Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі лайық екені осыдан 15 жылдай бұрын көтеріліп, облыстағы, тіпті республикадағы зиялы қауым арасында жиі айтылып қоятын. Алайда тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан асса да, осы істің бір оңтайы түспей жүр еді. Қазақ әдебиетінде өзінің көшелі орны бар Бейімбет Майлин енді туған жерінде аудан атын иеленетін болды.
Таран аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясы мүшелерінің бірлескен отырысында большевик Лаврентий Таран атындағы аудан мен село, селолық округ атын өзгерту мәселесі талқыланды. Мәжіліске депутаттармен бірге қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Таран селосының тұрғындары қатысты. Отырыста аудан әкімі Қуандық Испергеновтің өтініші бойынша күн тәртібіне қойылған аудан атын Бейімбет Майлин деп өзгерту туралы мәселе жөнінде 14 адам сөйледі. Әрине Таранның халық үшін күрескен тарихи тұлға екені туралы пікір де айтылмай қалған жоқ. Кеңес өкіметін құру жолында қылыш сермеген тек Таран емес. Ал сол жолда, Кеңес идеологиясы, қызыл империя тұсында қазақтың көрмегені бар ма? Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің жерлестерімен кездесуіндегі: «Бейімбет Кеңес өкіметін жырлаған сияқты көрінеді. Жоқ, олай емес! Би-аға Кеңес өкіметін, сол құрылымды мысқылдады» деген сөзін еске алсақ, Би-ағаның дәуір биігінен қараған кемеңгер қалам иесі екенін түсінеміз, кімнің кім екенін білгендей боламыз. Тұтас бір дәуір жазушылары Бейімбет Майлин «шекпенінен шықты».
Басқосуда аудан Бейімбет Майлин атымен аталатынына комиссия мүшелері бірауыздан ұйғарым жасағаннан кейін, аудан орталығы саналатын Таран селосының атын өзгерту мәселесі қаралды. Осы отырысқа қатысқан белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет бұл мәселе енді жердің атын өзгерту емес, тарихи атауын қайта қалпына келтіру болып саналатынын айтты.
– Бұл село тұрған жер әу баста Дамбар болысынан бөлініп шыққан Әйет болысына қараған. Одан кейін Кеңес кезіндегі саясаттың, қоныс аударушылардың ықпалымен «Викторов», одан кейінгі жылдары «Таран» деп аталды. Бастапқы аты «Әйет» деп аталған. Әйет – осы жерден ағатын Тобылдың бір саласы, суы мол өзен. Нұрқан Ахметбековтің «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» деп жырға қосатыны осы Әйет. Түйемойнақ та жердің қойнау-қойнауымен түйенің мойнындай иіріліп ағатын өзеннің аты, қазіргі Денисов ауданы тұрған жер. Ал Әйет сөзі кісі аты болуы да мүмкін, жердің сазды болуын білдіруі де ықтимал. Қазақтың осындай керемет сұлу сөздері тұрғанда даладан атау іздедік-ау! – дейді Ақылбек Қожаұлы.
Сонымен, отырыста Таран селосының аты Әйет болып өзгертілетін болды. Енді құжаттар Республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Таран ауданы