• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қазан, 2018

Биыл Қостанай облысында суға кеткендер саны азайған

278 рет
көрсетілді

Биыл жыл басынан бері облыс өңірінде 15 адам суға кеткен. Оның 6-ы балалар мен жасөспірімдер. Құтқарушылар 11 адамды ажалдан аман алып қалған.

Өткен жылға қарағанда судың құрбаны болғандар саны 12 процентке азайған. Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы К.Тәуекелов суға түсу маусымы кезінде ажал құшатындардың себебін және бақытсыз жағдайлардың алдын алу үшін жүргізілген профилактикалық сақтық шаралары жөнінде айтты.

«Былтырғыға қарағанда абайсыздықтан ажал құшқандардың саны азайды. Ол жаз айларында белсенді жүргізілген сақтық шараларының, жергілікті барлық деңгейдегі атқару органдарымен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Жағажайларда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылды, шомылуға рұқсат етілмеген су айдындары, жағажайлар анықталды, оларда патруль қойдық. Тобыл өзеніне, Гагарин бөгетіне суға сүңгуірлер кезекшілік жасады» дейді азаматтық қоғаныс майоры Тәуекелов.

Облыс өңіріндегі су айдындарында суға түсу маусымы кезінде 16 құтқару бекеттері құрылды, жабдықталмаған суға түсетін орындарда 412 белгілер қойылды. «Қауіпсіз каникул» акциясы кезінде балалардың демалыс лагерьлерінде олармен 104 541 әңгіме өткізілді. Мектеп жанындағы алаңдарда 140 ашық сабақтар, конкурстер, флэшмобтар өткізілді.

Шомылу маусымы жабылғанымен күзгі балық аулау маусымында да проблема азаймайды. Биыл суда балық аулаған кездегі ережелерді сақтамау салдарынан екі балықшы суға кетті.

 Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай