«Адал ұрпақ» клубы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын жүйелі жүргізіп, ел мүддесін бірінші орынға қоятын адал буынды тәрбиелеу жолында бірқатар жұмыстардың басы қайырылды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті департаменті мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылған клубтың облыстық слетіне мектептерден 500-ден астам делегат жиналып, алда атқарылатын іс-жоспарлармен бөлісті. Делегаттар алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жемқорлық деңгейі төмен өңірде қоғамдық жегі құртпен күрес жан-жақты өріс тапқанын жеткізе келіп, бүгінгі күні 497 ұйымға бірігіп отырған мектеп оқушылары аға ұрпақ дәстүрлерін берік ұстап, жалғастыратынына сенім білдірді. Салтанатты бөлім аяқталғаннан кейін жеткіншектер Тұңғыш Президент саябағында өткен квест ойындарына, сондай-ақ шеруге қатысып, білімдері мен спорттық әзірліктерінің биік дәрежеде екенін танытты.
«Адал ұрпақ» клубы қатарына сабақта озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді отызға жуық жас патриот қабылданып, парақорлық акциялар мен шараларға үзбей араласып келе жатқан жергілікті ұйымдар мен олардың жетекшілеріне аймақ басшысының алғыс хаттары тапсырылды. Үздіктер қатарында Келлеровка, Мамлют, Есім Шайкин атындағы мектептер бар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы