• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қазан, 2018

Көне Түркістанның жаңа мүмкіндіктері

1388 рет
көрсетілді

Осыдан тура үш ай бұрын жаңа облыс орталығы болып құрылған Түркістан қаласы тұңғыш халықаралық форум өткізді. 

Инвестиция мен туризм салаларына арналған «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты жиын­ға  Түркия, Оңтүстік Корея, Қы­тай, Сингапур, Малайзия, Ресей, Өзбек­стан мен бірқатар Еуропа елдерінен келген 250-ден астам деле­гат қа­тысты. Бұл форум Түр­кіс­­­танның ертеңгі дамуына септігі тиетін аса­ маңызды жо­­­ба­ға айналғалы тұр.­ Себебі осы күні жалпы құны 1,7 миллиард АҚШ долларын құ­рай­тын 19 меморан­думға қол қойы­лып, өңір­дің алдағы уақытта даму стратегия­сы айқындалды. 

Облыс әкімі Жансейіт Түйме­баев өзінің баяндамасында Түркіс­тан өңірінің инвестицияларға әр­дайым ашық екенін мәлімдеп, не­гізгі үш бағытқа басымдық бері­ліп отыр­ғанын жеткізді. Туризм, агро­өнеркәсіп және логистика мен транзит салалары  өлкенің экономикасы­на тың серпін беретін салалар ре­­тінде таңдалды. «Елбасы осынау кө­не қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мем­лекет тарапынан жалпы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік-іс­керлік орталығы және тұрғын үй­лер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген «ақыл­ды қалаға» айналатыны сөз­сіз. Қазірдің өзінде өңірдің эко­но­микалық даму мүмкіндігіне қа­нық­қан отандық және түрік компания­лары 100 млн АҚШ долларынан аса­тын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орын­дары мен фитнес орталықтар ашу­ды көздеп отыр», деді облыс әкімі.

Түркістан өңірінің шетелдік инвесторларға ұсынатын дүниелері мол. Былтыр өңірге 482 млрд теңге кө­лемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша республикада үздіктер қатарынан табылған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 129 млрд теңге тартылып, 2,5 есе­ге ұлғайған. Алдағы уақытта Түр­кістан облысында жалпы құны 5 мил­лиард долларды құрайтын бір­қатар инвестициялық жобалар жүзеге аспақ.  Инвесторлармен жұмысты жандандыруға ерекше кө­ңіл бөлінуде. Оларға қолайлы жағ­­дай жасау мақсатында ин­вес­­­ти­циялық субсидиялар қа­рас­­­­­ты­рылып, салықтық және ке­ден­дік жеңілдіктер берілмек. Әкім­діктің бастамасымен құрылған «Түр­кістан инвест» орталығы ше­­тел­дік инвесторлар үшін тәу­лік бойы қызмет ететін болады. Со­нымен қатар арнайы қаржы­лық институттар құрылып, олар шетел­діктердің қатысуымен жү­зе­ге асырылатын  жобаларға қол­дау көрсетпек. Түркістан қала­сында «TURKISTAN» арнайы эко­но­ми­калық аймағын құру  жос­­­пар­ланған. Бұл аймақта кәсіп­керлерге 25 жылға дейін салық тө­леуде жеңілдіктер қарас­тыры­лады. Сондай-ақ облыс әкімі Орта­лық Азия кеңістігіндегі  өзара ын­ты­мақтастық мәселесін қозғай ке­ле, әсіресе Түркістан – Шымкент – Таш­кент – Худжант бағытының мүм­­кіндіктерін айтып өтті. 

Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесі, Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы туристер үшін ерекше тартымды­ нысандардың бүкіләлемдік тізі­міне кірді. Жиында Еуразиялық эко­номикалық ынтымақтастық ұйы­мының (ЕОЫҰ) бас хатшысы Вла­димир Пискурев мәлімдеме жасап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификатты салтанатты түрде тапсырды. «Мен бүгін Түркістанға қуанышты хабар алып келіп тұрмын. Йохансбургте өткен туризм­­нің тартымдылығы мен тұ­рақ­ты туризмді дамыту жөніндегі Халықаралық комитетінің сессиясында 48 елдің мамандары мен сарапшылары бір ауыздан Түркістан облысының үш бірдей тарихи орнын өте тартымды туризм нысаны деп тану туралы шешім қабылдады. Олар – Әзірет Сұлтан кешені, Арыстан баб кесенесі және көне Отырар қаласы. Бұлар әлемнің қайталанбас өте тартымды туристік нысандары тізіміне енді. Туристік тар­тымдылық және туризмді тұ­рақты дамыту бойынша бір ел­дің, бір облыстың аумағындағы үш бірдей жәдігеріне қатысты мұндай шешім қабылдау бұрын-соңды болған емес. Бұл әлемдік сенсация! Мұндай мәртебенің бері­луі туристік нысанның әлем­­дегі танымалдылығын ана­ғұр­лым арттырып, туристер ле­гін күрт көбейтудегі маңызы зор. Жал­­­пы, соңғы бір жылда әлем бо­йын­ша туристік саяхат жасаған­дар­дың саны 1 миллиард 323 мил­­­­лионға адамға жетіп отыр. Ма­­ман­дардың пікірінше, алдағы уақытта Орталық Азия өңіріне деген қызығушылық анағұрлым өсе түспек, себебі осы өңірдің адам­затқа, әлем қауымдастығына көр­сететін таңғажайып дүниелері мол. Солардың бірі – Түркістан жеріндегі қасиетті мекендер», деді халықаралық ұйымның бас хатшысы. 

  Облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуеті жайлы толық­қанды ақпарат алған   шетелдік инвесторлар Түркістан өңірінде ту­ризм, ауыл шаруашылығы, кә­сіп­керлік салалары  бойынша тың жобаларды жүзеге асыруға қы­зы­ғушылықтарын білдірді. Өзге елдің компаниялары заманауи үлгі­дегі әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылым мен сандық технологияны дамытуға күш салатынын атап өтті. Мысалы, Түркияның «Sollur bey Group» компаниясының құрылтайшысы Ибрахим Айдын мал шаруашылығын дамытуға арналған жобаны жүзеге асыру үшін 15 миллион АҚШ долларын жұмсауға әзір екенін мәлімдеді. Ал Малайзияның «Nagasteel» компа­ниясы Түркістан өңіріне жаңа технологиясын әкелмек. «Біз мұнда энер­гия көздерін жаңарту, күн және жел қуатын пайдалану жобаларымен келдік. Осы мақсатта Шымкент қаласында офи­сімізді де аштық. Жалпы, Қазақ­стан күн және жел энер­гиясына бай ел болып табылады. Өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін көріп тұрмыз. Бұ­лар­ды игеруге атсалысуға өзіміз­дің біраз инвесторларымызды да тартатын боламыз. Мұнда 50 мега­ваттық жел энергиясын өндіру жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл бағытта 5 жоба жасап, соған қа­жетті құрылғы-жабдықтарды алып келуді бастап та кеттік. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібін дамыту бойынша да дайын бірнеше жобамыз бар. Сарыағаш ауданында күн қуатынан энергия алу станция­сын салуға 60-70 миллион АҚШ ­долларын жұмсауды жоспар­лап қойдық. Егер біз Түркістан қа­ласының жаңа аумағын энергиямен жабдық­тайтын болсақ, 1 миллиард доллар жұмсауға дайынбыз»,  дейді аталған компанияның  менеджер-директоры  Зайнул Азизан. 

Форумда қол қойылған меморандумдар бойынша жүзеге асатын  бірқатар жобаларға тоқталар болсақ, қытайлық «Shanghai Lianfu New Energy Science & Technology Group» компаниясымен бірлесіп күн энергиясымен жүретін электоавтобустар көзделіп отыр. Жобаның құны 340 миллион  АҚШ долларына бағаланған. Осы елдің тағы бір өкілі – «Changchun Longyuan Power Equipment Co.LTD» компаниясы Түркістан аймағында энер­гети­калық құрылғылар мен бұйымдар жасауға  648 миллион  АҚШ доллары көлемінде инвес­тиция тартуға келісті. Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 млн долларды құрайтын онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауы­тын салу жөнінде меморандум түзілді. Түркияның  «Dogus Insaat ve Ticaret A.S.» компания­сымен арада инфрақұрылымды дамыту бағытында 100 миллион долларға бағаланатын жобаларды жүзеге асыру бойынша келісім жасалды. «Faradid Meehan» (Иран) компаниясы кірпіш зауытының құрылысына 5 миллион доллар инвестиция тартатын болды. Ресей­лік «Green Land Alatau» компаниясы болса жылыжай кешенінің құрылысына 180 миллион АҚШ долларын жұмсауды жоспарлап отыр. Қытайлық «Jiangsu Huale Electric» компаниясы күн электр станциясының құрылысына 50 миллион доллар инвестиция құй­мақ. Чехиялық инвесторлармен ақ жүгеріні қайта өңдейтін зауыт салу жөнінде келісім түзілсе, Бірік­кен Араб Әмірлігінен келген «Al-Masood» компаниясы өңірде туризм саласын дамытуда әріптестік жасамақ. Түркістанда «Ақылды қала» жобасы дамытуға Қытайдың танымал «Huawei» компаниясы 10 миллион АҚШ долларын бөлуге келісті.  

Түркі жұртының рухани астанасы Түркістан жерінде мұндай форумдар алдағы уақытта да дәстүр­лі түр­де өткізіліп отыратыны анық.­ Тұңғыш форумның жоғары дең­гей­де өтуі, осында аса құнды да ке­лешегі зор көптеген жобаларға қол қойылуы осыған кепіл. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы