• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2018

Баспана, баға һәм жылыту маусымының жыры

289 рет
көрсетілді

Елбасының күні кешегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының орындалу барысына мән бергені тегін емес. «Бір сөзбен айтқанда баламасы жоқ бағдарлама. Әйтсе де, қарапайым халық бұл бағдарламаның қызығын көрген жоқ. Неге?» деген Президент игі жобаның ілгері жылжымай жатқанын сынға алып, әкімдерге қатаң ескерту жасады. Айтса айтқандай, бұл халықты баспанамен қамтуға бағытталған баламасы жоқ бағдарлама. Оның Қарағанды облысындағы орындалуы ойдағыдай ма? Аймақты алаңдатқан басқа да қандай мәселелер бар? 

Облыс орталығында «7-20-25» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы биыл шілде айында бастау алды. Қарағандыда биыл қыркүйек айының өзінде «7-20-25» ипотекалық бағ­дар­ламасы бойынша қолданысқа 181 пәтер берілді. Осы жылдың соңына дейін банктер аталған бағдарлама бойынша 324 пәтер сатуды жоспарлап отыр. 2019 жылы қарағандылықтар тиімді шарттар бойынша 1052 пәтер са­тып ала алады, ал жалпы 2020 жыл­дың соңына дейін 3 607 пәтер сатылымға шығарылмақ. Айта кетерлік жайт, қалада пәтердің бір шаршы метрінің құны 180-220 мың теңгені құрайтын болады. 

Жалпы, облыс орталығында бұл игі іс қарқын ала бас­та­ға­ны­мен, өкінішке қарай серіктес қалалар мен шағын шаһарлар тара­пынан аталған бағдарламаға деген қызығушылық байқалмай отыр. Ал мұның соңы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының облыстағы кейбір өңірлерде дұрыс жүзеге аспай қалуына әкеліп соғуы бек мүмкін.

– Жезқазған мен Балқаш қалаларында «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы бойынша үйлер салынып жатыр. Облыстық бюджеттен көрсетілген қолдаудың арқасында бұл үйлердегі шаршы метрдің бағасы 90-100 мың теңгені құрайды. Бұл сатып алушылар үшін тартымды баға. Шағын қалаларда облыс орталығына қарағанда са­тып алу қабілеті төменірек еке­нін назардан шығармау керек. Облыстың қолдауымен «7-20-25» бағдарламасының өлшем шарттарына сай келетін және сатып алушылар үшін қымбат емес үйлер салуға болатын еді. Теміртау, Балқаш және Жезқазған қалаларында біздің банктің салымшылары көп екенін білеміз және олар осындай ұсынысқа қызығушылық танытар еді, – дейді «Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев. 

Өңір басшысы Ерлан Қошанов бұл идеяны құптап, облыс «7-20-25» бағ­дарламасына қатысатын құрылыс­шыларға тұрғын үйлерді салуға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Облыс басшысы осылай деп отырғанда, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып жіберді. Анығын айтқанда, ол жергілікті тұрғын­дар­дың Теміртаудан үй сатып алуға құлықты екендіктеріне күмән келтірді.

– Біз қазір ештеңе салып жатқан жоқпыз. Баршаңызға белгілі, бізде қазір жылу тап­шы­лығы бар. «Тұрғынүй­құ­рылысжинақбанкі» салымшыларымен сөйлескен едім, олар Теміртауда қалу­ды жос­парлап отырған жоқ. Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан бас­пана алуға ақша жинап жатыр, – деп мәлім­деді Теміртаудың әкімі. 

Әлбетте мұндай жауаптың аталған бағ­дарламаның барлық өңірде қанат жаюына мүдделілік танытып жүрген облыс басшысына ұнамағаны рас еді. 

– Мен мұнымен түбегейлі келіс­пеймін, – деді Ерлан Қошанов. – Бір үйді жылыту үшін небәрі 0,4 гигакалория қажет! Ол соншалықты көп емес. Біз облыс бюджеті есебінен құрылысқа көмектесуге барлығын қолдауға дайынбыз, сіздерге тек өз жұмыстарыңызды атқару қажет! Үйлерді салу керек, сатып алушылар табылады.

Ал Жезқазған қаласында жағдай басқарақ. Биыл қолданыс­қа екі тұрғын үй берілмекші. Оның бірі жалдамалы болса, екін­шісі – несиелік. Бұдан бөлек тағы да үш жалдамалы және екі не­­сие­лік көпқабатты үйдің жоба­лық-сме­та­лық құжаттамасы әзір­ленді. Оның екеуінің құрылысы келесі жылы бас­­талады. Қазір қала әкімшілігі «Тұрғынүй­құ­рылысжинақбанкі­мен» ті­зе қосып, белсенді жұмыс атқаруда. Со­­ның нәтижесінде 2020 жылы тағы бір жалдамалы тұрғын үй салуға мүмкіндік туып отыр.

Балқаш қаласында да биыл 45 пәтер­лік екі несиелік және 48 пәтерлік екі жал­дамалы тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен қатар екі үйдің жоба­лық-смета­лық құжаттары әзірленіп, инже­нер­лік коммуникациялар желіге қосылған. 

– Осы бағыттағы жұмыстарды жал­ғас­тыру керек. Елбасының тапсырмасы болғандықтан, қала әкімдері, құры­лыс­шылар, банк өкілдері – сіздерге белсен­дірек жұмыс істеуге тура келеді. Бір айдан кейін сіздердің атқарған жұмыс­тарыңыз туралы аралық есепті тың­дай­тын боламын. Құрылысшылардан жоба­­лар күтемін, банктерден анағұрлым қар­қынды жұмысты – халыққа бағдар­лама­ның артықшылықтары туралы айту­ларыңызды күтемін. Өз тарапымыздан біз қолдау көр­се­теміз – құрылысшылар баға­сы мен сатып алушыларға арнал­ған қорытынды бағаның айырма­шылығын бюджеттен өтеуге, инженерлік коммуникацияларды қосуда көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді Ерлан Қошанов. 

Шахандағы шатақ қайталанбас үшін

2017 жылдың 1 қаңтарында Қараған­дының іргесіндегі Шахан елді мекенінде жылу қазандығы жарылып, соның салдарынан көпқабатты үйдің бір кіреберісі түгел құлап, тоғыз адам үйінді астында көз жұмған болатын. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, биыл облыс басшылығы көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі қазандықтарға қатысты мәселелерді шешуді ықтиятты түрде қолға алды. Облыс бойынша тексеру жүр­гі­зіліп, тысқа шығарылуы тиіс отызға жуық қазандық анық­талды. Тактикалық шаралар қолдану үшін 2018-2019 жыл­дар­ға арналған «Жол картасы» да әзірленіп, жақында қабылданды.

Шахан демекші, ондағы қазан­дықтың тағдыры күн тәр­ті­бінен түсе қойған жоқ. Кент­­тегі 117 үйді жылытатын орта­­лық қазандық салу үшін жоба­лық-сме­талық құжаттар әзір болған. Бүгін­де мем­лекеттік сарап­тама­ның қорытын­дысынан өтіп, Ұлттық экономика ми­нистр­лігіне жіберілген бұл жобаға 2 млрд теңге мөлшерінде қаражат қажет. 

– Көпқабатты үйлердің жер­­тө­­­ле­­ле­рі­нен дербес жылы­ту жүйелерін шыға­ру жоспары үш жылға есептелген. Бірін­ші кезек­те тік орналасқан қазан­­ды­қ­тарды шығару керек бол­ды, себебі олар көлденең ор­на­­ласқан қазандықтарға қара­ған­да анағұрлым қауіпті. Сондық­тан бірінші кезекке 18 қазан­дық ен­гізілді: оның біреуі – Ақтау кен­тінде, қалғаны – Шахан елді ме­кенінде. Ол жұмыстар өт­кен жылы аяқ­талды, – дейді об­лыс­тық энергетика және ТКШ бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов.

Сонымен бірге ол Саран қаласындағы резина-техникалық зауыттың маңына модульдік қазандық орнату жұмыстары аяқталуға жақын деп мәлімдеді. Қалалық бюджеттен бұл мақсатқа 20 млн теңге бөлінген. Бұрын қазандық жартылай бос тұрған көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан еді.

Бүгінде жергі­лікті әкімдік оны қалпына келті­ріп, бос тұрған пәтерлерге тұр­ғын­дарды қоныстандыру бойынша шешім қабылдаған. 

Қазіргі таңда облыстың Шет ауда­нын­дағы Ақадыр кентінде тысқа шыға­рыл­маған 11 қазандық қалды. Аудан­дық әкімдік осы қазандықтар бойынша жоба­лық-сметалық құжаттама әзір­леп, қазір мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. 

– Ақадыр кентінде 5 модуль­дік қазан­дық салу туралы шешім қабыл­данды. Оған сол маңдағы 11 үй ғана емес, пеш­пен жылытылатын басқа да үйлер, соны­мен бірге әлеуметтік мәдени нысандар да қосылады, – деді Ұ.Үсенов. – Яғни, кенттің жылыту жүйесі толықтай өзгер­тіліп, ол бұрынғыға қарағанда сапалы әрі қауіпсіз болады. 

Ұ.Үсенов биылғы жылыту маусымына дайындық кезінде қауіпсіздік шараларының қатаң сақталатынын атап өтті. Құрамында сарапшылар да бар арнайы комиссия барлық қазандықты тексерістен өткізіп, нәтижесі бойынша ғана дайындық төлқұжатын берген. Тіпті пеш жағушылардың өзіне арнайы дәрістер ұйымдастырылды. 

Бағаның бас жібі сенімді қолда

Арқа өңірінде көкөніс өсіру­шілер биыл жақсы өнім жинады. Алқаптардан 181 мың тоннадан астам картоп және 34,5 мың тонна басқа көкөніс түрлері өндірілді. Қазіргі таңда Қарағанды облысында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер билік өкілдерінің өтініші бойынша барлық жинаған өнімдерінің бір бөлігін аймақтың тұрақтандыру қорына тапсыруға бейіл танытып отыр. Яғни, облыс басшылығы маусым ара­лығын­да қала тұрғындарының картоп пен басқа да көкөніс түрлерін тұрақты һәм қол­жетімді бағамен сатып алуларын ал­дын ала ойлас­тырып, қатаң бақылауға алған.

Мұны облыстық әкімдікте өткен жиын­да өңір басшысы растады. 

– Мен осыған дейін Осакаров және Нұра аудандарының ірі ауыл шаруа­шылық өнімдерін өндіру­ші­лермен кез­дестім. Бар­лығы өткен жылғыдай өнім­дерінің бір бөлігін тұрақтандыру қорына нақты бір бағамен, өзіндік құнымен беруге дайын екендіктерін жеткізді. Біз өткен жылы, әсіресе маусым аралығында, осындай шаралардың арқасында картоп пен басқа да көкөніс­тер бағасының шарықтап кетпеуіне қол жеткіздік. Биыл да осы бағытта ілгері жылжуымыз керек, – деді Ерлан Қошанов. Сондай-ақ аймақ басшы­сы тиісті мекемелерге ауыл шаруашы­лық өнім­дерін өндірушілермен дер уақы­тын­да меморандумдар жасауды тапсырды.  Сонымен қатар қазіргі кезде қант­қа қатысты туындаған мәселе де талқы­ланды. Ресми мәлімет­тер­ге сай, өңірде құмшекердің бөл­шек саудадағы құны 2,9%-ға өскен.  Бағалардың өсуіне жол бер­меу үшін бірқатар шара қолда­ны­лу­да. Тұрақ­тандыру қорынан тауар­лық түгендеу жүргізілген. Қант төмендетілген бағамен әлеу­мет­тік павильондар мен ірі супер­мар­кет­терде сатылып жатыр. Сауда нүк­телерінде осы тауар­ға қатысты еш­қан­дай дүрлігу байқалмайды.  Жақын арада тұрақтандыру қорына Ресей мен Беларусьтен сатып алынған та­ғы 200 тонна қант келіп түседі. Қолда бар есеп­темелер бойынша, облыста бір айда 2 мың тонна қант тұтынылатын көрінеді.  Қазір аймақта 2018-2019 жыл­дарға арналған азық-түлік тұрақ­тандыру қоры құрылып жатыр. Жыл сайын бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 250 млн теңге бөлінеді. Биыл ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерден 2500 тонна картоп, 300 тонна сәбіз, 100 тонна қызылша және 50 тон­на орамжапырақ сатып алу жос­парланған.  Әлбетте қамданғанның қапы қал­майтыны белгілі. Мезгілдің алда тұрған маңызды міндеттері өзіне деген ық­тиятты көзқарасты қажет етеді. Ал бұл дегеніңіз, Елбасы Жолдауында айтыл­ған табыс пен тұрмыстың сапасын арттыруға бастар тура жол.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы