Елордадағы «Нұр Отан» ХДП бас ғимаратында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мұрындық болуымен «Алыстағы ағайын» атты деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті.
Туындыдағы оқиға желісіне арқау болған дүние – Алтайдан аттанып, жолай Тибетті көктей өтіп, Бұланай (Гималай) таудың адам аяғы тимеген асқаралы жотасынан асып, Кашмирге табан тіреп тоқтаған қазақ көшінің Түркияға орныққанға дейінгі азапты сүрлеуі.
– Аталмыш киноны түсіру барысында, − дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қытай және Ұлыбритания елдерінен деректер таптық, сонымен қатар бес мың шақырымға созылған көш сүрлеуінің Түркияда тұратын тірі куәгерлерінің әңгімелері арқау болды.
Біз өзіміздің қолдағы мәліметтерге жүгінсек, 1930 жылдардың соңында Алтайдан ауа көшкен 36 мың адамның 3039-ы 1941 жылы Үндістанға тірі жетсе, арада бір жыл өткенде 2000-ға тарта адам жерсінбей қайтыс болған. Осылардан 1942 жылы 1150 адам тірі қалыпты. Бұларға 1951 жылы Шыңжаң өлкесінен ауған екінші қазақ көшінің адамдары қосылып, жиыны 1850 адамға жеткен.
Британ мұрағатында сақталған бір құжатта: босқындардың Түркияға қоныстануын Кашмир билігі және Америка филантроп қоғамы, АҚШ-тағы Христос шіркеулер кеңесі сынды ұйымдар қаржыландырыпты. Осылай 1952 жылдың 13 наурызында Түркия президенті Жалел Баяр мен үкімет басшысы Аднан Мендерес «босқын қазақтарды өз елдеріне көшіріп алу» туралы құжатқа қол қойған. Нәтижесінде екі мыңға тарта қазақ анадолылық ағайындарға барып қосылған.
Жоғарыда тұсауы кесілген деректі фильмде біз айтқан оқиғалар қадау-қадау болса да көрініс тауыпты. Бірақ тарихи оқиғаны жүйелі әрі толық қамти алмағаны аңғарылады. Болашақта бұл туындыны індете отырып, ұлт тарихының белгісіз бір пұшпағын түгендейтін көлемді дүние жасауға негіз бар.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»