• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2012

Қайсар қария

508 рет
көрсетілді

Қайсар қария

Жетпіс бесінде де жеңілмеген ардагер спортшы Әмірбай Рысқұлов жайлы

Әсте жетпіс бес жастағы адамды аяғын ілбіп басатын жасы ұлғайғандар санатына жатқызамыз ғой. Бірақ, бұл жастағылардың бәрі бірдей емес екен. Оған көксулық Әмір­бай қарияның гір көтеруден әлемдік, халық­аралық, құрлықтық жарыстарда топ жарып, жанкүйерін желпіндіріп жүргені дәлел. Әншейінде сабырлы кейіптегі жан додалы жарыстарда қарсыластарына дес бермей, омырауына 74 медаль тағып, көкбай­ра­ғы­мыз­ды желбіретіп, ел мерейін асырып жүр.

Жетпіс бесінде де жеңілмеген ардагер спортшы Әмірбай Рысқұлов жайлы

Әсте жетпіс бес жастағы адамды аяғын ілбіп басатын жасы ұлғайғандар санатына жатқызамыз ғой. Бірақ, бұл жастағылардың бәрі бірдей емес екен. Оған көксулық Әмір­бай қарияның гір көтеруден әлемдік, халық­аралық, құрлықтық жарыстарда топ жарып, жанкүйерін желпіндіріп жүргені дәлел. Әншейінде сабырлы кейіптегі жан додалы жарыстарда қарсыластарына дес бермей, омырауына 74 медаль тағып, көкбай­ра­ғы­мыз­ды желбіретіп, ел мерейін асырып жүр.

Спортшы ағамыз жұбайы Жібек екеуі өт­кен күндерді еске алғанда ерекше әсер­леніп, желпіне сөйлейді. Көксу ауданына қарасты Мәмбет ауылында тұратын спортшыны көр­­генде «Япыр-ау, мына кісі батпандай тасты қалай көтереді?» деп қалуың әб­ден мүмкін. Десек те шындығы сол.«Күш атасын танымас» демекші, қанша жеңіл болғанымен, жүректілігі мен ептілігі арқасында бар қиындықты көтере білген. Әмірбай ағаның балғын балалығы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Әкесі Отан қорғауға аттанған. Сол кеткеннен ту­ған жерге оралмады. Немере бауыры Намазбай қабырғасы қатпаған төрт жастағы баланы бауырына басады. Кейіннен туысы Тоқ­санбайдың отбасында тәрбиеленіп, тағдыр­дың кермек дәмін татады. Ширығып, қиын­дыққа мойымаған Әмірбайдың спортпен айналысуы жасынан бастау алыпты. Мектепте қыста шаңғы, жазда түрлі спорт түрлерінен жарыстар жиі өтетін. Шынашақтай қара бала солардың бәрінен қалмайды. Намыс­шыл­дығы басым. Құрдастарынан жеңіліс тапқан күні жаттығып, ауланы дүбірлетіп тынбайды. Арманы асқақ болып, жетуге талпынды. Осы кезде үлкендер «Талабы бар бала. Осыдан бірдеңе шығады» дейді екен.Қандай да бір жақсылыққа дәнекер, себеп болатын жайлар кездеседі ғой. Гір тасын көтерудің жайын өзі былайша әңгіме­леді.– Осы күрделі спортқа біржола келуіме мына жай түрткі болды. Жаздың жайдары күні ауылға кәдімгі цирк өнерпаздары келді. Цирк аренасын жағалай отырып, әртістер­дің көз ілеспес жылдамдықпен әртүрлі ойын түрлерін көрсеткенін тамашалаймыз. Жас­пын, еліктегіштігім басым. Бір кезде ортаға күштілер шықты. Бұлшық еттері бұл­тылдап, зілдей гір тастарын көтеріп, күш сынасты. Шетінен ауыр салмақты се­зін­бейтіндей. Таңдандым, үйге келісімен аула­дағы темір атаулыны көтеріп, күшімді сынай бастадым. Ауылымыз таудың ете­гін­де. Жұмыр, қой тастар да менің қажетіме жарады. Қолым босай қалса, қорымдағы тас­тарды ары-бері лақтырамын. Кейін ауыр доңғалақтарды жинастырып, штанга жасауыма тура келді. Қарап отырсам, уақыт өткен сайын жігерім жанылғандай. Нәтиже жаман емес. Мектептегі спорт жарыстарында же­ңім­паз атана бастадым, – дейді ол.Бастаған ісінен қорытынды шығармаса көңілінің хошы келмейтін жас орта мектепті жақсы аяқтап, жоғары оқу орнына түседі. Таңдауы да Алматыдағы дене шынықтыру институты. Байқаса студенттердің басым көп­шілігі еркін күреске жазылып, ақ тер, көк тер болып жатады. Ол да күреспен айналыс­ты. Кейін грек-рим күресінің де «тамырын» басты. Осы спорт түрімен жарыс­тарға қаты­сып, ептілік пен айла-тәсілді үй­ренді. Әрине ең бастысы уақытын зая кетірмеді.Халқымызда «Балта соғар жігіттің кө­рігінен белгілі, бөрі соғар жігіттің бөрігінен белгілі» деген тәмсіл бар. Балалық шақтағы гір көтеріп, тас ойнатқан сәттері оны өзіне айналдырып, тарта берді. Күнделікті әде­ті­мен жаттығуға келеді. Бірден назары бұ­рыштағы зілтемірге түсті. Жылдам қимыл­дап, оның қандай салмақта екеніне қара­мастан тік көтерді. Айналадағылар зілте­мір­ге бір, жігітке бір қарайды.– Жарайсың, мынаның салмағы 90 кило. Бабыңда екенсің, – деп ауыр алақанымен жауырынымнан қаққан орыс жігіті кейін менің бапкерім болды. Одан көп үйрендім, ол мені жақсы лебізімен жетеледі. Сол Вадим Степанович екі жыл ішінде менің спорт шебері атануыма көп күш салды. Үміті ақта­лып, спорт шебері атандым. Дене біті­мім­­­нің ауыр атлетикаға келетінін де бап­керім айтқан болатын. Өз салмақ дәрежемде қарсыластарыма дес бермедім. Қолыма диплом алғанда қалада қалуға мүмкіндігім бар еді, бірақ туған жердің жусанының жұпар иісі мені Мәмбет ауылына шақырды, – дейді қария.Жігітке жеті өнер де аздық етеді деп жатамыз. Әмірбай Рысқұлов мектепке ұстаз­дық етіп, оқушыларды саламатты өмір салтына баулып, спорт жарыстарына қатысуға шақырды. Ұстазының мамандығына деген сүйіспеншілігіне балалар қайран қалатын. Енді ол ауылдағы көркемөнерпаздар үйір­ме­сіне белсене қатысты. Қоңыр домбыраны қолына алып, ән салды. Сырнайда ойнады. Үйірме мүшелерімен бірге Мәскеуге барып, өнер де көрсеткен кезін де еске алады.Сегіз қырлы, бір сырлы жігітпен Жібек сол кезде тағдыр қосқан. Осылайша ұстаз­дың өмірімізге лайықты өрендер тәрбие­леу­дегі жемісті еңбегі жалғасады. Ұстазы жақ­сының – ұстамы жақсы. Әмірбай аға оқу­шы­лардың жат әдеттерден бойын аулақ салуына әрдайым назар аударып, керісінше спорт түрлерімен айналысуын қалайды. Еңбегі де жемісті. Мәселен, өмірден өз орнын тауып, тәуелсіз елдің ертеңі үшін білім-білігін арнағандар легінде. Шәкірттерінің бірі Қанат Смағұлов Ресейде қызметте. Ал Төкен Егінбаев Астанадағы белді құрылыс компаниясын басқарады. Басқа да сайдың тасындай азаматтар шәкірт ретінде жауап­кер­шілік жүгін арқалап жүр. Олай бол­мағанда ше, жетпістен асқанда «желіккен» ұстаздарына қарап, жігерленбей көрсін.Жарыс төрі спортшыны айналып өтпеді. Жетпіс жасқа келгенде де стадион оны ша­қырғандай болды. Сөйтіп, алғаш жарыс­тар­ға төреші болған ол кейін аудан, облыс намысын қорғайтын бәсеке төрінен табылды. 2008 жылы тас түйін бекініп, Архангельск қаласында өткен әлем, Еуропа чемпионатына барады. Бұл бастамасын біреулер қол­да­са, кейбіреулер тіпті ұнатпайды. Командаларды таныстыру барысында жүргізуші сап­тағы орыс шалын жарты сағат таныстырады. «12 дүркін әлем чемпионы, 16 мәрте Ресей чемпионы Евгений Полуляхов!», дей­ді ғой дәрежесін көтеріп… Жұрт ду етіп, құрмет көрсетеді.Кезек өзіне келгенде «Әмірбай Рысқұ­лов, Қазақстан!» деп қысқа қайырады. Бас­қа не десін. Осы кезде жерлесімізді намыс буып, қазақи қаны қозады. Күш-қайратын жинап, дәл бүгін мойындатамын деп іштей ант береді. Қазақтың атақ-абыройын шыға­ру осы күні өзіне жүк болғанын сезінеді. Спортшылар қатар жарысқа түседі. Он екі килолық қос гірді 5 минутта 58 рет серпе көтереді. Даңқынан ат үріккен Евгенийдің жиған ұпайы – 105, ал ағамыздың ұпайы 107-ге жетіпті. Осылайша гір көтерудің екі түрі бойынша әлем және Еуропа чемпионы атағына ие болады.Гірді қақпақылдап лақтырудан өткен эста­феталық сайыста да барлығын артқа тас­тайды. Осы сапарында жұқа жүзді спортшы Архангельск қаласынан 4 алтын, 4 күміс, 4 қола медальге ие болып қайтады. Осы жарыста сарапқа түскен Ломоносов атындағы жүлдені де еншілейді. Алға­шын­да бұған ешкім нанбайды. Содан кейін талмай жаттығу жалғасады. Ресейдің Рыбинск қаласында 2009 жылы өткен әлем бірінші­лігіне жұбайы Жібек ананы да ала барыпты. Жарысқа шығарда шай қайнатып, бар жағдайына қарап, «бапкері» болыпты.Жеңіс тұғырына көтерілген сәтте еліміз­дің Әнұраны шырқалып, Көк туымыз көте­рілгенде кеудесін қуаныш кернейді. Осы жылы Киров қаласында өткен Григорий Кощеев атындағы халықаралық додада да ешкімге дес бермейді. Ресейдің бар жүл­де­сін қоржынға басады.Жалпы ардагер спортшылар арасындағы бар жүлдені жеңіп алып, мерейі өседі. Қан­дай мәртебелі жарыстарда болсын қазақ деген қайсар ұлттың қариясы екенін дәлелдеп келеді. Абсолюттік чемпион кубогын иеле­ніп, Ресейдің «Қанатты арыстан» орденімен марапатталғанын да мақтанышпен айтқан жөн. Және гір көтеруден халықаралық қау­ым­дастықтың еңбек сіңірген спорт шебері атағын иеленген. Қазір оның омырауында 74 медаль бар. Оның 50-і –алтын.Әмірбай Рысқұлов гір көтеретін спортшы ғана емес, ауылдың қадірменді қариясы, балаларының жол көрсетер әкесі, немере­ле­рінің үлгі тұтар атасы. Басқаларға өнегелі өмірімен танылған қайсар қария.Күмісжан БАЙЖАН.Алматы облысы.