Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтың сырын шертеді, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар» деп жазған болатын.
Сонау 1955 жылдары балалық шағымыз өткен Егіндікөл ауылында тыңдаған кісіні елең еткізер ескі әңгімелер көп. Соның бірі – ауыл ортасындағы бұлаққа байланысты өрбиді. Айтушылардың аңызына сүйенсек, бағзы бір заманда үй орнындай бұлақ көзі атқылап бой бермегесін ауыл шалдары ақылдасып, басты көзді құрым киізбен бітеп, жабады. Әйтсе де бұлақ суы әлі тоқтамай ағып, ауыл іргесіндегі көлге құйылып жатыр.
Сегізсай ауылына барар биік жолдың сол жағында қараған мен жыңғыл өскен төбеде бұрын жаяу кісі бойлап кіретін «Борлы үңгір» бар. Ауыл оны «Құныскерей үңгірі» дейді.
Бұлай аталу себебі 1921-1923 жылдары Гурьев облысы, Қызылқоға ауданындағы Көздіғара ауылдық кеңесінің төрағасы Құныскерей Қожахметов өз елінде «істі» болып, Қаратөбенің Жарлы бойындағы биік жардың етегін, өзен бойын жағалап қашып келе жатып, Егіндікөлде осы үңгірді паналайды. Бұл жөнінде жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романында жазылған.
* * *
Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылының іргесінде ұзындығы бірнеше шақырымға созылған Аққұм алабы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына жақын жатыр.
Ел ауызындағы аңызда Аққұм ХV ғасырда қалмақтың ханы Алшағырдың ордасы болған деседі. Жорыққа кеткен Қарақыпшақ Қобыланды батыр жеңіспен ауылына келсе, Алшағыр ауылын шауып, ата-анасы мен інісін тұтқындап алып кетіпті. Қобыланды содан Алшағыр ханмен соғысып, тұтқында жатқан туыстарын құтқарған. Осы соғыста Қобыланды батыр Алшағыр ханның ордасын талқандайды. Талқандалған орда кейін құмға айналған.
* * *
Балалық шағымыз өткен Егіндікөл ауылы жасымыз жетпіс бестен асса да, есімізден кетер емес. Оның жазда болатын құм бораны ерекше. Егіндікөлде құм суырыла соққанда Аққұмда да боран болып, талай тарихи жәдігерлерді ашып тастайды. Осы кезде барсаң, олжалы болғаның. Енді бір боран соққанда оларды көшкен құм жауып тастайды.
Аты аңызға айналған Аққұм мені 1969 жылы қыркүйекте Егіндікөл орта мектебіне мұғалім болып келгесін де қызықтырды. Ауылда соққан құм боран басылған бойда бірде Аққұмға бардым. Жезден жасалған екі қырлы, үш қырлы жебе ұштарын, құмыра сынықтарын тауып, маған дейін тарих пәнінің мұғалімдері Ғабдолла Жамаев, Аманкелді Аймашев ағалар ұйымдастырған мектеп мұражайына әкеліп қойдым. Енді бір барғанымда, ұшы сынған, сыртын тот басқан қайқы қылыш таптым. Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газеті редакциясына жұмысқа келгесін, жергілікті мұражайға осы қылышты тапсырдым. Бұл қылыш қазір М.Мералиев атындағы аудандық тарихи- өлкетану мұражайындағы Аққұм туралы жәдігердің бірі.
* * *
Жігерлен ауылына бара жатқанда оң жағындағы төбе – Дәуқара төбесі деп аталады. Дәуқара деген кісі батыр болған. Қалмақтармен болған жаугершілік кездегі жорықтарда жасаған ерліктері үшін оның аты Байбақты руының ұранына айналған. Байбақтылар жауға «Дәуқаралап» шабатын болыпты.
Төбенің шығыс беті – көне зираттар. Құлпытастарын мүк басқан. Батыс беті – кейінгі кезде жерленген адамдарға көтерілген қазіргі силикат тастан қаланып салынған күмбезді молалар мен құлпытастар. Дәуқараның басы топырақ оба етіп үйілген екен деседі.
Осы көп мола жатқан биік төбенің қақ ортасында құлпытас тұр. Бұл – Дәуқараның құлпытасы.
Құлпытастың суретін берген «Батыс Қазақстан құлпытастары» кітабында Қазыбек Құттымұратұлы (Орал, 2014. 46-47 беттер) былай деп жазған. «Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен елді мекенінің күнбатыс жағында 2-3 шақырым қашықтықта биік төбе басына орналасқан көне, жаңа зираттар араласқан қорым. Мұнда Кіші жүз, Байұлы құрамына кіретін Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батырдың моласы бар. Ел-жұрт басына тәу етіп, ақтық (шүберек) байлайтын зиярат орыны саналады.
Дәуқараның басына түнеушілердің үзілмейтіндігін, оның құлпытасына байланған жасыл жібек шарқат керек пе, ақ жібек орамал керек пе, әйтеуір байланған ақтықтар мен темір жәшікке салынған теңгелердің көптігін көруге болады.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі» атты кітабында да Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батырдың ата-тегі туралы жазылған. Ол шежіреге қарағанда, Байбақтының ағайыны Жанбақтыдан – Андас, Андастан – Қарақожа, Қарақожадан – Дәуқара тарайды.
* * *
Айта берсе елді елең еткізерлік жер-су аттары да, тұлпар мініп, ту ұстаған тұлғалар да жетерлік бұл өлкеде. Біз солардың кейбірін ғана сөз еттік. Әр өңірдің өзіндік шежіре-аңыздарынан Қазақстанның тұтас тарихы құралатынын ұмытпайық, ағайын!
Қайыржан ХАСАНОВ,
өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры
ОРАЛ