«Ана тілім! Сен маған ризасың ба, білмеймін, бірақ менің тірлігім – сенсің, мен сені мақтан етемін. Сонау тұңғиық терең жер түбінен жарыққа, күнге, жасыл шөпке асыққан бұлақ суындай ана тілімнің сөздері тірлігімнен қайнап шығып, алқымыма тіреледі. Ернім күбірлейді. Өз күбіріме өзім құлақ тігем, сонда маған бейне тұңғиықтан шымырлап шыққан таудың асау өзені елестейді. Мен болаттың сыңғырын ұнатам, қынабынан суырылған екі қанжардың бір-біріне соғылған дыбысын сүйемін. Осының бәрі менің тілімде бар», деп ақтық демі таусылғанша ұлттық рухты, елі мен жерін перзенттік махаббатпен, іңкәр сезіммен тебірене жырлап өткен Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов – отты да шуақты жырларымен кеңес поэзиясының ұшар басынан ойып тұрып орын алып, көзі тірісінде аңыз адам ретінде бағаланған ғажайып тұлғалардың бірі. Авар ұлтын әлемге танытып, өзінің сөзімен айтар болсақ, «аттөбеліндей халқымның тілін жұтаң дейтіндер айта берсін. Мен өз ана тіліммен бірге өмір сүруге тиіспін. Жан дүниемнің күллі құдыретін ғаламға жеткізу үшін маған басқа тіл қажет емес» деген өмірлік асыл мұратынан айнымаған жанды ұлттың ұлы ұстазы десе, жарасары анық.
«Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген үлкенге де, кішіге де қарата айтылған жан шымырлатар өсиет сөзі афоризмге, нақылға айналып кеткені соншалық, әлі күнге дейін саналарда жаңғырып тұр. Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырза Әлі секілді талантты ақындар оның қазақ оқырмандары арасына кеңінен танылуына өлшеусіз үлес қосты. Кез келген өлеңінен даралық қолтаңбасын, жазу мәнерін аңғару қиын емес. Шығармашылық шабыттың шыңы саналатын «Менің Дағыстаным» кітабында таулықтарға тән кесек мінез де, өрлік те, ерлік те, жеңіл қалжың да, ой саларлық қадау-қадау мәселелер де қатар өріліп отырады. Әдеби сын мақалалар жазумен қатар авар тіліне А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдің, тағы басқа шайырлардың жауһар шығармаларын аударған санқырлы талант иесі әдебиеттегі үздік жетістіктері үшін көптеген мемлекеттік сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Арқалы ақынның 95 жылдығы «Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Достық үйінде кеңінен атап өтіліп, өмірбаяны және шығармашылық жолы жан-жақты таныстырылып, кейінгі буынға үлгі етілді.
«Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» жергілікті филиалының төрағасы Виктор Сайко өз сөзінде, әдеби-музыкалық кеш мақсаты есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, шығармаларының өне бойынан көркемдік қуат, ұлттық рух самал желдей есіп тұратын ақынды жастар арасында кеңінен насихаттау керек екенін атап өтті. Облыстық филармонияның әртістері мен ұйым жанында жұмыс істейтін театр үйірмесінің мүшелері кеш ажарын аша түсті. Николай Колокольчиков пен оның шәкірті Артем Маликов ақынның сөздеріне жазылған әндерді әуелете шырқаса, Любовь Сидорова, Надежда Коноплева бірнеше өлеңдерін шабыттана оқып берді. «Ана тілі» атты жалпақ жұртқа жақсы мәлім өлеңіндегі «Бар адамнан жатырмын тек мен бөлек, Бір дауысты естіп қалдым мен кенет. Естідім мен осы арада үнін де, Екі кісі сөйлесті авар тілінде» деген шумақтар асқақ естілді.
Мазмұнды басқосуды ұйымдастырушылардың бірі, «Русская община» бірлестігінің төрайымы Наталья Римско-Корсаковскаямен сөйлескенімізде, ол Расул Ғамзатовтың «Дағыстанда лак дейтін аз санды ұлт бар. Ол ағайындар аздығына қарамай дүниенің төрт бұрышына шашырап кеткен. Негізінен қолөнерші халық. «Қарбызды тілгенде абай бол, ішінен лак шыға келмесін» деген таулықтардың әзілін көркем суреттей отырып, ана сүтімен бойға даритын қасиетті тілді қадірлеуге шақырғанын, жойылып кетуінен әркез сақтандырып отырғанын бұл тұжырымы бүгін де өміршеңдігін жоймағанын жеткізді.
«Мен ана тіліммен бірге өмір сүруге тиіспін» деген ұстанымын бүгінгі ұрпақ біліп өссе, көкірегінде сайрап тұрса шіркін деген арман оянады осындайда.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы