Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысында үш жүзден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірнеше бағыт бойынша жобалаған іс-шараларға 37,1 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Ел мен жерді түлетуге бағытталған қаржының бір бөлігі меценаттар мен кәсіпкерлер тарапынан бөлінген екен. Мәселен, өткен екі жыл ішінде қалталы азаматтардың қаржылай қолдауы 9,4 млрд теңгеге жетті.
Өңірдегі жұмыстарды үйлестіру мақсатында Талдықорған қаласында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылған болатын. Ел аймақтары арасында алғашқы болып жасақталған жобалық кеңсенің жұмысы бағдарлама аясындағы істерді жүйелі атқаруға септігін тигізіп отыр. Қазір кәсіби мамандар тобы осы арнайы ғимаратта отырып, өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап, талдау жасаумен айналысуда.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көріп, нәтижесінде мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы облыстағы жұмысқа жаңаша серпін берді. Әсіресе бағдарламаның «Туған жер» бағыты бойынша жергілікті билік пен өңірден шыққан азаматтар арасында байланыс орнап, екіжақты келісімдерге қол жеткіздік. Нәтижесінде, бағдарламаға облыстағы ірі меценаттар мен кәсіпкерлер қолдау білдіріп, белсене атсалысуда. Бір ғана нақты мысал айтайын, осы бағдарлама аясында Қарасай ауданында Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы, «Батыр бабалар» музейі жаңадан салынып, іске қосылды, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Облыс басшысының сөзіне арқау болған «Батыр бабалар» мемориалды кешені Қарасай ауданында былтыр ашылған еді. Жалпы көлемі 465 миллион теңге шамасында қаржы құйылған кешеннің іргетасынан шатырына дейінгі құрылысы демеушілердің көмегімен салынса, әрлеу, безендіру мен көркемдеу жұмыстарына жұмсалған қаржы ғана облыстық бюджеттен бөлінген екен.
Қазақ тарихының қалың қатпарынан сыр шертетін шежірелік суреттермен әрленген бұл кешен бабалардың ерлік жолына қойылған ескерткіш сияқты. Киіз үй бейнелі мемориалды кешеннің іші-сырты ақ мәрмәр таспен қапталған. Көкке ұмтылған биік стелла болаттан құйылып, сүйірлене біткен күмбезді шатырға үйлесіп тұр. Мұндағы ежелгі сақ заманына арналған экспозицияның өзі бір әлем. Ұзындығы 15, ені 3 метр болатын Тұмар ханшайымның заманын бейнелейтін, сол кезеңдегі ұрыс даласына жетелейтін панораманың жөні және бөлек. Алтын адам дәуірінен жеткен жәдігерлер, тұтас дала өркениетінің бөлшегіндей көрінетін қолөнер мен ұста қолынан шыққан бұйымдар да ежелгі дүниеге шақыратындай...
Ал нысан қабырғасында мемлекеттілік шежіресі жылдар легімен өріліп, Қазақ хандығының құрылуы мен бүгінгі Тәуелсіз еліміздің арасындағы ғасырларға созылған соқтықпалы-соқпақсыз тарихтың әр сәті көркем суреттермен безендіріліпті. Ғимарат іші құдды бір батыр бабаларымыздың заманы қазіргі ұрпағына «Ұлы дала тарихы осылай жазылған...» деп тіл қата жөнелетіндей көркемдік пен тылсым сырға тұнып тұр. Мемориалды кешенді аралауға Алматы маңындағы аудандардың мектеп оқушылары ынта танытып, жиі келеді екен. Тіпті тарих сабағын осында келіп өткізетін тәжірибе қалыптасуда.
Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысының Қарасай ауданында ашылған екінші айтулы нысан бар. Ол Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы. Ашылғанына әлі жыл толмаған орталықтың бұл ауылдан салынуына үлкен мән бар. Шамалған – Елбасының кіндік қаны тамған ауыл. Әлем назарындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үшқоңыр тауының етегіндегі осы бір етек-жеңі жинақы елді мекеннен түлеп ұшқан еді.
Айтпақшы, ауылда Мемлекет басшысының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін тарихи-өлкетану мұражайы 1998 жылдан бері келушілерге қызмет етіп келген болатын. Ал өткен жылы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай есігін айқара ашқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы шамалғандықтар ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы болатындай рухани кешенге айналды. Елбасының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін кітаптар мен экспонаттарды осы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан тамашалауға болады. Құнды жәдігерлерді жинақтауға Шамалғандағы тарихи өлкетану мұражайы, орта мектептің ұжымы жұмылса, Мемлекет басшысының жазба еңбектері мен танымдық фотосуреттері, әр жылдарда жарық көрген кітаптары Елбасы кітапханасы мен Ұлттық кітапхана мұрағатынан алынған. Ал орталықтағы келушілерді қызықтыратын экспонаттың бірі – Мемлекет басшысы пайдаланған үкіметтік автокөлік екен.
– Орталықтың алтын қорына жиналған барлық экспонаттар Елбасының балалық шағынан бастап егемен елдің Көшбасшысына айналғанға дейінгі кезеңді қамтиды. Мемлекетіміздің осы күнге дейінгі жүріп өткен сара жолынан сыр шертеді. Менің ойымша, ашылғалы бері бұл орталық өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, олардың санасын жаңғыртуда өзіндік елеулі үлесін қосты. Жалпы, қысқа мерзім ішінде «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы барша қазақстандықтарды Елбасымен жақындастыратын рухани мекенге айналды, – дейді бұл жайында облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы, Алматы облысында жаңадан ашылған тарихи-танымдық орталықтардан бөлек өңірдегі мәдени нысандардың қайта жаңғыруына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалға, қазір облыстағы 243 мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне беру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл дегеніңіз, есігіне қара құлып ілінген, көбі жекешеленіп кеткен ауылдардағы мәдени ошақтарды қайта түлетуге бағытталған қадам. Былтыр осындай ошақтардың жетеуі толық жөнделіп, қайта ашылса, биыл 11 руханият үйі жаңғырмақшы. Қалғаны кезекпен жасала бермек. Демек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шын мағынасында ел ішіндегі мәдени-ағарту жұмыстарының екінші тынысын ашты деуге толық негіз бар.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Қарасай ауданы