• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Қыркүйек, 2018

Тау бөктеріндегі танысу

439 рет
көрсетілді

Ақ ішік жамылған Алатаудың бөктеріндегі демалыс үйіне қыс ортасында жолдама алып келген бір топ ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері кө­гілдір мұнарға оранған қала жақ­қа қарап, өзара әңгіме-дүкен құрып тұр.

– Алматы дегеніңіз жалпы, қазақтың зиялы, білімді, дарынды азаматтары қоныс тепкен құтты мекен ғой. Ел ардақ­тайтын ақын да, жазушы да, ғалым да, әнші де, құдай-ау, бәрі-бәрі осында.

– Иә-ә, дұрыс айтасыз. Біздің Жуа­лыдан шыққан атақты жазушы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның үйі жаңылыспасам ана-а-ау Оқушылар сарайының маңында.

– Ол кісі тек жуалылықтарға ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ азамат қой!

– Әрине, әрине!.. Бірақ оның туған жері Жуалы екенін ешкім де жоққа шығара алмас.

– Оныңыз рас. Мына біз­дің жар­кенттік жазушымыз Бек­сұлтан Нұр­жекеев те осы қалада. Бірақ оның үйі дәл қай тұста екенін анық білмеймін, өтірік айтып нем бар?!.

Міне, өстіп елден келген кісілер өз топырағында туып-өскен айтулы, абыройлы азаматтарды айтып, гуілдеп тұрғанда кенет біздің әкей де топтан қал­май, кеудесін мақтаныш кернеп:

– Алматыда тұратын біздің де бір қаламгер ағамыз бар, – деп қалды. – Ол кісінің аты-жөні – Зәкір Асабаев! Көп жылдан бері «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істейді. А-а... Иә, иә... ол журналдың аты қазір «Парасат» болып өзгерді.

Міне, осы сәтте манадан бері ола­р­дың әңгімесіне араласпай, өз алдына оқшауланып, ақ ұлпа жамылған Алатауға тамсана қарап тұрған орта бойлы, ашаң жүзді қалалық кісі бұла­рға назар аударып, біздің әкейдің бі­тім-болмысын бастан-аяқ көзімен бір шолып өтті. Содан соң түскі астың уақыты болып қалғанын ескеріп, демалушылар асханаға қарай аяңдаған кезде қасына жақындап келіп:

– Ассалаумағалейкүм, – деп амандасты.

– Уағалейкүмәссалам, – деді біз­дің ақкөңіл әкей қала­лық кісі­нің мұсыл­манша сәлем­дес­кеніне қуанып.

– Сіз осы жаңа Алматыда бір қаламгер ағам тұрады деп қалдыңыз, айып болмаса сол кісінің аты-жөнін тағы да бір қай­талап жібермес пе екенсіз.

– А-а... айтсам айтайын, о кісі – Зәкір Асабаев!

– Бәрекелді, – деді қалалық кісі жымиып, ақырын ғана басын шұлғып. – Сіз онымен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұрушы ма едіңіз?

– Жо-оқ! – Біздің әкей басын шай­қады. – Ол жағынан ұяттылаумыз ен­ді!.. Бірақ жазған-сызғандарын оқып жүреміз.

– Ә-ә, иә... Оныңыз рас. Бірақ енді сол кемшілікті жоятын уа­қыт жеткен секілді, – деді қала­лық кісі. – Өйткені мен жа­ңағы... өзіңіз айтқан Зәкір Асабаев деген ағаңыз боламын!

– Оу, солай ма еді!

Сөйтіп екеуі бір-бірін ұзақ жыл көр­меген бауырлардай құшақтаса кетті.

 

* * *

Бұл күнде сол бір қуанышты сәтті Зәкең де, менің әкем де ыстық ықыласпен еске алады. Шындығын айтқанда, екеуі де өткен шақты сағынып, тау бөктеріне барып, қайта таныс­қысы келіп тұрады.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар