Қарағанды облысында ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми бастамалары мен мұрасын дәріптеу мақсатында «Қ.И.Сәтбаев – Тұлға. Патриот. Ғалым» деген тақырыпта халықаралық симпозиум өтті. Облыс әкімі Ерлан Қошанов ауқымды басқосуға еліміздің әр өңірінен және бірқатар шетелдерден арнайы келген археолог ғалымдармен кездесті. Олардың қатарында Ежелгі Шығыс Азиядағы темір дәуірін зерттеу орталығының директоры, Жапонияның Эхимэ университетінің профессоры Ясуюки Мураками, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының профессоры Сергей Кузьминых, Урал мемлекеттік университетінің (Екатеринбург қ.) профессоры Людмила Корякова, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Сағындық Жауынбаев, Сарыарқа археологиялық институтының ғылыми қызметкері Игорь Кукушкин сияқты белгілі зерттеушілер бар.
– Қарағанды өңірінің жер қойнауы ғана емес, тарихы да аса бай, – деді кездесуде сөз алған облыс басшысы. – Ғалымдарымыз Арқа төсінің талай құпиясын ашқан, дегенмен, өлкеміздің әлі қаншама ашылмаған сыры бар. Сондықтан сіздердің алдағы зерттеу жұмыстарына қосар үлестеріңіз зор.
Жапон ғалымы Қарағандыға осымен төртінші мәрте келіп отыр екен. Ол бұған дейін Қарқаралыдағы Кент тауының қатпарларын зерттеу экспедициясына қатысқан.
– Тарихи жерлермен танысып, ғылыми қазба жұмыстарына қатысуға профессор С.Жауынбаев бастаған экспедиция зор мүмкіндік берді. Қарағанды облысында металл өндірісін терең түсінуге болады. Мен қазақстандық ғалымдармен археологиялық жұмыстарды одан әрі жалғастыруға мүдделімін, – деді Ясуюки Мураками.
Ал Ресей Ғылым академиясының өкілі С.Кузьминыхтың айтуынша, талай ғасырлар бұрын қазақ жері Еуразия кеңістігін түрлі металдармен қамтамасыз еткен үлкен орталық болғанын дәлелдейтін археологиялық айғақтар бар.
– Орталық Қазақстандағы тау-кен ісі мен металлургияның бастауында Қаныш Сәтбаев тұр, – дейді археолог. – Оның ісін қазақстандық археологтардың бірнеше буыны жалғастырған. Десек те, зерттеуді қажет ететін тың дүниелер әлі де көп. Мысалы, профессорлар Я.Мураками мен С.Жауынбаев біздің дәуірімізден де бірнеше мың жыл бұрынғы қола дәуірінде темір өндірісі болған деген тұжырымға бастайтын маңызды дәйектерге қол жеткізді. Бұл аса тың әрі таңғажайып мәселе. Бұл материалдар Еуразия кеңістігіндегі металлургияның қалыптасу тарихын зерттеуге айтарлықтай жаңалық болып енбек.
Кездесуді қорытындылаған Ерлан Қошанов симпозиумға қатысушыларға алғысын білдіріп, туған өлке тарихын мақтан тұту, барымызды көрсете білу перзенттік парыз екенін еске салды.
– Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алдымызға қойған мемлекеттік маңыздағы тапсырмалардың бірі, – деді Ерлан Жақанұлы. – Яғни тарихымызды зерделеу, археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми зерттеулерге ден қою керек. Бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Ғылыми жұмыстарға шетелдік мамандар да үлес қосса, мүмкіндіктеріміз арта түспек.
Биыл Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласы өзінің 45 жылдығын атап өтуде. Симпозиум жұмысы аты да, заты да металлургиямен, қазақ кен ісінің атасы Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты шаһарда жалғаспақ. Осы ғылыми жиында кеңес құрған ғалымдар келешекте бірлесе жұмыс істемек. Олардың ізденістері мен еңбектері ел мен жер игілігіне қызмет етері күмәнсіз.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ