Газеттің бүгінгі жазғаны – ертеңгі тарих. Тасқа басылған сөз балталасаң да тарихтан өшуі қиын. Сондықтан да болар журналистердің сынына ілінсе, қате әрекетіне өкініп қайталамауға тырысса сабақ алып жататындар көп. Яғни сөз құдіретін білетіндер баршылық. Керісінше, сынды елемейтін «беті қалыңдар» да, қатесін түзеудің орнына өшігіп, қолынан келсе газеттегіні «өшіріп» тастағысы келетіндер де аз емес. Кейінгі ұрпақтан ұялғанситындар теріс әрекеттерге барып та жатады. Әйтеуір газетте жарияланған, сыни ғана емес барлық мақала елеусіз қалмайды.
Бұл енді жас кезінде жасаған қателігіне қартайғанда «өкінген» адамның әрекеті болар дедік. Еліміз үшін тарихи маңызы зор Желтоқсан көтерілісі көп адамның шынайы болмысын аша отыра, кейінгі ұрпаққа сабақ болар көптеген пенделік қателікті де көрсетті. Жас кезде жасаған түймедей қате, қартайғанда түйедей болып алдыңнан шығатынын аңғартты. Дана Абайдың: «...Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?..» деген сұрағының өзектілігін білдірді. Желтоқсан көтерілісінен, яғни 1986 жылы желтоқсан мен одан кейінгі айларда жарық көрген, сталинизм заманының ызғары сезілетін кейбір мақала авторларының «ар ойламай, пайда ойлағаны» анықталды. Осы орайда «Газет жазғаннан не өзгереді?» дейтіндердің ертеңгі ұятты ұмытпағанын қалар едік.
Сол бір ызғарлы күндердегі оқиғаны тағы бір саралау үшін облыстық мұрағатқа барып «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1986-1987 жылдардағы тігінділерін ақтарып отырғанда «Тоқпағы күшті болса киіз қазық та жерге кіреді» деген нақыл сөз еріксіз есімізге түсті. Жоғарыдағы биліктің ықпалымен газет сол жылдары «ұлтшылдарға» қарсы күрестің құралына айналғаны байқалады. Таңғалатын ештеңе жоқ, тоталитарлық заманда басқаша болуы мүмкін емес еді.
Газеттің 1987 жылы наурыз айындағы сандарының бірінде Желтоқсан оқиғасынан кейін түн жамылып тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың сыртына ұлтшылдыққа шақырған сөздер жазып, сол үшін комсомол комитетінің жиналысына түскен Алматы халық шаруашылығы институты Шымкент филиалының бір топ студент қыздарының тағдыры туралы мақала жарияланыпты. Газет жиналыста өз құрбыларының қоғамға жат қылықтарын беттеріне басып, қатаң айыптаған комсомол жастардың сөздерін қаз-қалпында берген екен. Мақала облыстық газеттердің («Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» – Ғ.Е.) 28 ақпан күнгі нөмірінде жарияланған «Сақтандыру» атты мақалаға арқау болған оспадар оқиға оқырмандардың есінде болар» деп басталады. Журналистік қызығушылықпен газеттің аталған мерзімде шыққан санын іздегенімізбен, орнын сипап қалдық. Екі басылымның да осы күнгі нөмірі жоқ болып шықты. Бірақ ізі «сайрап» тұр. Әлдебіреулер газет беттерін әдемілеп тұрып қайшымен қырқып алыпты. Не үшін? «Сақтандыру» мақаласының авторлары сол кезде кімді сақтандырмақ болды екен? Ал газеттің осы күнгі нөмірін қайшымен қырқып алған азаматтар мұндай қадамға кімді сақтандыру үшін барды? Сауалдарға берілер жауаптың төркінін ішіміз сезеді. Сірә, «Сақтандыру» деген мақаланың авторы немесе ондағы кейіпкерлер сол тұстағы солақай саясаттың ықпалымен жазылған жайттан ертеңгі күні елдің, келер ұрпақтың бетіне қараудан ұялғандықтан осындай қадамға барғандары, «сақтандыру» жасаған әрекеттері шығар.
Иә, жалған намысы кеш «оянған» мақала авторлары өз ар-ұятынан қашты. Олар «Жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет» (М.Әуезов) екенін білмеген болар. Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың: «Ер жігіттің үш намысы бар: бірі – иманы, екіншісі – отаны, үшіншісі – отбасы, өзгесі жалған намыс» деген хадисін естімеген де шығар. Абайдың: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген сөзінен де бейхабар болар. Наданның әрекетін жасап, кейіннен мақаланы ұрлағандарына қарағанда, кеш те болса қателігін түсінді-ау деген үміт оты әлсіз ғана жылт етеді. Демек, «газет жаза береді, газет жазғаннан не өзгереді?» деп өзеурейтіндер, өздерін жердегі жарты құдай сезінетіндер тақсыр уақыттың әділ төрелік айтатынын жадында сақтап жүрсе дейміз.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»