Елімізде қазанның алғашқы жексенбісі – мұғалімдер күні. Ұстаз – ұлт пен ұрпақ үшін қасиетті ұғым. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Міне, сондықтан да елімізде ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге құрмет көрсетіп, үздіктерін марапаттау дәстүрге айналған. Жер-жерде арнайы шаралар ұйымдастырылып, ұстаздар қауымы қошеметке бөленуде.
Биыл да аталған дәстүр үзілмей, мұғалімдерді марапаттау шарасы жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиынға қатысқан сенатор Дариға Назарбаева елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті.
«Бүгін біздің еліміз үшін айрықша мереке, ерекше мейрам. Өйткені балаларымыздың, жарқын болашағымыздың, бір сөзбен айтқанда, тұтас Қазақстанның тағдырына жауапты жандардың еңбегі еленетін күн. Білім саласында қызмет етіп, ертеңгі елдің саналы ұрпағын тәрбиелеп жүрген әрбір педагогке халықтың айтар алғысы ұшан-теңіз. Сіздер ұлы қызметтің тұтқасын ұстаған, маңызды мамандыққа маңдай тер төгіп жүрген жансыздар. Елдің ертеңі үшін енгізіліп жатқан түрлі бағдарламаларды именбей игеріп, жатсынбай жас ұрпақтың санасына сіңіруде сіздердің үлестеріңіз мол. Алдағы күндеріңізге сәттілік пен қайрат тілеймін», деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізілуде. Жеті жыл ішінде конкурсқа 31 420 мұғалім қатысқан, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақысымен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері болып танылған. Биыл аудандық және қалалық конкурсқа 3 864, облыстық іріктеуге 710 педагог қатысқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Ал «Үздік педагог – 2018» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы педагогтерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскенін айта кеткеніміз жөн.
Конкурстық комиссияның қазылар алқасы құрамына еліміздің үздік мұғалімдері, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, біліктілікті арттыру институттарының оқытушылары, кәсіподақтар ұйымының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, журналистер кірген. Аталған комиссияның шешімімен 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогі» төс белгісі, куәлік, сондай-ақ 1000 АЕК сомасында сыйақы табыс етілді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»