БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін алғаш рет жоғары деңгейдегі ресми пленарлық отырыс форматында атап өтті. Оған қазақстандық суретші, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков арнайы қонақ ретінде қатысты.
К.Күйіков БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін: «Мен ядролық қарудан зардап шеккен және сынақтардан құрбан болған барлық адамдардың атынан сөз қозғаймын. Бүгін Қазақстанның ядролық сынақтардан көрген бүкіл қасіреттері мен зардаптарын тағы бір еске салуға болады», деп бастады. Одан әрі К. Күйіков өз ғұмыр жолының тарихын баяндап, өмірінің 25 жылын қылқаламды тісімен және аяқтары көмегімен қозғалтып сурет салу арқылы ядролық қарусыз әлем үшін күресуге арнағанын атап өтті.
Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімі бүкіл әлемге Қазақстан таңдаған бейбітшілік пен ізгілік жолын көрсеткеніне және басқа елдерге лайықты үлгі болғанына назар аударды. Нақты сегіз мемлекеттің – Мысыр, Үндістан, Иран, Израиль, КХДР, Қытай, Пәкістан және АҚШ-тың тиісті қадамдарына байланысты Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартының өз күшіне енетіне орай, оларды ЯСЖТШ-қа қол қоюға және ратификациялауға шақырды. «Сіздерге әлемді одан әрі жақсартып, өзгертетін уақыт келді», деп мәлімдеді К.Күйіков.
БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчак өткізген отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, сондай-ақ 27 мемлекет және өңірлік топтардың өкілдері сөз сөйледі.
«Бүгін біз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өту үшін жиналдық. Біз бұндайды көп рет өткіздік. Бірақ бүгін біз бірінші рет жоғары деңгейдегі ресми отырыс форматында кездесіп отырмыз. Біз Қазақстанға күш-жігері үшін және осы отырыс үшін алғысымызды білдіруіміз керек», деп мәлімдеді М.Лайчак БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының ашылуында.
БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриш өз сөзінде кең ауқымды ядролық сынақтардың құрбандарын ұмытпауға шақырды. Ол әлемнің көптеген өңірлерінің адамдары 2000-нан астам ядролық сынақтардың зардабын тартып отырғанын атап өтті. Бас хатшы ЯСЖТШ-ның күшіне енуі үшін барлық күш-жігерді салу қажеттілігіне назар аударды.
Отырыста басқа да қатысушылар, Қазақстанға ядролық қаруды таратпау саласындағы жетекші рөлі үшін алғысын білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың басты назарында үнемі ұстап тұрудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ядролық қарудан азат әлем құру үшін ядролық сынақтарға жедел түрде тыйым салу шараларына айрықша назар аударылды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Қазақстанның ядролық тарихының қайғылы беттерін ядролық қару мен олардың салдары адамзаттың игілікті әрі қауіпсіз болашағымен үйлесімсіздігінің жарқын мысалына теңеді. «Дүниежүзілік қоғамдастықтың басым көпшілігі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қою және оны ратификациялау арқылы сенімділік пен ізгілік амалдарын таныта білді. Осындай игілікті әрекеттер мен өзара сенімді нығайту шаралары әлемді ядролық сынақтардың қауіп-қатерінен түпкiлiктi құтқаруға мүмкіндігі бар қалған азшылықтан талап етілуде», деді Қазақстан елшісі.
Айта кетейік, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні 2010 жылдан бастап аталып келеді. Бұл күн Қазақстанның бастамасы бойынша 2009 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/35 қарарымен қабылданған. Ал 2017 жылғы желтоқсанда қабылданған қарарға сәйкес, аталған күнді Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі ресми отырыстары форматында атап өту мүмкіндігі бекітілген.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»