10 қыркүйек – Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде суицидтен жылына 800 мың адам көз жұмады. Бұл дегеніңіз әрбір 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайтынын көрсетеді. Біздің елде де бұл проблема өткір мәселелердің қатарында, әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші жоғары болып тұр.
Қазақстанда суицидтің және суицидке талпыну әрекеттерінің тереңде жатқан себептерін анықтаған зерттеулерге сүйенсек, 90% жағдайда жасөспірімдер арасындағы суицид психикалық денсаулықтың нашарлауымен тікелей байланысты. Жасөспірімдік кезеңнен ересек өмірге аяқ басар кезінде адам бойындағы психологиялық күйзеліс кей жағдайда суицидке итермелейді. Жастар арасында психикалық денсаулықтың ақауларын жасөспірім кезеңінде анықтау қиындықтар туғызады. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Н.Негайдың айтуынша, суицидтің алдын алуға да, онымен тиімді күресуге де әбден болады. Бұл орайда, Bilim Foundation қорының жергілікті әкімдіктермен бірге ЮНИСЕФ, Білім және ғылым министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен әріптестік негізінде жүзеге асырып жатқан «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және олардың арасында суицидтің алдын алу» атты бағдарламаны мысалға алуға болады. Бұл бағдарлама қазір Астана қаласында тәжірибеге енгізіліп жатыр.
Қор жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, елімізде жыл сайын шамамен 700-дей жасөспірім өз-өзіне қол салуды ойлайды. Өкінішке қарай, соның шамамен 30% жағдайында баланың өмірін сақтай алмай қалып отырмыз. Сондықтан жасөспірімдердің арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған бағдарлама бірнеше негізгі мәселені қамтиды. «Алдымен жан күйзелісінде, өмірлік тығырыққа тіреліп, өлімнен басқа жол көре алмай жүрген балаларды ерте анықтап отыру керек. Бұл бағдарламаның бірінші компоненті. Оның өзінің әдістері бар. Бұл әдіс, ең алдымен мектеп психологтеріне, мұғалімдерге, ата-аналарға үйретіледі. Олар баланың мінез-құлқының өзгергенін байқаған жағдайда не істеу және кімнен көмек сұрау керек екені ақпараттандырылады. Бағдарламаның үшінші компоненті – жасөспірімдердің психикалық саулық туралы сауаттылығын, хабардарлығын арттыру. Біз, ең алдымен жасөспірімге өзінің көңіл күйін өзі бағалай алуын үйретеміз. Стресс, күйзеліс, депрессия деген не, оны өзіңнің бойыңнан және қасыңдағы досыңның бойынан қалай анықтау керек екені үйретіледі. Сонымен қатар өз-өзіне қол салу өмірлік тығырықтан шығатын жол деп есептеуге болмайды деп түсіндіріледі. Оны үйрететін мектеп психологі», дейді Е.Айтмұхамбетов.
Оның айтуынша, жүргізілген зерттеулер мәселенің түпкі себептерін көрсетті. Балалардың жан саулығының нашарлауы, олардың өмірге төзімділік қасиеттерінің төмендігі өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларымен тығыз байланысты болып отыр. Сондықтан Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстары және Шымкент пен Астана қаласы әкімдіктерімен күш жұмылдырып, жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізу қолға алынды. Бұл бағдарламада балалардың өмір сүру құштарлығын қамтамасыз ететін әлемдегі ең озық стратегиялар біріктірілген. Оның аясында 1 мыңнан астам дәрігерлер, 1500-ден астам мектеп пен колледж психологтері және 70 мыңнан астам мұғалімдер оқудан өтіп жұмыс атқарып келеді.
Жанат Досжанова, психотерапевт дәрігер:
– Өкінішке қарай, біздің қоғамда психикалық саулық деген сөзге теріс көзқарас қалыптасқан. Біз бұл сұрақтан қашуға немесе оны мүлдем елемеуге тырысамыз. Бұл дұрыс емес. «Психикалық» немесе «жан саулығы», ең алдымен біздің ішкі дүниеміздің саулығы, көңіл күйіміздің ашықтығы және өмір сүруге деген құштарлығымыз. Егер де балаларымыздың амандығын ойласақ, онда олардың жан саулығына көп көңіл бөлу керекпіз. Сондықтан да барлық ата-аналарды бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырамын. Мектеп психологтерінің, дәрігерлердің сөздеріне назар аударып, олардың берген кеңестерін орындауға тырысыңыздар. Балаларыңызбен жиі сөйлесіңіздер. Арнайы мамандардан көмек сұраңыздар. Мәселен, жан күйзелісінде жүрген балаларға құпиялылықты сақтай отырып кеңес беретін 111 сенім телефоны бар, ал www.zhastar.org сайтында «ата-аналарға» деген бөлімнен кәсіби мамандардың видео, сұхбат, мақалаларымен және түрлі пайдалы кеңестерімен танысуға болады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»