• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2018

Ақмола облысында Макинск құс фабрикасы ашылды

996 рет
көрсетілді

Ақмола облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ Макинск құс фабрикасының салтанатты ашылуы болып өтті.

Бұланды ауданында жылына 25 000 тонна құс етін өндіретін фабриканың бірінші кезеңі іске қосылды. Құны 45,6 миллиард теңгені құрайтын жобаның қатысушылары қазақстандық және шетелдік инвесторлар, атап айтқанда Aitas KZ холдингі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, «Вaiterek Venture Fund» АҚ және «Қазақстан даму банкі» АҚ-тың кредиттік желісі. 

Фабриканың бірінші кезеңі тоғыз өн­дірістік алаңды қамтиды. Олар әр­қай­сы­сында он екі құс қорасы бар төрт брой­лер­лік инкубатор, құс етін өңдеу зауыты, қал­дық­тарды қордаландыру желісі, қосал­­қы алаң, жемшөп өңдеу цехы. Бүгін фаб­рика ашылып, инкубатордың қақпағы жа­былды. Алғашқы 300 000 жұ­мырт­­қа салынды. Фабриканың бірін­ші ке­зе­гіндегі қалған алаңдар биылғы жыл­дың соңына дейін іске қосылатын бола­ды. Екінші кезеңін іске қосу 2020 жыл­дың екінші жартысына межеленіп отыр. 

– Макинск құс фабрикасы тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азия өңірінде ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ, – деді облыс әкімі Мәлік Мырзалин. Бұл шара ең алдымен Астана қаласының сауда сөрелерін сапалы құс етімен және жұмыртқамен қамтуға мүмкіндік береді. Әрі Макинск қаласындағы жұмыссыздықты жоюға да әсері болмақ. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетіп жатырмыз. 

Облыс әкімі импорттық азық-түлік тауарларын ығыстырып, отандық өнім мөлшерін көбейтуге фабрика тигізер септігін нақты талдап, қолмен қойғандай етіп айтып берді. Фабрика шығаратын негізгі өнім – тоңазытылған бройлер еті. Екінші кезекті іске қосқаннан ке­йін кә­сіп­о­рынның қуаты құс етіне деген іш­кі нарықтың қажеттілігін 15 про­центке дейін қанағаттандыруға мүмкін­дік береді. Сөз арасында 2017 жылы елдегі құс етін тұтыну 341 000 тоннаны құра­ған­дығын айта кеткен ләзім. Жаңа фабрика өз кезегінде импорт үлесін қазіргі 50,4 проценттен 32,6 процентке дейін азайтуға мүмкіндік береді. 

– Макинск құс фабрикасы – әлемдік құс шаруашылығының озат үлгісі. Ең үздік жабдық, ең үздік тәжірибе осында, – деді Aitas KZ компаниясының бас директоры және құрылтайшысы Серік Толықпаев. 

Сонымен қатар ол стратегиялық жос­­парда 2023 жылы қуат жылына 100 000 

тонна құс етін өндіретін Ма­кинск құс фабрикасының ІІІ кезе­ңін іске қосу көзделгенін атап өтті. Бұл ма­қ­сатта қосымша 100 миллион дол­лар ин­вес­ти­ция салынады. Орта мер­зімді перс­пек­тивада компания ІPO-ға шығу мүм­кіндігін қарастырып отыр. Макинск құс фабрикасы Ақмола, Сол­түс­­тік Қазақ­стан, Қостанай және Қара­ғанды облыс­тарының нарықтарына бағ­дар­­ланған. Ең алдымен, Астана және Қара­­ған­­ды қа­ла­ларына мұнда өндіріле­тін тауық еті­н 60%-ке дейін өткізу жоспарланған. 

Құс фабрикасының аумағында ор­наласатын барлық ғимараттардың жал­пы ауданы 227 366,88 шаршы метрді құрайтын болады. Кәсіпорын­да биоқауіпсіздік пен өндірістің эколо­гия­ талаптарын сақтау мақсатында инку­ба­циялық өн­діріс, құс сою және ет-сүйек ұнын өн­діру кезеңдерінде жоғары техноло­гия­лық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. «Aitas KZ» АҚ – вертикальды-интеграцияланған хол­динг, өз құрамында өсімдік шаруа­шы­лығы, құс шаруашылығы және ет өңдеу сала­сындағы кәсіпорындарды бірік­тіре­ді. Холдинг құрамына 11 компания кіре­ді, оның ішінде жылына 25 000 мың тон­на бройлер етін өндіретін және қайта өңд­ейтін заманауи кәсіпорын – Өскемен құс фабрикасы мен Макинск құс фабрикасы бар. Соңғысының қуаты 2020 жылы жылына 50 мың тонна ет өндіруге дейін артуға тиіс.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы