• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2018

Тоғыз ұлттың баласын туғанындай аялап...

565 рет
көрсетілді

Бозала таңнан барлығының көңілдері алып-ұшып тәлімді тойға дайындалған. Жиен қыз­дың – кішкентай Каринаның туған күні. Шаттық шуағы шал­­қыған бұл шаңырақта бала­лар­­дың туған күндерін үнемі атап өтіп, қуаныш сыйлау игі дәс­­түрге айналған. Қуаныш жал­­қынікі емес, жалпынікі. Барлы­ғына ортақ. Содан да болар құтты болсын айта келген көр­ші-қолаң, ет жақын ағайын­мен бірге бауырына басқан 13 бала­ның бәрі тал бойларындағы тамаша өнерлерін көрсетіп, ақ­жарма шаттықтың шырайын арттыра түсті. Жаңылған мен Серік Әкімбаевтардың тәр­бие­сіндегі тоғыз ұлттың баласы өз­дерінің ұлттық ән-жырларын нәшіне келтіре орындап бергенде көз қуанып, құлақ құрышы қанатындай. Кішкентай Карина осы отбасының асырап алған қызы Әлиядан көрген титімдей қуанышы. Ұл-қызды мейірлері қанғанша өбіп, сүйіп жүр ғой. Ал немере біртүрлі ыстық болады екен. Әке көңіліндегі, ана жүрегіндегі ынтызар сезімді, ынтық көңілді қанша жерден шешен болса да тілмен айтып жеткізу мүмкін еместей. 

Ақ түйенің қарны жарылған туған күн тойында алдымен қа­зақтың ұлттық әндері шырқалды. Әлденеше дауыс бір-бірімен жымдаса кірігіп, мәңгілік ажыра­мастай бекем бірлікпен, оның үстіне адам шынайы көңілмен ел­жірей беріліп айтқан кезде ән де қуатты болады екен. Шат­тыққа бөккен шаңырақтан қа­лықтап шыққан ән құдды бір қанатты қырандай ит тұмсығы өтпейтін Бұланды ормандарын бөктерлей өтіп, сәлден соң зең­гір көкке көтеріліп, ақша бұлт­тармен астасып, бір көш жер­дегі Бурабайдың биігіне ілініп қалғандай. Тоғыз ұлттың бала­сының жас көкірегінен жалын атып шыққан ән Алаш даласына тарап бара жатты. Бұл тойға ке­шегі сыған бала, бүгінгі азамат Николай Иванов та өзінің екі сәбиін ала келіп, қуанышқа ортақ болып отыр. Тарыққанда татқан дәмді ұмытпағаны ғой. 

Енді қарапайым еңбек адамдары Жаңылған мен Серіктің осыншалық жүкті қалай көтеріп жүргендігін, жауапкершілігі мол жақсы іске қалай тәуекел ет­кен­дігі туралы таратып айта кет­сек. Сұрақ көп болғанымен, біз­­діңше жауабы жалғыз. Ол ас­қан мейірімділік, жан дүниедегі таң­ғы шықтай мөлдіреген та­за­лық. Оның үстіне ұлты кім болса да әйтеуір адам баласы ғой, осы­лар жыламасыншы, жанарлары құрғасыншы деген абзал азаматтық.

Әріден сабақтағанда, сөз ар­­на­сын түптен тартуға тура келе­тіндей. Иә, әуел баста Жа­ңылған жар таңдауда жаңылмаған екен. Шоқ жұлдыздай шағын ғана Жаңаауыл ауылының ту­ма­сы Серік пен Макинка қала­сы­­ның тұрғыны Жаңылған ша­ңы­рақ көтер­генде көршілері қолайсыздау болып шығыпты. Бере­ке қашқан әлгі үйде күндіз-түні айғай-шу, дау-жанжал. Шы­рыл­­дай жылаған, өкси ыңыр­сы­ған титімдей екі жас бала. Көр­ген күндері күн емес, азап. Ту­май жатып тағдырдың тепкі­сіне түсетін соншалықты не жа­зық­­­тары бар екен?! Тасбауыр көрші­­лері өздері өмір­ге әкелген перзент­терінің жайын ойлайтын емес.

Бір күні жұрт әлгі бере­кесіздердің орнын сипап қалды. Түн қараңғысын жамылып, бастары ауған жаққа үдере көшкен. Із-түзсіз. Жоқ, із-түзсіз емес, із қалған. Ол – әлгі жарық дүние есігін ашқаннан бері ти­тімдей мейір көрмеген, махаббатқа бөленбеген бейкүнә екі бала. Жаңылған мен Серік қос жетімекті бауырларына басқан. Адам баласы жас иіске бауыр басып қалмақ. Бірер күннен кейін кәдімгідей сезім пайда болған. Сезіммен бірге қорқыныш та. Күндердің бір күнінде балаларды алып кетер ме екен, қайтер екен. Жоқ, ешкім іздеп келмеді. Асырап алып едік деп бұлар да ешкімге тіс жармаған. Біреуге жақсылық жаса­ғанын айтып, жер жаһанға жар салмайтын ұлттық ұлағат қой. Уақыт алға оза берді. Бір кезде ата-анасына керексіз болып қалған қос жеткіншек азамат болады. Өздері шаңырақ көтерді. Тұла бойларында Жаңылған мен Серіктің мейірім-шуағы бар. Сүйектеріне сіңген, ғұмырлық азығы! 

Тәлімнің бәрі тәрбиеден ғой. Кө­кірек­терінде бір сәуле болса бол­­ғаны. Бұ­рынғының қазыналы қарттары солай дейтін. Олай емес деп көріңізші. Осы отбасының ұлы Бауыржан әнебір жылы қыстың күні, сақылдаған сары аязда далада тоңып жүрген Станислав Климентьевті үйге ертіп әкеліпті. Бай­ғұс бала мүгедек екен. Ата-анасы да ұлда­рының бұл әрекетіне «Мұның не?» деп айтпаған. Сол Саша 25 жасқа толғанша мейірім шуағы кілкілдеп тұрған осы отбасында болды. Асықты жілік ұстады. Азамат атанды. Қазір өздерінің бір отауы. 

Аудан орталығы Макинск қала­сында 2004 жылы жетім балалар үйі жабылды. Мұндағы балалар облыс­тың әр аумағына балалар үйлеріне жөнелтіліп жатты. Бауыр басып қалған жерінен кету де оңай емес. Осындай күндердің бірінде Жаңылған жарына ұсыныс жасаған. 

– Жетім балаларды патронаттық тәрбиеге алсақ, қалай қарайсың?

Отағасы тіс жарып ләм-мим деген жоқ. Әуелі қабырғасымен кеңескен, оң-солын бағамдаған. Алуын алады-ау, ер­теңгі күнкөрістері не болмақ. Обал-сауабы бар. Жаңылғанның өзі үй шаруасынан босамайды. Ал өзі болса, бірінші топтағы мүгедек. Мүге­дек ретінде алатын шамалы жәрдем­ақысы ғана бар. Тәуекел етіп тас жұта алмай тұрғаны содан. Қанша күн мен түн ауыр ойды арқалаумен өтті. Сол жылы «Бөбек» қорының төрайымы Сара Назарбаеваға хат жолдаған. Жер­­гілікті «Надежда» баспанасынан екі бала алып, бауырларына басты. Бұл тірлікті естіген аудан әкімдігі қа­рап қалмай, бағалы бастаманы қолдады. 

2006 жылы Ақкөл балалар үйінен алты жасөспірім келді. Арада үш жыл өткен соң сол жерден тағы да бес бала қосылды. Бұлардың барлығы «Неке және отбасы» Заңының 120-бабына сәйкес жасалған келісімшарт не­гізінде тәрбиеге алынған еді. Мы­нау жарық дүниеде жанашыр жандар аз емес қой. 2008 жылдың 14 желтоқсанында Бұланды ауданының әкімдігі коттедж үлгісіндегі үй сыйлады. Тағы бір ырымға жақсы жері осы коттедж орналасқан шағын аудан «Бо­лашақ» деп аталады. Бұлардың бауырларындағы шиеттей балалар да болашақ емес пе?!. 

Соңғы он жыл төңірегінде Әкім­баевтар отбасында 39 бала тәрбие­ленген екен. Олардан 18 немере сү­йіп отыр. Балалардың біразы орта мек­тепті бітіріп, оқуларын жалғас­тыруда. Мәселен, Виктор Нико­лай­чук Көкшетау қаласындағы бағ­дарламашылар курсын бітіріп, қазір Щучинск қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжде білім алуда. Евгения Смағұлова – болашақ заңгер. Бүгін туған күнін тойлап жатқан Ка­ри­наның анасы – Әлия Смағұлова облыс орталығындағы банкте оператор болып қызмет істейді. 

Өзгеге шаттық сыйлауға құмар отба­сындағы қуаныш та аз емес. Соның әрқайсысы ата-аналарының жадыларында мәңгілікке жатталып қалған. Жүрек ерекше толқығанда әр қимыл, әр сөз кәдімгі кино лентасындай сақталады екен-ау. Тұңғыш той – осы Әлияның қыз ұзату тойы еді. Кәдімгідей апы кіріп, күпі шығып, қарбаласа дайындалған. Бір жері кем түссе, елден ұят емес пе? Жасауын да жайнатты. Құйрық-бауыр жескен, мың жылдық құда боламыз дескен құдалық та өтті. Ұзатылып бара жатқан қыздың әр маусымға қажетті киім-кешегін де ине-жіптен жаңа шыққан бойы дайындады. Ең бастысы ол емес, нағыз кереметі – Әлияға айтылған ақыл, көрсетілген тәрбие. Барған жерінде тастай батып, судай сіңудің жайы. Әуелеген аужардың жүрек тербер иірімімен ұясынан ұшып бара жатқан бойжеткен көргенді қыз тәрбиелі келін атанса, сол жетпек. Одан артық ештеңенің керегі жоқ. Қазір Көкшетауда тұратын құда­ларымен тонның ішкі бауындай араласады. Араларында тайпалған жорға да, томпиған дорба да жүре береді. Енді міне Бақтияры да ержетіп, қызды ауылға қырындап жүр. Отағасы кейде ұлының анасымен сыбырласып сөйлейтін құпияларының көбейіп бара жатқанына қарап, бір тойдың боларын аңдайтын сияқты. 

Осы арада тағы бір мәселені айта кетсек, артықтығы болмас. Бел­гілен­ген тәртіп бойынша патронаттық тәр­бие кәмелетке толмаған балаларды қамтиды. Кәмелетке толған соң тіркеуден шығарылып, әлеуметтік кө­мек сап тыйылады. Бауыр басып қалған балаларға «Шырақтарым, енді өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп айтуға ата-ананың жүрегі шыдар ма? Ержеткен ұлдары мен бойжеткен қыздары арқан бойы алыстамаған. Өйткені мұнда өздері дегенде ішер астарын жерге қоятын, тумаса да туғандай болып кеткен ата-аналары бар. Перзенттерінің сол пейілі бауырмал отбасының мерейін асырып тұр. Университет, колледжде оқи­тын балалардың тіршілік қарекеті Әкімбаевтардың мойнында. Кол­ледж­­дің төртінші курсында оқитын қыз­дары Евгенияның 82 000 теңгелік оқу ақысын үзбей төлеп келеді. 

Бір ғажабы, мектеп жасындағы балалар өз отбасыларының жақсы атын шы­ғаруды парыз санайды. Аудан­дық білім бөлімінің бас маманы Татьяна Мак­симова Әкімбаевтардың шаңы­ра­ғын­дағы Витя Ахпяров, Петя Борисюк, Саша Ковальчук, Але­ша Курилин, Алек­сей, Толик, Гена Вездецкийдің қа­зақ сыныбын­да оқи­тынын, қалған алты бала­­ның мектеп-гимназияның үздік оқу­­шылары екенін ризашылықпен айтып отыр. Балалардың бәрі қазақ ті­лінде сөйлейді. Тіпті әрқайсысының қазақша есімдері де бар. Мәселен, Гена – Ғабит қазақша күрестен облыс­тық, рес­публикалық жарыстарда топ жарып жүр, Руслан Баяндинов те білегінен күш саулаған бозбала. Екеуі де спорт ше­берлігіне кандидат. Ал ерке Ермегі – теп­кен добы теріс кетпейтін футболшы. 

– Мүгедекпін деп мұңымды айтып, қол қусырып қарап отыра алмадым, – дейді Серік Әкімбаев, – Ақмола об­лыстық мүгедектер қоғамының төр­ағасы, «Бұланды» корпоративтік қорының президенті тәрізді қоғамдық жұмыстарым бар. Бар уақытым осы балалардың тәрбиесіне арналған. Айт­қандайын, бұл арада әуелі мем­лекеттік қамқорлықты қадай айт­сам жөн болар. Көмек, жәрдемнен кенде емеспіз. Балалар жазғы демалыс лагерьлеріне бірінші кезекте жолдама алады. Бізді қойшы, осының бәрі ұлт болып ұйысуды діттеген ел ісі ғой. Біз қолымыздан келгенімізше ұмтылып жатырмыз.  Ырысы сүттей ұйыған шаңы­рақтан қозы өрісіндей жер ұзап барып алған әсерімізден өң мен түстің арасында жүргендей болған күйі қимастықпен қайырыла қарағанбыз. Түтіні зеңгір көкке шаншыла биіктеп барады екен. Атам қазақтың «түтіні түзу ұшқан» деген теңеуінің ойға оралғаны. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы, Бұланды ауданы