Еліміздің бас газетінен танымал журналист Сүлеймен Мәметтің «Ұлт тағылымы» («ЕҚ», 1-тамыз, 2018 жыл) деген бағанын оқып, көбіміздің көкейіміздегі жайтты сөз еткеніне риза болып, қолыма қалам алдым.
Қай халықта да ешқашан ескірмейтін, құнын жоймайтын, өне бойы қасынан табылатын, ден қойған адамға дұрыс жол көрсететін мұра, рухани қазына бар. Оған қол жеткізу үшін, одан сабақ алу үшін алысқа барудың, қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Ол әркімнің үйінен, кез келген кітапханадан, үлкендер сөзінен табылады. Ол – әдебиеттегі, философиядағы тағылым, даналық, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, ұлт тарихы, дәстүрі.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейді. Өкініштісі сол – бұл қазынаға көңіл аударып, іздеу салып жатқан адамдар көп болмас.
Шынында да, ұлтты өсіретін, озық елдер қатарына қосатын тек қана жер байлығы, кен байлығы емес, рухтың мықтылығы, ұлт тағылымы, адам бойындағы ар-ұят, намыс. Жапондарда ар-намыс, жігер, еңбекке деген ықылас, зор патриоттық сезім, темірдей тәртіп бар. Сол арқылы бұл ел алдыңғы қатардан орын алып келеді. Қазақ дәстүрі, қазақ тағылымы да ежелден бері ұрпаққа осындай рухани құндылықтарды ұсынып, аманат еткен.
«Біз, деп атап көрсетеді мақала авторы, жақсылық жолға салған бабалар сөзінен көз жазып қалғандаймыз».
«Бізге қазір не жетпейді?» – деген орынды сұрақ қояды автор және оған өзі: «рухтың мықтылығы, жан мен тән тазалығы» деп жауап береді. Тап солай деп қостағымыз келеді. Тағы да авторға сөз берейік: «Ұлттық танымды (тағылымды) көбіміз күнкөрістің шеңберімен шектеп қойдық. Өзімізді қойып, бесіктен белі енді шыққан ұрпағымызды ұлттың «құлы» бол демей, уақыттың құлына айналдырып, бәрін ақша шешеді дегенге сендіріп бара жатқандаймыз. Жабайы капитализмнің жексұрын «жетістіктерін», нарықтың кейде халыққа емес, кейбір адамдарға қызмет ететін тұстарын желдей кернетіп, арды емес, ақшаны алға шығарып жібердік».
Өсетін елдің, ұлттың көксейтіні күнкөрістің күйбеңі ғана болмауы керек. Өсу, жетілу, алға жылжу, өркениетті жолға түсу болуы керек.
Әл-Фарабиден шәкірттері сұрайды: «Ең мықты ел қандай ел?» деп. Сонда ғұлама қысқа ғана: «Қайыршысы жоқ ел» деп жауап береді. Халқы күнкөрістің қамын ғана ойлайтын елді дамыған ел деп айта алмайсың.
Соңғы кезде газеттерде, радиода, теледидарда сын, өзара сын көрінбей, кемшіліктер туралы ештеңе айтылмайтын болды. Сонда бәрі де ойдағыдай болғаны ма? «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ғой қазақ. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демей ме?
Әрине, елдің жетістігін айту керек, көпшілік оны көруі керек. Ел үшін, ұлт үшін қуанып, анда-санда мақтаныш сезіміне бөленген де жақсы. Бірақ мынаны да ескеру керек. Өмір қайшылықсыз болмайды. Жетістіктермен бірге кемшіліктер де, олқылықтар да болады. Күн сайын көріп жүрген нәрсе. Неге бұл кемшіліктер жойылмайды, қайталана береді? Жетістіктер ешқайда қашпас, ешкім оны тартып алмайды. Кемшіліктерді жою үшін ашық айту керек, талдау керек, кемшіліктерге жол берген кадрларды жауапқа тарту керек.
Мақала авторы Алаш арысы Смағұл Садуақасұлының елдің кемел келешегін ойлап айтқан пікірін келтірген екен: «Кемшілікті айту – ұят емес, бар кемшілікті жоқ деп, одан құтылуға тырыспау ұят». Бәрімізге де арнап айтылған дерсің.
Ел болып, ұлт болып кемшіліктерді жою үшін адамдарды ойландыратын, ортақ іске жұмылдыратын, белсенділікке жол ашатын амал не болса соны айтып мақтау, мақтану емес, қордаланған проблемаларды алға тарту, шешу жолдарын іздестіру болса керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Жайылып кеткен жемқорлықпен күресу үшін тиісті органдармен бірге бүкіл халық атсалысуы керек. Ол үшін, Елбасы атап көрсеткендей, адамның санасын, ниетін өзгерту керек, қоғамдық сананы жаңғырту керек. Рухани жаңғырудың мәнісі осы. «Біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Болмыс сананы билеп келсе, енді сана болмысты билеуі керек. Адамның санасы да, болмысы да, ісі де рухтан бастау алып, рухты жүзеге асыруы керек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан «орынсыз сән-салтанат», астамшылық, даңғойлық, ысырапшылдық елде белең алып болды. Шынайы мәдениеттің белгісі осы ма? Жоқ, «керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен әр нәрсені ұтымды пайдалану», деп атап көрсетеді Елбасы.
Өкінішке қарай, өткеннің кертартпа тұстары, атап айтқанда, Абай атап көрсеткен, «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» бүгін де алдымыздан шыға береді. Демек, біз өткеннің ғана емес, бүгінгінің де кертартпа кеселдерінен қашық болуымыз керек.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры