• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қазан, 2018

Субсидия беруді автоматтандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде

462 рет
көрсетілді

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдістерін автоматтандыру, оның ішінде субсидия беруді автоматтандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. 

Осы бір маңызды шараға байланысты кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев баспасөз мәслихатын өткізді. «Субсидиялау үде­ріс­терін автоматтандыру берілген өтінімдер мер­зімін 2,5 есе қысқартып, жең ұшынан жалғаса­тын жемқорлықты азайтады», деп атап көрсетті ол БАҚ өкілдерімен кездесуде.

Қазіргі күнге дейін еліміз бойынша, АӨК жұмыс­тарын субсидиялаудың 14 бағытының ішінен тыңайт­қыш бойынша субсидия төлеу шараларын толық автоматтандыру жүргізілді. Атап айтқанда, осы бағыт бойынша онлайн түрде 18,2 млрд теңгеге 20 мың электрондық өтінім тапсырылған болатын. Қолға алынған автоматтандыру шараларының арқасында 17,1 млрд теңге сомасындағы өтінімдер төленді. Ақпа­рат­тарды тексеру автоматты түрде жүзеге асырылып, өтінімдерді қарау мерзімі бар болғаны 1 күнді құрады.

Жақын арада егіншілік мәдениетінің басқа да шараларына субсидия беру мәселелерін автоматтандыру жұмысы жүргізілетін болады. Бұл ретте көктемгі дала жұмыстарына және егін орағына қажетті жанар-жағармай материалдарына және басқа да тауарлық материалдардың бағасына мемлекет тарапынан субсидия төлеу мәселелері автоматты түрде жүзеге асырылатын болады. Жылдың аяғына дейін егіншілік саласындағы қалған бағыттар бойынша субсидия төлеу шаралары толық автоматтандырылмақ. Өз кезегін­де бұл берілген өтінімдерді қарау мерзімін 2,5 есе (18 күннен 7 күнге дейін) қысқартуға мүмкін­дік береді. Сонымен бірге субсидиялау жүйе­сін авто­мат­тандыру адам факторын азайтып, жемқорлық сыбай­ластыққа тосқауыл қоятын болады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдістерін автоматтандырудың тағы бір маңызды ықпалы Субсидиялау қаражатын бөлу комиссияларының жұмысын тоқтатады. Бұл субсидия беру кезінде лауазымды тұлғалардың іс-шараға араласуына тосқауыл қойып, жобаларды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. 

Сондай-ақ субсидиялау үрдісін автоматтандыру бақылау мен мониторингілеуді нақты уақыт режімінде жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни, фермер өзі тапсырған өтінімді өтінімдер тізімінен нақты уақыт режімінде көре алады. Сонымен бірге дерек­терді жинау мен өңдеу барысында қағазбастылық жойылады. Орталық және жергілікті басқару органдар арасындағы құжат айналымы төмендейді. 

Субсидиялау жүйесін автоматтандырудың тағы бір тиімді жағы, мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін интернет желісі арқылы барлық шараларды атқаруға мүмкіндік береді. Олар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы үрдісін нақты уақыт режі­мінде бақылай отырып, уақыттарын үнемдейді. Қоры­та айтқанда, субсидия беру жүйесін автоматтандыру шаралары – ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне көрсетілген тиімді де ықпалды көмек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»