• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қазан, 2018

Павлодар облысында жыл сайын 38 миллион тонна көмір өндіріледі

1299 рет
көрсетілді

Павлодар облысында жыл сайын 38 миллион тонна көмір өндіріледі екен. Бұл елімізде өндірілетін жалпы көмір көлемінің 60,1 проценті болса, Қарағанды облысының үлесі – 33,5 процент, Шығыс Қазақстан облысының үлесінде 6,3 процент.

Павлодар өңіріндегі «Бога­тырь-Көмір» ЖШС, «Майкөбен-Вест» ЖШС, «Шығыс» ЖШС бұл күндері энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмір көлемін арттыру үшін қарқынды жұмыс істеуде. Біз «Майкөбен-Вест» ЖШС кен байыту фабрикасын ашатынын, «Шығыс» пен «Богатырь-Көмірдің» кеніштері циклды-толассыз өндіріс кешендерін іске қосып, көмір сапасын арттырып, тереңнен өңдеуге, байытуға, көмір химиясын дамытуға басымдық беріп жатқандары туралы бұдан бұрын жазғанбыз. Мысалы, Екібастұздағы «Богатырь-Көмір» ЖШС 2021 жылға қарай циклды-толассыз технологияға көшкен соң жылдық қуатты 42 миллион тоннадан 49 миллион тоннаға дейін арттыра алады екен. Былтыр серіктестік 40 миллион 900 мың тонна көмір өндірсе, оның 30 миллион 700 тоннасын қазақстандықтар тұтынып, 10 миллион 200 мың тоннасы Ресейге жөнелтілген. 

Ал «Еуроазиаттық энер­ге­ти­ка­лық корпорация» АҚ-қа қарасты «Шығыс» кені­ші­не елімізде өндірілетін энер­ге­тикалық көмірдің 20 проценті тиесілі. Кәсіпорын биыл да 18 миллион тонна көмір өндірмек. 

«Жалпы, кезінде Екібас­тұз­­дық стансалар негізінен Екі­бас­­тұз­дың таскөміріне ла­йық­та­лып салынды. Өнімі әлем­дік ба­ға­мен салыстырғанда арзан делі­неді, сондықтан бұл саланы да­мыту үшін ең алдымен қар­жы­лан­дырудың «жасыл нарығын» да­мыту керек», дейді мамандар.  Ал Баянауылдың түбіндегі Майкөбе кенішінің көмірі қоңыр түсті, лигнит деп аталады. Екібастұздың көмірінен айырмасы бар. Қоңыр көмір тез жанады, күлі аз. Есесіне тас көмірге қарағанда қызуы төмен, негізінен тұрғын үйлер пешіне жағылатын көмір. Кеніш 6,4 шақырымға созылып жатыр. Кен орнының тереңдігі 80 метр­ге жуық. Күн сайын 150-200 машина көмір тиеледі. Алдағы жылдары кеніштен өндірілетін көмірдің өндіріс көлемін 4,3 миллион тоннаға жеткізу жос­парланып отыр. Бұл біздің өңір­де көмір кеніштері кез келген сұранысты өтеуге әзір деген сөз.

 

Әрине көмір өндіретін кәсіп­орын­дардың ел экономика­сына қосып жатқан үлестері де бар, тұрғын­дарды жұмыспен, өңір­лерді көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, ауылдықтарды экология мәселесі алаңдатады. Облыста 2018 жыл Экология жылы деп жа­рия­лағанын білеміз. Нәтиже қандай? Баянауылдағы «Гамма» ЖШС, «Майкөбен-Вест» ЖШС сияқты компаниялар жұмыс істейтін кеніштер Сұлужон, Шөптікөл, Майкөбе, Бірлік ауылдарының маңында орналасқан. Төңірек түгел шаң-тозаң. Шөптікөл ауылы ауызсусыз отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар емес пе?! Ауылдар бір емес, Майкөбе, Талдыкөл, Сарыкөл аталатын көмір қазатын үш кеніштің ортасында күл шығарып, улы ауамен тыныстап отырғанын ескерейік. 

Май ауданындағы Жамантұз көмір кешенін алайық. Аудан әкімдігінің мәліметінше, «Директ» ЖШС жылына 300 мың тонна көмір өндіреді екен. Бірақ қалай өндіруде? Мәселе сонда. 

Біз Майкөбеге де, Жамантұзға да барып көргенбіз. Көмір кеніштерінің маңайы толы ауыл. Халықтың тұрмысы, экологиялық жағдайы, қауіпсіздігі еске­рілген бе? Ашық-шашық қалған шұңқыр­ларға, шаң-тозаң, күлге кімдер жауапты? Оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ.  Жамантұзда 9 миллион тонна көмір қоры бар. Бірақ өнім Ресейге жіберілуде. Алдағы уақытта Украинаға, Польшаға дейін жеткізілмекші. Индустриялық-инновация басқармасы Жамантұзға келетін инвесторды күтіп отыр. Инвестор келсе, көмір кенішінде ауылдардың 350 азаматына жұмыс табылады дейді. 

Елбасы «Жер қойнауын пайдалануда делдалдарға жол бермеу» туралы нақты тапсырма бергені белгілі. Пре­зидент шетелдік инвесторлардың кеңесінде кәсіпкерлер алыпсатарлықпен емес, кен орындарын дамытумен және қаржыландырумен айналысуға тиістігін айтқан-ды. Ал қазір кеніштердегі көмір өн­ді­рісінің ішкі-сыртқы алаптарын айна­ла ор қазылған, төңірек түгел қара көмір қоспасына ораныпты. Күл үйіліп жоталарға айналған. Ауаға шы­ғары­латын зиянды қоспаларға шектеу жасалып, экологиялық талап қойылуы қажет-ақ, бірақ ол жағын елеп-ескерілер емес.  Жақында қытайлық инвесторлар Екібастұздың көмір кеніштерін аралап, көріп кетті. Олардың айтуынша, 10 миллион тонна көмірден 5 миллион тонна кокс алуға болады екен. Көмірді – шина өндіруге, аэроғарыштық өнімдер өндіру үшін, тіпті, жол салуға, жылыжайлар­да көкөніс түрлерінің шығымын арттыратын тыңайтқышқа да пайдалануға бола­ды екен. Әрине, қазіргі таңда көмір өндірі­сі­не инвесторлар да аса қызыға қоймас. Ал көмір химиясын дамыту қажет. Мысалы, өңірге келген еліміздегі «Көмір химиясы және технологиялар институты» ЖШС мамандарының айтуын­ша, біздің Майкөбенің 5 тонна көмірінен 1 тонна сұйық отын алуға болса, «Қазақстан алюминийі» АҚ көмір­ден синтез газын, «Нефтехим LTD» ЖШС пропиллен алу жолдарын қарастыруда. 

Айтпақшы, күздің күні қазір жылышырай танытып тұрғанымен де, қыс келері анық. Былтырғы көмірдің жетпеуі себеп болды ма, әйтеуір биыл өңір тұрғындары үйлеріне көмір жеткізіп алуды ерте жаздан бастап кетіпті. Облыстық әкімдік те «алғашқы суық түспей қысқы мезгілге көмірмен қамданып алуға» шақырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәлі­метінше, өңір тұрғындарының жылу маусымындағы көмірге деген сұранысы шамамен 428 мың тоннаны құрайды. Бұл күндері оны тасымалдаумен 300-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік орындары айна­лысуда. Ал облыс орталығында «Элит KZ», «А-Вест Павлодар» және «Север-Энергоугольснаб» ЖШС-тары жет­кізілген көмірді сатуда. Бірақ жанар-жағар май отынының баға тұрақ­­сыз­­дығына орай, көмір бағасы да тұрақ­ты реттелмей, өзгеріп тұруы да мүмкін. 

– Көмірдің бағасын кеніштер бекіте­ді. Қазір әкімдіктермен өнімді жеткізу бо­­йын­ша келісімшарттар жасалды. Мыса­лы, «Майкөбен-Вест» ЖШС биыл көмір­­дің 1 тоннасын 6500 теңгеден өткізбек­ші, – дейді басқарма маманы Талғат Еспұлов. 

Көмір жеткізумен және сатумен айналысатын «Элит KZ» ЖШС-нің директоры Дастан Дәулетбаевтың айтуынша, қазір кәсіпорын қорындағы отын жет­кі­лікті. Қарағандыдағы Шұбаркөл көмі­рі­нің тоннасы 17 мың теңге, Май­көбе кө­мі­рі 12 мың теңге. Өңір тұрғын­дары Семей­­­дің Қаражыра көмір кені­шінің де көм­і­­рін тұтынады. Шектеу жоқ. Тұр­ғын­дар­­­ға сапалы көмір таңдауға мүмкіндік бар. 

Былтыр облыс орталығында ұзақ уа­қыт жанатын әрі тозаңы аз, брикеттелген көмір өндірісі іске қосылған-ды. Бри­кет­телген көмір жай көмірге қара­ғанда жылу­­ды 4-5 есе көп береді. Кәсіпорын ерек­­ше өнімді тоннамен емес, қаппен сатады. 25 келілік бір қап көмірдің бағасы – 400 теңге. Жекеменшік үйлердің пеш­теріне арналған. Бірақ тұрғындар бұл кө­мір­дің де «дұрыс жанбайтынын» айтады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының мәліметінше, өңірдегі әлеу­мет­тік сала нысандарының қазандық­тарына алдағы қысқа 141 мың тонна көмір сатып алу үшін 1,4 млрд теңге қарастырылыпты. Электр стансалары да жөндеуден өткізілуде.  Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде ең алдымен орталық өңірлерге содан кейін солтүстік өңірлерге де газ тартуды тап­сырған-ды. Эколог мамандардың ай­туынша, метан газының келуі көптеген әлеуметтік мәселелерді шешеді. Газдың тартылуынан қоршаған орта тазарады. Көмірдің көк түтіні өкпесін ыстаған халықтың тынысы бір кеңіп қалар еді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы