Осыдан төрт жыл бұрын халқымыздың киіз үйімен қоса ежелден қастер тұтылған қасиетті күй өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, бүкіл адамзаттың асыл құндылығы қатарына қосылуы ел мерейін өсірген айтулы оқиға десек, биыл Елбасы Жарлығымен белгіленген Ұлттық домбыра күні сол дәстүрлі төл өнерімізді көз қарашығындай сақтап, дамытудың тағы бір жақсы жобасы ретінде қабылданды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Жігер» фестивалінің, Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылар байқауының лауреаты, белгілі күйші Тұрар ӘЛІПБАЙ бізбен әңгімесінде соған орай өз пікірлерін ортаға сала келіп, шығармашылығы туралы айтып берді.
– Тұрар Байдөсекұлы, бұл өнерге өзіңізді алғаш баулыған кісі кім?
– Түркі дүниесінің үлкен өкілі Махмұд Қашғари өзінің «Диуани-лұғат-ат-түрк» атты жинағында «күй» сөзінің көне түркідегі «көк» сөзінен шыққандығын түсіндіріп талдайды. Ғалымның ойы бойынша «көкпен» түбі тамырлас болғандықтан күйшілік өнер оқу-тоқу арқылы ие болатын кәсіптен гөрі адамға Тәңірден қонатын қасиетке жақын құбылыс дегенге саяды. Яғни «күй» сөзі қай жердегі қолданыста болсын адамның жан тебіренісімен, ішкі сезімімен тікелей ұштасып жататынын алға тартады. Қазір университетте сабақ беріп жүрген студенттеріме күй туралы білетінімді үйретпес бұрын алдымен осыны мықтап санаға тоқу керектігін айтамын. Сондықтан кез келген қиындыққа төтеп беріп, кәсібіне адалдық таныта алған адамның ғана өнері бағаланып, ерекше құрметке ие болатынын көрдім. Яғни киелі аспапты қолға алған кісінің әуелі жүрегі, ниеті таза болмаса, басқасының бәрі бос әурешілік. Әкем Байдөсек кезінде ауыл-аймаққа асқан домбырашылығымен танылған кісі еді. Қасиетті қара домбыраға қол созарда қадір-қасиетін сезінуді, ұқыптап ұстауды алғаш сол кісіден үйрендім. Оның тартқан күйінен жұрт қатты әсерленетін. Әкем көбіне Қазалы, Қармақшы өңірінің жыр-термелерін төгілте шырқайтын. Махамбеттің «Аққошқар» күйін құйқылжыта орындағанда, домбыраның бебеулеген үні тұла бойыңды ерекше жігерлендіріп, маңайынан желдің гуілі естілместей бір жайлы тыныштық орнайтын.
– Ұлттық домбыра күні мерекесін келешекте қалай атап өткен жөн деп ойлайсыз?
– Үйімізде, төрімізде домбыра ілулі тұрса, ол жерге бүркеншек бөтен ой тұмсық тыға алмайды. Мұны енді алдағы уақытта қалай атап өтуіміз керек деген мәселеге келсек, биыл мысалы «Бәйтерек» монументінің маңында «Ұлы Дала үні» жобасы аясында өнер көрсеткен домбырашылар шеруі жұртшылықты сүйсінтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 500 өнерпаз қатысты. Олар бір мезгілде, бір деммен Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа» күйін орындағанда, қатты тебірендік. Шалқыдық. Еңкіш тартқан еңсе тіктеліп, рухтандық. Ұлттық төл құндылығымызды төрге оздыру сәтінде буылған үніміз шешіліп, тіл бұғауы бырт-бырт үзіліп, кеудемізді кернеген күй күмбірі жорғадай бүлкілдеп кеңістікке ұмтылды. Бұл күні телеарна, радио біткен тек домбыра үнін насихаттап, жастардың бетін дәстүрлі төл өнерге бұруға көбірек көңіл бөлінсе деймін.
Алқалы жиында Елбасы Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын тілге тиек етті. Ғалымдар: «Ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленген» дейді. Домбыра ұстаған адамның мүсіні Арал маңынан кезігіпті. Ал Алтайдан аршылып алынған ата домбыра дүйім жұртты өткен ғасырлар тылсымына тартпай тұрмайды. Сонда аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатқан жәдігеріміз екен-ау. Қазақ одан бергі тарихын тілмен емес, әрдайым күймен өрнектеп жазғаны мәлім. Ұлттың үнін айшықтайтын осынау мерекені дәстүр мен өнерді дәріптеудің тағы бір тағылымды өнегесі ретінде қабылдауымыз керек.
– Күйді, халықтық шығармаларды эстрадалық рок, рэп, поп жанрында орындаушылар туралы не айтасыз?
– Кейде қазақтың «қасиетті қара домбырасын әр жерге бір тықпалаудан өзімізді тым төмен түсіріп алып жатқан жоқпыз ба осы?» деген күдіктің қылаң беріп қалатыны рас. Әлемдік деңгейдегі музыка сыншыларының айтуынша, бүгінде музыканың поп, рэп және рок жанрлары өте қарқынды дамып отыр. Ондай жаңаша үрдістен қазақ музыкасының да тыс өмір сүре алмасы белгілі.
Алайда батыстық музыканың көмегімен домбыраның басына үйіріліп тұрған бұлтты сейілте аламыз деу – қате долбар. Мұндай дарақылықты айтпағанның өзінде тіпті бір кездері күйлеріміздің түрлі аспапта ойналып, оркестрде орындалуының өзіне сыни пікірлер жиі жазылатын. Мұны әлі де құптап, күйдің алғашқы нұсқасында сақталғанын жөн санайтын жандар баршылық. Өйткені халықтық шығарма жаңа жанрда орындала келе өзгеріске ұшырамай тұрмайды, бастапқы таза қалыбынан ауытқиды. Көне күйлерді дәл автордың өзіндей, болмаса алғашқы нұсқасындай қазір ешкім орындай алмайтыны содан. Заманауи музыка мен халықтық музыканың синтезінен шыққан жанр фолк-рок деп аталып жүр. Бүгінде не көп, музыканың түрі көп. Поп-рок, фолк-рок, панк-рок, психоделикалық рок, хеви-металл... дейсіз бе, жылда бұрын-соңды естімеген жаңалары туып жатады. Жалпы, қазақ даласына өткен ғасырдың 70-жылдарында рок-музыканың элементтері, тіпті рок жанрындағы жекелеген композициялар ене бастаған екен. Дәстүрлі төл туындыларымыз бен домбыра үнінің кеміп кетуінің бір себебін сондай түрлі топтар мен ансамбльдердің көбеюімен сабақтастырған жөн шығар. Бір данышпан: «Адамды үйіріп, билете жөнелмеген музыка – музыка емес» депті. Бұл қағида басқа халықтардың табиғатымен үндесуі мүмкін, ал бірақ мен рухани тұрғыдан тәрбиелемейтін музыканың біз үшін құны көк тиын дер едім.
– Еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
– 1987 жылы консерваторияны бітірген соң, еңбек жолымды Торғайдағы музыкалық колледжде оқытушы болудан бастадым. Онда он жыл қызмет істедім. 1997 жылы 20 шілдеде елордаға біржола қоныс аудардық. Әуелі Ақмола қалалық музыкалық колледжіне жұмысқа орналастым. Қалалық филармонияның жаңадан құрылып жатқан кезі болатын. Көп ұзамай филармонияның жанынан халық аспаптары оркестрі ашылды. Онда қатарынан он үш жыл өнер көрсеттім. Астанаға алғаш келген жылдардың әсері өз алдына бөлек әңгіме. Жылу атымен жоқ. Жарық бір өшіп, бір жанады. Суық залда репетиция жасадық. Кірпіштің үстіне отырып та домбыра тарттық деген сөзді бүгінде бір адамға айтсаң сенбейді. Мемлекеттік деңгейдегі барлық концертке қатыстық. 1998 жылы оркестрдің алғашқы дирижері Мырзағали Айдаболовтың ұсынуымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын Елбасының өз қолынан алғаным мен үшін зор мерей. Содан бері Президенттік мәдениет орталығында, Конгресс холл мен Бейбітшілік және келісім сарайында бірнеше концертім өтті. Мемлекеттік шараларда, Астанаға ат басын тіреген көптеген елдің президенттері алдында өнер көрсеттік.
– Репертуарыңызда кімдердің күйлері бар?
– Кіндік кескен жерім батыс өңірі болғандықтан сол жердің төкпе күйлерін көбірек тартамын. Құрманғазының «Төремұрат», «Терісқақпай», «Байжұма», «Серпер», «Сарыарқасын», Дәулеткерейдің «Жігер», «Топан», «Аңшылық», «Ақ желең», сондай-ақ «Қос ішегі» мен «Жеңгем сүйерін», Есір, Есбайдың «Ақжарма», «Жалдықара», «Күлтай», «Терісқақпай», Өскенбайдың «Бұлбұл ақ желең», Дина апамыздың «Бұлбұл», «Байжұма», «Жігер», «8 март», «16-шы жылы» мен «Мереке» күйін, жалпы күй атасы мен күйші апамыздың бірен-саран ғана болмаса, түгелге жуық күйін орындаймын.
Жалпы, күйшінің еңбегі қанша күй тарта алатынында, болмаса көптігіне байланысты өлшенбейді, мұнда негізінен күйді түсініп, жүрекпен жеткізе білу маңызды. Арқа күй мектебі өкілдерінен асырып жібермесем де шертпе күйді академиялық тұрғыда белгілі бір деңгейде орындап жүрмін. Шіркін, Сүгірдің күйлері қандай десеңші, кісіні еріксіз елітіп әкетеді. Қаратау күй мектебі өкілінің «Қосбасары», «Боз інгені», «Майда қоңыры» мен «Назқоңыр» күйлері, Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Сылқылдағы», «Қосбасары», Әбікен Қасеновтің «Қоңыры» жүрегіме жақын.
– Бүгінде Құрманғазы мен Динаның қанша күйі орындалып жүр?
– Дина апамыздың 30-40 күйі, ал Құрманғазының 40-50-ге жуық күйі бар. Күй атасын Ахмет Жұбановтан бастап көп күйшілер зерттеген. Қазанғапты түбегейлі зерттеген Әбдулхамит Райымбергенов ағамыз. Алла қаласа, алдағы уақытта Қазанғаптың үш-төрт томы шығады деп күтілуде. Оның ішінде күйшінің қасында он жеті жыл бірге жүрген Қадырәлі деген күйшінің орындауындағы күйлер табылып, ауқымды бір жинақ жарық көрмек.
– Өзіңіздің де біраз күйлеріңіз бар екен...
– Үлкен бір тарихи оқиғаларды естігенде оған арнап күй шығарғым келіп тұратын әдетім бар. Бүгінде 13-15 күйімді оркестрлер, университет студенттері орындап жүр. Мысалы, ХVIII ғасырдың аяқ шенінде орын алған оқиға туралы «Сатай баба» атты күй шығардым. Ол үшін араб, өзбек, ұйғыр музыкасын, Маңғыстау өңірінің жырларын тыңдауға тура келді. Мұнда Сатай баба Меккеге екінші рет барғалы жатқанда әкесі түсіне кіріп, «саған топырақ сол жерден бұйырады» деп аян береді. Меккеге жеткеннен кейін үш күннен кейін қызуы көтеріліп қайтыс болады... Қазір мұны Құрманғазы оркестрінен бастап, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Қарағанды оркестрлері орындайды. Әбіш ағамызға арнап 70 жасқа толғанда «Әбіш-таған» деген күйді сыйладым. Ол кісі көзі тірісінде бұл күйді тыңдап, ризашылығын білдіріп, өзінің жоғары бағасын берді. Күй негізі Маңғыстау әуендерінен алынды. Абылдың ізімен жазылды. Ал «Бәйге» күйім өмір мен өнердің жарысы қызған елордамыздың тойына тарту етілді.
– Әннің, күйдің құрылымына қарай домбыраның түр-түрі кездеседі. Аспап жасаушылар өз еңбектерінде осы ерекшелікті қаншалықты ескеріп жүр?
– Күйге арналған домбыраның үні камералық дауыс сияқты таза әрі қоңыр болып келеді. Қазір мен Қазақстандағы ең мықты шебер, марқұм Жақсылық Оспановтың жасаған домбырасымен өнер көрсетіп жүрмін. Қызылорданың тумасы, Алматыда тұрған. Сол кісіге жасатқан өр домбырамды жиырма жылдан бері қолымнан тастамай ұстап келемін. Домбыра жасаушылардың «Үкілі домбыра» байқауында шебердің домбырасы Гран-приді жеңіп алған болатын. Сұлтан Мұсаев есімді шебердің де қазір қолымда домбырасы бар. Ол консерваторияны домбыра мамандығы бойынша бітірген, қазіргі уақытта Астанада тұрады. Домбыраны күйдің табиғатын ескере отырып жасайтын мұндай мамандар өте сирек. Мұнан басқа тағы біраз шебердің аспабын пайдаландым. Бірақ біразын көп ұстамай сыйлап жібердім. Домбыра таңдағанда аспаптың алдымен дыбысына қатты мән беремін, күйге жақын үндерді іздеймін.
– Шетелге гастрольдік сапармен шыққанда халқымыздың төл аспабын басқа жұрттар қалай қабылдайды?
– Қазақтың төл өнерін әлемге насихаттап, танытуда домбыраның орны қашанда бөлек. Түркияның Анкара қаласында Қостанай облысының күндері өтті. Сонда Анар Мұздаханова екеуміз сахнаға шыққалы тұрғанбыз. Біздің алдымызда «Наз» би ансамблі түріктің биін билеген кезде қала мэрі бастап, тағы қалған түрік ағайындар қоштап қосылып билей жөнелді. Мынадай қошеметті үнсіз бақылап тұрған Анар қобалжи бастады. «Қазір жұрт біздің күйімізге осылай әсерлене қояр ма екен?» деді. Әріптесімнің көңілін басу үшін: «Еш уайымдама, бізді бұл сыннан қасиетті домбыраның күмбірі алып шығады» дедім. Сахнаға шықтық. Күйтартыс басталды. Сонда біздің делегацияны бастап барған Төлеген Мұхамеджанов ағамыз орнынан атып тұрып, шыдамай бар дауысымен қолдау білдірді. Күйге делебесі қозған жұрт дүр сілкінді. Түріктер түрегеп тұрып қол соқты. Сол сәт әркез есімізге түсе береді. Зал бес-он минут бізді жібермей, тікесінен тік тұрды. «Міне, күйдің құдіреті!» дедім Анар әріптесіме мақтаныш сезіммен көңілім марқайып. Ол да мынадай қошеметке жүрегі жарылардай қуанып, булыққан көзіндегі жасты іркіп тұра алмады. Одан кейін Еуропа елдеріне талай мәрте сапар шектік. Құрманғазының «Төремұрат», Нұрғисаның «Аққу» күйлерін тартқанымда халық сахнаға шығуымды қайта-қайта сұрап, ерекше ризашылықтарын білдіретін.
– Домбыра Қазақстанның брендіне айналды дейсіз ғой.
– Домбыраның қоңыр үнінде құдіретті бір тылсым күш бар. Неміс, ағылшын, француз, қай халықты болсын баурап алатын аспап. Осыған көзіміз анық жетті. Халық домбырамен күй тартылғанда басқаша әсерленеді. Қазақтың атын дүние жүзіне күй арқылы танытуда марқұм Қаршыға (Ахмедьяров) ағамыздың сіңірген еңбегі шексіз ғой.
– Соңғы кездері күйді өзгертіп орындауға әуестенушілер бой көрсетіп қалып жүр. Осыған қалай қарайсыз?
– Құрманғазы оркестрін құруда Ахмет Жұбановтың орнын бәрінен биік қоямыз. Күй домбырадан бастап қобызға, басқа да түрлі аспапқа түсірілді. Ғажап құбылыс емес пе? Күй ажары ашылып, бүкіл даланы суреттейді. Сіздің сұрағыңызды түсініп отырмын. Қазір эстрада жанрында күй тарту қаптап кетті. Ол аздай мұны компьютерге түсірдік. Тойларда ет тартылып жатқанда «Адай» күйін орындау әдепсіз модаға айналды. Бұл – күйді қорлау. Ол үлкен сахналарда ғана ойналатын туынды. Еуропа музыкаларынан артық болмаса, кемшін соқпайтын төл туындыларымыз Американың Карнеги-холында, Англияның Алберт-холында ойналса қай жері кем?! Кең даланы мінсіз суреттейтін Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» әлемдік классиктердің қай шығармасынан кем. Карнеги-холда бес мың адамды аяғынан тік тұрғызған Құрманғазының «Сарыарқасы» құдіретті емей не! Эстраданың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Мұндай жаңғырулардың көбеюі өмір заңдылығы шығар, бірақ өз басым дәстүрлі өнерден гөрі күйдің эстрадамен керемет орындалғанын көрген емеспін.
– Мұны төл өнерді түлету мақсатындағы әрекет деп түсіндіргісі келетіндер бар ғой.
– Әрине мұндай жағдай барлық халықта кездесуі мүмкін. Түрік, өзбек, қырғыз ағайындарда да солай. Бірақ әр нәрсенің өз шегі бар емес пе? Соны шектен шықпай өз мөлшерінде пайдаланса оған ешкім қарсы емес. Алайда бояуы тым қалың жағылып кетсе, сабыр сақтау мүмкін бе? Күйдің бүкіл құрылысын өзгертіп жібергенін көргенде, қарадай күйіп кетесің. Ойнасын. Пайдалансын. Бірақ қиянат жасалмаса.
– Астанада күй өнерінің дәріптелуі қай деңгейде?
– Бізде халық аспаптары оркестрінің концертіне жұртты тегін шақырып кіргізе алмайсың. Билет су тегін бағаға сатылады. Соған қарамастан өтпей жатады. Неліктен бұлай? Бұған кім кінәлі? Жеңіл-желпі сала дей алмайсың. Өйткені домбыраны он жыл жүріп оқисың. Өз басым төрт жыл колледжде, бес жыл консерваторияда, екі жыл аспирантурада оқыдым. Осы салаға көз майымды тауыстым дейтіндей адаммын. Сонда да төл аспаптың қыр-сырын түгел зерттеп-зерделедім деуге тілім бармайды. Оның сиқыры ешқашан таусылмайды. Бұл өмір бойы оқумен өтетін, инемен құдық қазғандай ұзақ та қиын сала. Сондықтан қазір халықты өзінің дәстүрлі төл өнеріне оралтудың жолын қарастыруымыз керек. Әсіресе бұл елордада көбірек насихатталуы тиіс. Халық аспаптары оркестрлерінің концертінен гөрі жұрттың көбіне арзанқол әншілердің кешіне баруды қалайтынын сынай бастасаң, мұныңды эстраданы көре алмағандықтан айтып отыр дейді. Олай емес. Адамның миын шаршататын есірік үн ескіреді, ешкімнің есінде қалмайды, ал халықтық шығарма мәңгілік қой. Күйде қаншама тарих жатыр. Ғасырдан-ғасырға өшпей жалғасып келе жатқан сол құндылыққа құрмет артса деймін.
– «Тәрбие басы – талбесік» демекші, бар мәселе кісінің немен сусындап өскендігіне байланысты емес пе?
– Ұлттық домбыра күніне орай алдағы уақытта қандай істер қолға алынуы керек дегенде, осы мәселе алдымен жоспарланса құба-құп болар еді. Күйді балапан кезден санаға сіңдіре білуіміз керек. Миына қазақтың қасиетті күйі құйылып өскен өрен өз қағынан жерімейді. Қоңырау орнына Құрманғазының күйі тартылатын мектептер бар деп естідім. Міне, сондай істер кең көлемде насихатталса құба-құп. Домбыра мен күй өнеріне сүйіспеншілік сезімі балабақша мен мектептен бастау алғаны жөн.
– Жақында жасөспірім домбырашылар арасында сондай байқау өткен жоқ па?
– Елімізде Құрманғазы, Дина, Тәттімбет атындағы домбырашылар байқауы өтіп тұрады. Мұнан бөлек ең ірі «Шабыт» фестивалі бар. Кеше ғана жасөспірімдер арасында халықаралық байқау өтті. Бүкіл туысқан елдерден, атап айтқанда, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан талантты балалар келді. Түрлі халықтың аспаптары ойналды. Екі күн қазылар алқасының мүшесі ретінде балғындар өнерін сараптадық. Сондағы байқағаным, күй өнері бойынша бақ сынаған өрендердің талпынысы сүйсінтті. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған айтулы байқау. Бүкіл облыстан 10-18 жас аралығындағы балғындар қатысты. Басқаларға қарағанда, біздің балалар күй өнерін меңгеруімен биік тұратынына қуандық. Домбыра тартып отырған баланың көзінен лапылдаған от көрдік. Домбыраның ғажап үніне елтіген кіп-кішкентай жүректің сезімге бөленген сәтін, сүйрік саусақтар бағындырған ғаламат асуды сөзбен айтып жеткізу қиын.
– Күй өнерін зерттеумен айналысып жүр екенсіз. Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Күйді нотаға түсіріп, жеке кітап етіп шығарып жатқан жандар баршылық, әрине. Бірақ мені қазір күйдің дыбысы мен құрылысы қызықтырады. Орындаушылық шеберлік жайында еңбек жазу ойымда бар. Мәселен, баяғы Диналар ойнаған күйдің дыбыстары мен бүгінгі орындаушылардың арасында әжептәуір айырмашылық бар. Біз әлі де болса шебердің сол шынайы деңгейіне жете алмай келеміз. Күйдің бастапқы шыққан қалыбын бұзбай, автордың дәл өзінен айнытпай ойнаған адамды көрген жоқпын. Күйшілерге Динадай болу оңай бола қоймас, бірақ соған қарамастан, әр адамның өзіне тән стилі, өзегін жарып шыққан төл дыбысы болады. Әр күйшінің өзінің орындаушылық машығы қайталанбайды. Соны еңбегіме арқау еткім келеді.
– Жастардың арасында көзге түсіп жүрген мықты күйшілер бар ма?
– Шәкіртім Айбек Бекбосыновтың есімі жұртқа мәлім. Құрманғазы атындағы байқауда, «Шабыттан» жүлде алды. Құрманғазы байқауының Гран-приін иеленген Еркебұлан Соңғыбаев, Айым Бекбаева, Әмина Бошымова есімдерін атағым келеді. Олар Арқа, Қаратау, батыс, жалпы бүкіл күй мектептерін қалдырмай орындайды. Ал үлкендерден консерваторияда бес жыл оқытқан ұлағатты ұстаз, зерттеуші-ғалым, күйші Орынбай Дүйсен ағамызды, үзеңгілес әріптесім Анар Мұздаханованы айрықша атап өткім келеді. Домбырашы әрі дирижерлер Айтқали Жайымов пен Дәурен Ғылымовқа құрметім зор.
– Күйшілік өнер жасқа қарамайды деп жатады. Мұны қалай түсінесіз?
– Дина апамыз жетпіс сегіз жасқа дейін, Қали Жантілеуов жасы сексенге келгенше күйде дес бермеді. Бойына ананың ақ сүтімен күй дарыған күйшілер домбырадан ешқашан қол үзген емес. Қаршыға аға өмірден өткенше ойнады. Сағын Жалмышев кешке үйіне көңілін сұрап бас сұққанымызда домбыра ойнап отырған болатын. Таңертең жүрек соғуы тоқтапты. Сержан Шәкіратовтың домбырасы әлі қолында. Құдайдың берген ерекше сыйының қасиеті сонда. Бірақ үнемі еңбектену керек. Өйткені күйдің киесі болады. Домбыраны күнде қолыңа бір ұстап күмбірлетпесең, көңілдің көзін тот басады, кірлейді. Сондықтан сахнаға шығардың алдында төрт-бес сағат үзбей дайындаламын. Ал негізі күнде айналысамын, жәй тартпаймын, дыбыс іздеп отырып ойнаймын.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»