• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2018

«Қалдырғанды» қорғау немесе ән әлеміндегі әдепсіздік

820 рет
көрсетілді

Жүрісі үстінен су төгілмес жорғадай жайлы жеңіл машина баяу сырғып келеді. Сынықсүйем ашылған терезеден соққан самал жел тұла бойыңды рахат бір сезімге бөлеп, жаның жай тап­қан­дай. Машинадағы радиодан ән төгіліп тұр. Қоңыр әуен, қо­ңыр ән. Бір кезде әлдебір ән бас­­тал­ды. Әуелі әуені. Өсім­дік біт­­кен­нің ұшар басын жұл­ма­ла­­ған дауыл, содан соң шұр­қы­рай кісінеген жылқы үні. Әл­де­­қайдан дабыл қағылып, сы­быз­ғы шегін тартты. Содан соң ән басталды. Кәдімгі Үкілі Ыбы­­рай­дың «Қалдырғаны». Тек соңғы кезде оңбай өзгеріске түс­кен. Әуелгі ән падишасы Үкілі Ыбырайдың өзіне ғана тән асқақ әуен, шымыр иірім, те­рең мазмұн басқаша көрініс тап­қан. Қазіргі нобай даңғыра му­зы­каның, сазды әуеннен гөрі жеңіл, жүйрік ырғаққа құрылған. Ар­тына өлмес мұра қалдырған Үкілі Ыбы­рай­дың ғажайып туын­дысы­ның бәлкім, жұқанасы ғана бар. Әуен жетегіндегі сөз де, әр сөз­­дің ас­та­рындағы қатпар­лы қа­­лың ой да жұқарған, жеңіл­де­тіл­­­­ген, маз­мұны ауысып, мағы­насы сол­ғын тартқан, яки, басқа кейіпте. 

– Қазір осындай бір сипат өріс алып тұр, – дейді белгілі айтыскер ақын Иран Илияшев, – жалғыз «Қалдырған» ғана емес, Ақан серінің де қайталанбас туындылары әркім-әркімнің өзгертуімен жұлмаланып, жүдеп, қанық бояу, айрықша реңнен ажырап бара жатыр. Әуені ғана емес, асыл сөзі де. Мысалы Ақан атамның «Қара­тор­ғайын» былайша бұзып айтады:

Ағаштың бұтағына қонып алып,

Сайрайды таң алдында қара торғай.

Асылында қара торғай бүр­кіт­тің аты. Зілғараның Әлібегі Ақан серіге тарту еткен әйгілі қы­ран бүркіт. Аты – Қараторғай. Қара­торғай әбден қартайып, қона алмай қалғанда бір кезде көк жүзінде жасындай ағып, иесіне, аңшы қауымға қан­шама қуаныш сыйлаған, саят көр­сет­кен құс төресін аяп Ақан ата­мыздың шығарған әні. Тұяқ­ты­ның бәрі тұлпар емес, қа­нат­ты­­ның бәрі сұңқар емес. Ақан сері­­нің өзі көмейіне ән қонақ­та­­ған асылдардың озығы болса, Қара­торғай қанаттының ішіндегі қыраны, шын қыраны. Құс қана­ты­мен ұшып, құйрығымен қона­ды. Қанат пен құйрықтан айы­рылған, әбден қартайған Қаратор­ғайы ұшуын ұшқанымен, қона алмай шырылдағанын көзі көрген Ақан серінің жан күйзелісі, ша­мырқанған сезімдерінің шарпысуы. «Астына қанатының маржан тағып». Әнде осындай сөз бар. Түсінбеген адам бүркіт­­ті әс­пет­теп маржан тағып қой­ды деуі де мүмкін. Маржан емес ол, қона алмай көк жүзін кезген, шырылдап жылаған, шырқырап иесіне жалынған бүркіттің тері, әйтпесе, көз жасы. Осындай ән гауһарын қырнап қырып, қасиетін кетіруге бола ма?!

Шынында да, Алашпен бірге жасасатын мәңгі өлмес ән маржандарын жаңаша жаңғыртып, қайта өңдеу дұрыс па? Әлде, бас­тапқы сары алтындай сал­мағы­мен, керімсал самалдай таз­алы­ғымен қалғаны жөн бе?

– Қытайда мұндай қиянатқа жол берілмейді, – дейді Қытай еліне еңбегі сіңген әнші Төкен Ілияс. – Қазіргі тілмен айтқанда, авторлық құқық бар, әркімнің төл туындысын қорғайтын арнайы заң бар. Тіпті бәрін былай қойғанның өзінде туған халқына көл-көсір қуаныш сыйлаған, артына өлмес мұра қалдырған асылдардың ғажап туындыларын өзгертуге ешкімге мұндай құқық берілмесе керек. Егер шынымен, сазгер болсақ, көкірегіңде әннің күбісі күмпілдеп тасып, төгіліп тұрса, өзің жаңа әуен шығарып ал. Соған лайық сөз жаз. Сөйт те, тыңдаушы табылса, айта бер. Ал өткенді өзіңше жаңғырту, сұрау­шысы жоқтай құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шүн­титіп қорлау, әрі-беріден соң  адамгершілікке де жатпайды ғой. 

Талай сахнаның төрінде төгіл­тіп ән шырқаған Төкен Ілияс­тың бір пікірінде артында жоқ­таушысы жоқ болған соң деген де ой айтылды. Неге жоқ бол­сын?! Алғашқы күйінде тың­даған, таза кезінде тамсанып, ән толқынында тербелген ел бар, жұрт бар. 

– Өз басым халық әндері­мен бірге Біржан салдың, Ақан сері­нің әндерін сүйіп орындай­мын. Қазір ән таңдаудың өзі әупірім­деп ат­қа­ры­латын, санаға салып сал­­мақ­тап, сүзгіден өткізетін үлкен шаруа,–дейді әнші, Қазақ­стан Республикасының мәде­­­­ниет қайраткері Мереке Бек­ма­­­ғамбетов, – таза өнер кірпияз, таңғы шықтай мөлдіреген таза­лықты ғана ұнатпақ. Ал мін­сіз әуен, Абай хакім айтпақшы, «Құлақ­­тан кіріп бойды алар» асыл сөз бұрынғыда. Сондықтан жөн-жосықсыз өткенді өзгертіп, өзге­ше өң беру, бүгінгі жастардың тың­дауына жақсы деген болымсыз себеп айту өнер адамына жа­­ра­с­пайтын қылық. Мұндайға тоқ­там, тыйым салған дұрыс. Ер­т­еректе теледидарда да, радиода да музыка редакциясы болатын. Сонда қазақ өнерін былай қой­ғанда, алыс-жақын шетелдің сан алуан ағымдағы ән әлемін бес саусағындай білетін білгірлер сарапқа салатын. Ол жерде бұра тарту, бүйрегі бұру жоқ. Өмір­шең өнер ғана өріс жаймақ. Ал былайша, «Қалдырғанды» қор­лау, жалғыз «Қалдырғанды» ғана емес, барлық мұраны мансұқ ету өнерліні өрге шығармайды. Осы пікірімізге, сіз де қосыларсыз, қадірлі оқырман!..    

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы