• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қазан, 2018

Еуроодақтың «Қа­зақстандағы қылмыстық әділ сотты жетілдіру» жобасы талқыланды

328 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Еуропалық Одақтың «Қа­зақстандағы қылмыстық әділ сотты жетілдіру» жобасының (EUCJ) үшжылдық нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мэдсен, EUCJ жобасының  басшылары Сәуле Мектепбаева және Билл Мейзер, сонымен қатар Тильбург университетінің виктимология профессоры Ян Ван Дайк қатысты.

Жиын барысында Сәуле Мек­­­тепбаева EUCJ жобасының негізгі мақсаты Қазақстан Үкіметіне ха­­­лықаралық стандарттарға сәйкес қылмыстық сот төрелігін рефор­ма­лауға көмектесу екенін алға тартты.

«Жоба шеңберінде жоспарлан­ған міндеттерден басқа, біз серік­тестерге даму үшін тиімді өзгеріс­тер­ді басқару әдіснамасы мен жү­йесін енгізуге көмектестік. EUCJ – Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және тиісті академияларға институционалдық өзгерістер саласында сараптамалық қолдау көрсететін алғашқы жоба. Жаңа форматтағы прокуратура құруға мақсат қойған Өзгерістер бағдарламасы нәтижесінде «Про­куратура туралы» жаңа заңда бекітілген бірқатар үлкен өзгеріс орын алды. «Құқық қорғау қыз­мет­тері орталығы», «Халық қауіп­сіздігі мен құқық қорғау органдарына сенім» зерттеуі, «Азапсыз қоғам» ортақ жобалары, кадрлық және байланыстық өзгерістер жүзеге асырылды. EUCJ жобасы ІІМ-ге полиция модернизация­сы стратегиясын құрастыруда және 27 бас жобаны анықтауда қолдау көрсетті. Жоғарғы сотпен бірлесе атқарылған ортақ жұмыстың нә­ти­жесінде, сот жүйесінің дамуы және коммуникациялық стратегия бо­йынша 7 бағдарлама әзірленді. EUCJ-мен серіктестік барлық атал­ған үш органға өз жобалық кеңселерін ашуға мүмкіндік берді. Қазақстандық пробацияның ең үздік модельдерін іздестіруде, ҚАЖК заң бұзушылардан туындайтын қатерді бағалау жүйесін және пробация офицерлерінің сотпен жұмыс істеу механизмдерін алғаш рет EUCJ жобасы қолдауымен сынақтан өткізді. Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардағы өзгерістерге қатысты бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге 60-тан аса жоғары білікті EUCJ сарапшылары қатысты. Ірі социологиялық және эмпирикалық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ ҚАЖК, Құқық қорғау органдары академиясына және Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясына оқытуға арналған жаңа жабдықтар сатып алынды», деді жобаның операциялық жетекшісі С.Мектепбаева.

Ал EUCJ жобасының страте­гиялық жетекшісі Билл Мейзер қазақстандық серіктестері – Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Құқық қорғау органдары академиясымен және Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясымен келісілген жобаның барлық міндеттерін мерзімінен бұрын аяқтағанын жеткізді.

Сарапшылар EUCJ жобасының осы және басқа да нәтижелерін, сот және құқық қорғау жүйесін одан әрі дамытудың стратегиясын 4 қазан күні «Қазақстандағы қылмыстық әділ сот келешегі: ізгілендіруден өзгерістерді басқаруға өту» тақырыбындағы халықаралық конференцияда талқылайды.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»