• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қазан, 2018

Қар барысы қайтқан жыл

6864 рет
көрсетілді

Әлемде айрықша бағаланатын сыры жұмбақ, болмысы бөлек жыртқыш аң – қар барысының  тұқымы жыл өткен сайын сиреп барады. Теңіз деңгейінен алты мың метр биіктікте тіршілік кешетін түз тағысына табиғат ана өзгеше сұлу бітім берген. Жер бетінде ілбістер мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі Қазақстанда орналасқан. Бұлар – Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы.  Ресми мәлімет бойынша бүгінгі күні  әлемде 4 мыңға жуық қар барысы бар. Фотоқақпандар мен арнайы бейнебақылау құрылғыларының көмегіне сүйеніп және жыртқыштың ізін алу арқылы мамандар бүгінде Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань, Тарбағатай, Сауыр және Алтай сідемдерінде барлығы 120-130 ғана қар барысы қалды деген тұжырымға келген. Айрықша қорғауға алынған жыртқыштың бұл түрін сақтап қалу ғаламдық мәселеге айналып отыр.

Тірі жан тіршілік етпестей көрінетін құзар шыңдар мен тау мұздықтарды мекен еткен бұл аңның тарихына қатысты аңыз-әфсаналар жетіп артылады. Ежелгі парсы елдері барысты аңшылық үшін қолға үйреткен деген де деректер бар. Түрік тілінен тәржімалағанда «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деген мағынаға саяды. Халқымыз жыртқыштың өмір сүру салтына қарап «тау барысы немесе қар барысы» деп атап кеткен. Мысық тұқымдастар санатына жататын жыртқыш аңның дене тұрқы 125-135, биіктігі – 60, құйрығы бір метрге дейін жетеді. Шұбатылған ұзын құйрығы  тым сезімтал әрі аса сақ жануардың басқан ізін жасырып, қауіп-қатерден сақтайды. Ілбісті  тау қабыланынан даралап тұратын да осы ұзын құйрығы болса керек. Ірілерінің салмағы 30-40 келі тартады.

Денесінде сақина тәрізді қара дақтары бар жүні қалың жыртқыштың түсі теңбіл-шұбар, көк сұр. Олардың азайып кетуінің басты себебі – қашаннан табиғат заңын бұзуға бейіл тұратын адамдар. Өткен күндер еншісіне көз жүгіртсек, қар барысы қауіпті жыртқыш саналғандықтан, жыл бойы оған аңшылық құруға рұқсат берілген кезеңдер де болған. Мәселен, XX ғасырдың басында жылына 1000 теріден артық емес көлемде аулауға рұқсат берілген. Кейбір деректерге сүйенсек, 1910 жылға қарай қол жеткен тері саны 750-ге жеткен. Ал жүзжылдықтың ортасында бұрынғы Кеңес одағы аумағында бұл сан бірнеше ондыққа дейін азайып, тіпті қолға түскен жануар үшін сыйақы беріліпті. Сол кезеңдерде аса бағалы аңның терісі бар-жоғы 3 рубьлге бағаланған деген де дерек бар. Мұндай аяусыз аулау әрекеттері табиғат тағысын адамнан  аулақтатып, санын күрт кеміткен. Іс насырға шауып ілбістердің жоғалып кету қаупі туа бастағанда табиғатты қорғау халықаралық  одағы жыртқышты Қызыл кітапқа енгізіп, оны аулауға түбегейлі тыйым салған. Алайда, осы саланың шетінде жүрген ғалымдар әлемде сирек кездесетін аңдарға қатысты браконьерлік әрекеттер әлі де тыйылмай тұрғанын айтады.

Бейресми мәлімет бойынша, қазіргі  таңда барыс терісі шамамен 10 мың долларға бағаланады. Сирек кездесетін аңды аулағандар әр елде түрліше жазаланады. Тіпті кейбір елдерде қомақты айыппұлдан бастап, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бізде мұндай іске барғандар 5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеп, қылмыстық іске тартылады. Дегенмен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мамандарының айтуынша, соңғы 10-15 жылдың көлемінде елімізде аталған аңды аулауға қатысты мұндай құқықбұзушылық әрекет ресми түрде тіркелмеген.

Ілбістің жойылуына көбінесе таудағы антропогендік іс-қимылдар, мал жайылымдарының кеңеюі, олардың қорегін аулау жағдайлары әсер еткен. Қар барысын және оның экожүйесін сақтау ғаламдық бағдарламасы негізінде елімізде  БҰҰ даму бағдарламасы бойынша «Қар барысы мен экожүйені қорғау жөніндегі трансшекаралық ынтымақтастық», «Ғаламдық маңызы бар экожүйені сақтау және тұрақты басқару» жобалары жүйелі жұмыс істеп келеді. Қар барысын ғана емес, оның таралу аймағын қамтитын бірегей жобаларға халықаралық ұйымдар тарапынан едәуір қаржы бөлінген. Бірнеше жыл қатарынан Қырғыз астанасы Бішкекте өтіп келе жатқан «Қар барысы мен оның экожүйесін қорғау» халықаралық форумы Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мамандарын бір мақсат аясында жұмылдырып, ортақ проблеманы оңтайлы шешу мәселелері сан мәрте  талқыланған. 2015 жылы Carlsberg Kazakhstan компаниясы мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының  (ҚБСА) атсалысуымен іске қосылған «Ирбис» жобасы Қызыл кітапқа енген қар барысының Қазақстан аумағында сақталуына мүмкіндік беріп, санын арттыру мақсатында бірқатар кешенді жұмыстар атқарған.

– Біз «Ирбис» жобасы ұзақ мерзімді жоба болатындығын мәлімдегенбіз. Өйткені қар барысының Қазақстандағы санын көбейту ісі бірер жылдың аясында біте салатын шаруа емес. Сондықтан  жыл сайын біз жоба жағрапиясы мен серіктестер шеңберін ұлғайтуды көздейміз. Ертең балаларымыз бен немерелеріміз қар барысымен кітаптан немесе хайуанаттар бағынан тамашалап қалмауы үшін және оның жабайы табиғатта, табиғи ортасында тіршілік етуі үшін  www.saveirbis.kz порталын әзірлеп және іске қосу арқылы біз ілбістің тағдырына енжар қарамайтын кез келген адамға осынау ғажайып аңды сақтау жұмысынан қалыс қалмауына мүмкіндік бердік, – дейді «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС президенті Виктор Семак.

Байырғы бабаларымыз биіктікті сүйетін бекзат аңның қасиетін әу бастан жоғары  бағалаған. Қазақстан -2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының «Қазақстан мұраты» бөлімінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін Қар Барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері басым. Бұл – өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен даралананатын Барыс болмақ» деп киелі жануарды мемлекетіміздің символына балаған болатын. Барыс бейнесі Алматы қаласының гербінде де бейнеленген.

Күні кеше ғана Маңғыстау облысында қар барысына ұқсас аңның қорықтағы  фотобақылауға түсіп қалған суреті жарияланды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет бұл ешқандай да қар барысы емес, қабылан екенін айтады. Десе де жұртшылық арасында бұл қабылан ба, әлде қар барысы ма деген төңіректе аздаған дау-дамай бар.  Ең бастысы осындай сирек кездесетін аңның бұл аймақтан бой көрсетуі толымды жаңалық деуге болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ