрылымға 5,5 млрд теңге қажет.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа облыс орталығымен жол қатынасын жақсы жолға қойып, тұрғын үй құрылысында инновациялық технологияларды қолдану мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Шымкент – Түркістан» және «Шымкент – Сарыағаш» темір жол бағыттарына облыс бюджетінен биыл 196 млн теңге субсидия қаралып, бірінші жартыжылдықта оның 122,2 млн теңгесі игерілген. Бұл бағыттар облысаралық болып өзгерді. Ал жыл соңына дейін «Түркістан – Бадам» және «Түркістан – Сарыағаш» жаңа темір жол бағыттарын ашу көзделіп отыр. Кентау, Арыс қалалары мен Шәуілдір, Шолаққорған, Мырзакент елді мекендерінде тікелей Түркістанға қатынайтын қоғамдық көлік бағыттары ашылған. Жыл соңына қарай қалған аудан орталықтарында Түркістанға жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер жүргізу жоспарланып отыр.
Облыс орталығына көшіп барғандардың айтуынша, бүгінгі таңда көшелерді жөндеу, көркейту, сауда орындарын тәртіпке келтіру, қала тазалығын сақтау мәселелері қайта қарауды, назарға алуды қажет етеді. Сондай-ақ қызмет көрсету, көпшілік тамақтанатын орындарда тағамдардың сапасын жақсарту, көбеюіне байланысты көлік қозғалысын реттеу де өзекті мәселелердің бірі.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы