• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2012

Шурави

510 рет
көрсетілді

Шурави

Тұтқында екен. Бадабер деп аталатын то­зақтың тұтқыны…Мұның тұтқынға түс­ке­ніне алты айдай болған. Осы күндерде талай мәрте сұраққа алып, неше қайтара өлімші етіп сабаған. «Етіңді тірідей итке жегі­зе­міз… отқа тірідей жағамыз… тірідей жерге көмеміз», деп моджахедтер орталығының бастығы әрі осы лагерь қожайыны Құді­ретолла өзі көндірмек болған. Байбураның аузы­нан жарытымды жауап ала алмай, жұмбақ тұтқынның сөзбен жер-жебіріне жетсе де, азаптаумен тәніне ине шабақтаса да, ештеме өндіре алмай күйген еді.

Тұтқында екен. Бадабер деп аталатын то­зақтың тұтқыны…Мұның тұтқынға түс­ке­ніне алты айдай болған. Осы күндерде талай мәрте сұраққа алып, неше қайтара өлімші етіп сабаған. «Етіңді тірідей итке жегі­зе­міз… отқа тірідей жағамыз… тірідей жерге көмеміз», деп моджахедтер орталығының бастығы әрі осы лагерь қожайыны Құді­ретолла өзі көндірмек болған. Байбураның аузы­нан жарытымды жауап ала алмай, жұмбақ тұтқынның сөзбен жер-жебіріне жетсе де, азаптаумен тәніне ине шабақтаса да, ештеме өндіре алмай күйген еді.Аумағы ат шаптырым Бадабер елді меке­нінің негізгі тұрғыны – Ауғанстандағы 1978 жылы халықтық-демократиялық партия басшылары бастаған қарулы көтерілістен кейін азаматтық соғысқа, одан Совет Одағы араласуы кесірінен азаттық соғысына ұласқан қанды қырғыннан Пәкстан шекарасына ауған кедей-кепшік халық. Күнге күйіп кеткен тоз-тоз шатыр астында тұрып, бақалшы саудамен айналысып, пәкстандық эмиссарлардың берген болмашы тиын-тебенін талғажу көріп, аянышты ауыр өмір сүріп жатқан жұрт ортасында моджахедтер дайындайтын әскери лагерь жасырылған еді. Ауғанстанды шурави – қызыл жұлдызды кеңестік әскерлерден азат етуге тиіс жанкешті жауынгерлерді дайындайтын лагерь – биіктігі сегіз метрлік балшық дуалмен қоршалып, төрт бір­дей қарауылшы мұнарасы керік басындай төбеден төнген әйгілі бекініс қорғаны болатын. Бар бәле орта ғасырлық осы қорған ішінде балалап жататын.Ал Құдіретолла құдайсыздарды жазалаудан тәні де, жаны да ләззат алатын. Адам баласын азаптаған сайын қолының құрышы, жанының құмары қанатын. Адам қанын ұрттаған қан­­ішердің нақ өзі. Қасына айына екі мәрте аппақ костюм киген америкалық әскери нұсқаушы еріп келіп жүреді. Ол дайындалып жатқан моджахедтер мен Байбура секілді советтің он екі әскери тұтқынына, мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері деп тұтқындалған қырық шақты ауғандық тұтқындарға «варсан» деген лақап атпен белгілі. Құдіретоллаға тағы да бес-алты шетелдік нұсқаушылар көмектеседі, бірақ бәрінен де ықпалдысы – Варсан.Варсан пушту, дари, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Аса тәжірибелі барлаушы екені сөзі мен ісінен байқалып тұрады. Бадабер бекініс қорғанының ішінде дайындалып жатқан мод­­жа­хедтердің жай-күйін жиі тексереді. Майор Құдіретолла мен басқа да батыс пен араб ел­дерінен келген нұсқаушыларға кеңес береді.Тұтқындарға айтатын үгіті – осы бір құдай да ұмытып кеткен жердегі қарғыс атқан жұртпен несіне соғысасыңдар дейді. Әділетсіз соғыстан әділет күтпеңдер, елдеріңе жетудің жолын ойлаңдар; сендер оқыған, білімді мем­лекеттің адамысыңдар, сауатсыз да надан халықты қорғаймын деп әуре болмаңдар деп бір қояды. Сөйтеді де араларыңда офицерлер де бар мен секілді, маған еріп шетелге кетіңдер, Америкаға бармасаңдар, Еуропа елдеріне – Германия, Франция, Испания, Италия, тіпті Канада асыңдар деген ойды да айтып қалады. Енді Совет Одағына сендер қауіпті жансыңдар. Сатқын дейді КГБ жаналғыштары. Қай-қайсыңды да Сібір күтіп тұр… Ойланыңдар! Сендерге дейін де сегіз советтік әскерилер Бадабердің дәмін татқан. Олардың үшеуі үш мемлекетте емін-еркін өмір сүріп жатыр, тіпті үйлі-баранды. Мынау Канадада, мынау Францияда, мынау Белгияда деп судыратады сөзін әрі қарай.…Сиқырлы сөзді ет жүрегіңнен өткізіп, сүйегіңе сіңіріп жіберетін америкалық эмиссар Варсан сол күні де таң атпай келді. Өзімен бірге француз репортері Ален Гийо дегенді ертіпті. Білезік пен қызыл асықты жара қылып қажап тастаған кісен шынжырлары тас қабыр­ғаға бекітіліп, пулемет патронынан жасалған май шамның өлеусіреген жарығымен жер ас­тында отырған советтік тұтқындарды әдейі көрсін десе керек. Ол тұтқындарды әңгімеге тартқысы келген. Оған бірақ бұлар сыр аш­қылары келмеді.– Сендер бұған сенбей тұрған шығар­сыңдар. Бұл – совет тұтқындары туралы жазып жүрген журналист. Батыста қазір: «Совет әскерлері Ауғанстаннан кешікпей шыға бастайды», деп жатқан көрінеді. Соны осы Ален айтып жүр, – деп тоқтады Варсан. – Сендерге де бостандық беру керек дейді…– Біз бостанбыз, – деп қалды Байбура.Варсан қарқылдап кеп күлді де тез тоқтады. Қаракөлеңке жер астында бір сәт шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнады.– Сонымен Аленге ештеңе айтпайсыңдар ма?Ешкім үндемеді.– Жарайды, – деді Варсан жәдігөйлене күліп. – Сендер де мен сияқты әскери жоғары білімді, әлемдік элиталық армия өкілдері­сің­дер… Ақылға келіңдер. Мен білем: тәндерің азап тартса да, жандарың сау-саламат. «Адамды опат қылсаң да, оны жеңу мүмкін емес», деген Хемингуэй. Рух жеңілмейді. Мәңгілік өмір де рухқа тән. Ал маған жеңілмейтін, рухы күшті жандар керек… Сендердің есендіктерің қажет. Советке керек болмасаңдар да, адамзатқа керек­сіңдер. Адамзат барда, ақыл-ой аманда теке­тірескен соғыс ойыны тоқтамайды. Соғысты жүргізу, соны ауыздықтау үшін де сендер мен біздер – билік еткендерге зәру адамдармыз… Екі жағымыз да осы араға қантөгісті тоқта­тамыз деп келген жоқпыз ба?! Бірақ Абыл мен Қабылдың қантөгісі шыр етіп жерге түскен сәттен басталған. Ол – өмір қозғалысының, адамзат ақыл-ой қақтығысының, тіпті өркениет өрісінің кепілі.Варсан француз журналисі алдында бір жағынан өзін көрсетіп қалғысы келіп те діл­мар­сыды. Сөйтті де: «Сендерді қасқа маңдайында қарғыс таңбалы қалы бар генсектерің сатып кетті… Сендерге мәртебелі билік… мәртебелі Совет Одағы… Отандарың опасыздық етті. Осыны түсінетін түрлерің жоқ», – деп бір тоқтады.Осы сәтте: «Иә, – деп тұтқын подполковник Серафим Куницын сөзін бөлді. – Билік бізді сатса да, біз бірлікті сатқан жоқпыз. Арамызда хохол да, қазақ та, татар да, тәжік те бар… Отан бізге опасыздық қылса да, біз адамдық қалпымызды бұзған жоқпыз. Генсек сатса да, сатылса да, халық сатылған емес… Мынау мұсылман қауымы өз ақиқаты – һақ жиһаты жолында шаһид болса, біз де өз арымыз алдында ақ өлім құшамыз. Тамұқ көкте емес – жерде… жұмақ тәнде емес – жанда.Осыны айтқан Серафим эмиссар Варсанға қадала сөйлеп, Ален Гийоға қарады. – Біз ерте ме, кеш пе ауған жерінен кетерміз. Амери­калықтардың да алысқа созған қолы жетер. Сол кезде өздерің өлімге дайындаған мыңдаған моджахед-шаһидтер ажал боп атылар… Олардан көресіні көріп, бізді де еске аларсыңдар. Ол күн де алыс емес. Әлемді шаһид жолына түсірген сендер – американдықтар… Террордың азабын енді Батыс та, Шығыс та тартады… Оған әлі-ақ адамзат көзі жетеді. Міне, сол кезде тілдеріңді тістейсіңдер. Сен журналист болсаң, осыны жаз, Ален! Қатыгездікке қаламың қару болсын!Варсан ары қарай сөз таластырғысы келмеді білем, қабағын керіп, «амал қанша» дегендей алақанын жайды. Ален Гийоға ағылшынша әлдене деп айтып, Бадабердің сұп-суық жерасты абақтысынан жылдам шығып кетісті. Ал өлім лебі ескен зынданда ажал ауасымен тыныстаған шынжырлаулы тұтқындар үнсіз қала берді.Насыбай мен чарс атты есірткі араластырған лас быламықты түскі астан кейін бұларды аулаға алып шықты. Мұндай астан кейін көбісі құсып тастайтын. Байбура да асқазанын алдағанмен, артынша қолын аузына тосты. Жүріп келеді. Бұлар он үш тұтқын күн аралатып, ауғандық тұт­қындарға қосылып, кісендерін шылдырлата әр түрлі жұмыс істейтін. Бадабер қорғанды бекініс бұрышындағы әскери қоймаларға келген жүк машиналарынан қару-жарақ түсіреді, моджахедтерге арналған казарма-үйлерді сыпырады.Бұл жолы советтік тұтқындарды сырты брезентпен қапталған пәкстандық әскери көліктерге отырғызды. Қастарына алты бірдей қарулы күзет қоса мінді де, айдалаға тартты.Алдыда – америкалық «Хаммер» әскери көлігіне мінген Құдіретолла. Желсіз тымық күн­де ойлы-қырлы кебір даланың шаңы аспанға құйындай көтеріліп, соңдарында будақ-будақ қалып, селдірей сейіліп жатыр. Іші-бауырды сол­қылдатқан жайсыз жолмен бір сағаттай жүріп, жан-жағын жатаған жондар қоршаған кең қолтыққа келіп тоқтады.Он үш тұтқын жерге түскенде көрді: адам мен салт аттылар қарасы мол екен. Тұйық қолтықтың төрін іргелей өскен көкжасаң арасына аппақ шатырлар тігіліпті. Ал жасаң шетінен басталатын шаңдақ алаң ат тұяғынан тозыпты. Тулақтай тап-тақыр. Байбура бірден түсінді: бұл ауғандықтар «бұзқашы» атайтын, ал қазақтар «көкпар» дейтін ежелгі ұлттық дәстүрмен ұласқан ойын өтетін жер. Анау бір жылдары ауылдағы мектепті тәмамдаған мамырда Байбура да боз серкені тақымға басып, бозбала күшін сынап көрген. Қырғын додада басына қамшы да тиіп, жауырынынан қызыл тобылғы сап та батқан. Делебесі қозып, ет қызуымен ештеңені елемеген.– Хазар, тебе это знакомо же, – деді украин Виктор кісендерін шылдырлатып.– Да, – деді Байбура да «Хазар мұсылман» деген лақап атына алты айдан бері үйренген қалыппен. – Юнус, – деді бұл да Бадабер лагері салтын бұзбай Викторға бұрылып: – у нас «кокпар» называется. Эти всадники подготовленные люди…Күзетшілердің бірі Байбураның сөзін аяқ­татпай желкеден түйіп қалды. Пуштун тілінде әлде не деп барқ етті. Бұларға ара түспек ниетпен бір-екі ауыз сөз айтып қалған екі тұтқын – Мұхаммед Азиз бен Қасым да Калашников автоматының ағаш дүмін жеді. Бәрін де малша айдап жасаң үстіне, алаңға жақын қойылған советтік әскери «Камаз» көлігі жанына әкеп, тізерлетіп қойды.Көкте күн шақырайып тұр. Төбені тесіп барады. Ал әскери көліктің қорап қашағасы ашылып, үстіне үстел мен орындықтар қойылыпты. Күн түспес үшін советтік көк брезент көлеңкелей тартылған.Он үш шурави тізелерін бүгер-бүкпестен көкжасаң ішіндегі шатырдан шыққан адамдар бұларға қарай беттеді. Алдарында ақ сәлделі, ақ жібек шапанды, орта бойлы, бурыл сақалды адам алшаңдай басады. Қасында қатарласа ерген Құдіретолла мен Варсан, олардың соңын ала бір топ әскерилер мен Ален Гийо келеді.Елудің мол ішіндегі жібек шапанды, орта бойлы әлгі адам:– Ассалаумағалейкүм, мұ­сылман бауырлар! – деді орысша тілін бұрай сөйлеп.Байбуралар ауыздарын жыбырлатып қана қойды. Ал олар советтік әскери көлікті айнала беріп, ар жағына қойылған сатымен көлеңкелі қорап үстіне көтерілді. Алаңқайдың арғы жа­ғында әлекедей жаланып тұрған жиырма шақты аттылар да қозғала бастады. Араларынан екеуі бөлініп шығып, көкжасаң ішіндегі көк бұта-қараған арасынан алдарына өңгеріп, желдірткен бойы әлдебіреуді тұтқындардың алдына дүрс еткізіп тастай салды.Бұл күнге күйген гимнастеркасы әбден аға­рып кеткен, жез жұлдыздары да қарая бастаған совет солдаты екен. Жаралы. Бет-аузына қан қатып, топырақ жабысыпты. Әлсіз ыңырсиды.Абдолла Рахман шыдамады білем, тап алдына құлаған жаралы жауынгердің басын сүйей берді. Күзетшілердің бірі ұмтыла беріп еді, жібек шапанды егде адам көлік үстінен қолын көтеріп, тиіспе дегенді ишарамен білдірді. Іле дари тілінде баппен естірте сөйледі. Дауысы құран аятын оқитын қаридай әуезді екен. Оның сөзін Варсан орыс тіліне аударып отырды.– Бауырлар, – деді Варсан, – ұлы Бұрха­ниддин әмір сендерге бостандық береді. Әлбетте, ол тегін берілмейді. Бостандық қанмен келеді… Осы уақытқа дейін сендер әбден ойланды деп есептейді. Мына бір имансыз сол үшін құрбандыққа шалынады… Кеше ғана қолға түскен жазықсыз пенде.– Ах, сволочи! – деп, Абдолла Рахман – подполковник Серафим Куницын тісін шықырлатты. – Жігіттер, шыдаңдар! Шыдаңдар!Советтік тұтқындар ызадан жарылып кете жаздап, бүктісіп отыр.Жаралы жан:– Прощайте! Простите! – деді қырылдай. – Не забывайте меня! Сибиряк я… Герасим Хромов.Осы сәтте:– Ауғанстанның азаттығы үшін шейіт болады… Сендер үшін жан береді, бауырлар! – деп тоқ­тады Варсан да. – Қажет болса, сендер де құрбан бола­сыңдар. Ойланыңдар, бауырлар! Дайын болыңдар!Варсан сөзі аяқталмастан әлгіндегі екі салт атты жерден жамбы ілгендей, қарулы білек­терімен жап-жас, арық, сырықтай солдатты жұлып әкетті. Сол-ақ екен шаңдақ айқай мен қиқуға толды. Өлім мен өмір арасында күн кешіп жатқан он үш тұтқын да орындарынан қалай атып тұрғанын сезбей қалды.Жиырмаға жуық бұзқашы бұзықтар мал орнына адамды көкпарға тартқан сұмдық басталды да кетті. Байбура мен Виктор қалшылдап қоя берді. Куницын жұдырығын түйген қалпы көзі аттыларға қадала қатып қалған. Ал басқа тұтқындардың бірі боқтықпен сыбап жатса, бірі өз шашын өзі жұла бастады.Тамшы су тимеген алаңды топырлаған тұяқ тесті. Шаңдақ шаңнан перде тұтылды. Есіріп алған адамдар мен елірген аттар екілене ұмтылысқан. Тірідей көкпарға тасталған тән сүт пісірім уақытқа ғана шыдады. Кергіге түскен Хромов Герасимнің бұты – бұт, қолы – қол бөлініп, ат тұяғында тапталып жатты…Бұл жолы бірақ әйгілі америкалық психолог-нұсқаушы Варсан қатты қателесті. Тұтқындарды салт аттылар тақымында ажал тапқан орыс жауынгерінің өлімі үрейлендірмей, керісінше бойларын ыза-кек буды. Бадаберге бұлар моджахед – «духтар» ойлағандай иіндері түсіп, рухтары жеңіліп қайтқан жоқ. Қайта көкіректері шерге толып, жүректері шемен боп қатты.Жол бойында Абдолла Рахман – Куницын тұтқын сержанттар Юнус – Виктор Духовченко мен Хазар – Байбура Майдановқа кешкі ақшам намазында: «Спугнем воробья! деп, дайын болуларын ескертті. Олар да «воробей» деген жалғыз ауыз сөзді кірпік қақпай қадалып, тұтқын бастарын төмен тұқыртып отырған қалғандарға сыбырлай жеткізген. Ол түрме зақындағы: «Құлыпты бұзамыз», – деген жаргон сөз еді.…Бұлар қорғанды бекініс ішіне кіргенде күн де кешкіріп қалған еді. Қандары кеуіп, еріндері жалақтана жарылып, бір ұрттам су ішпей келген он үш тұтқынды қару-жарақ қоймасының алдына бір-ақ әкелді. Келген бойда қатар тұрған екі жүк көлігіне қоймадағы қаруды асығыс тиеп жатқан ауғандық тұтқындарға қосылды. Ал моджахед тәліптер бұлар келген соң жүк артудан құтылып, оңашалау барып отырысты.Алты бірдей автоматшы тұтқын жүкшілерден көз айырмай бақылайды. Жәшік-жәшік оқ-дәрі жапсырмаларынан Италия мен Қытайдың, Англия мен АҚШ-тың, СССР мен Германияның белгі-бедерлері менмұндалайды. Ауған мен Пәкстан жеріне өлім себетін осынау қару құралдары тұтқындарға да етене таныс: Ита­лиянның пластик минасы, Англияның «БУР» атанған әйгілі ескі винтовкасы, американың қолмен-ақ көтеріп жүретін «Стингер» ракетасы дейсіз бе – толып жатқан қару түрлері Ауғанстан соғысында сынақтан өтіп, сынға түсіп жатыр. Қасірет-қайғыға толы мұндағы жұрт – адамзат құрбаны, қанға шыланған Гиндукуш атырабы – соғыс полигоны… Мұнда келген келімсектер – орысы бар, орманы бар; американы бар, албастысы бар; жаһилы бар, жарымесі бар – адам баласы арасынан шыққан әзірейілдер: қанға тоймас қорқаулар.Байбуралар қалған жүкті тез арада артып болғанда азан шақырылып, моджахед тәліптер ақшам намазына сапқа тұрып жатты. Көліктер орындарынан қозғалып кетісімен, ауғандық тұтқындар да намазға жинала бастаған. Байбура Виктор мен Куницынға иек қақты. Он үш шурави де қару-жарақ қоймасы аузын жаппастан жүгіре басып, ауғандық тұтқындар қатары соңына намаз сабын түзеді.Соңғы бірер айда Байбурамен намазға жығылып жүрген бірер совет тұт­қындарына іштері жылып қалған қарауылшы жендеттерді де жайбарақаттық билей бастап еді… Олар да Калашников автоматтарын қастарына тас­тап, бұлардың ту сыртынан келіп намаз оқитын. Бүгінгі ақшамда да солай болды.Күреңіткен күн ұясына еніп бара жатқан кез-тұғын…Подполковник Серафим Куницынның көптен бері ойластырған жоспарын жүзеге асыратын сын сәті туғанын он үші де түсінді. Бәрі де үн-түнсіз намазға тұрып, бастарын салбыратып алған. Имам әуезіне ұйыған уыз мезгіл. Іштей дұға қайырысып, Байбураның бастауымен бәрі де бірдей тізе бүгісіп, жүгіне жығылысып, маңдайларын сәжде орнына Бадабердің кебір топырағына тигізіскен.Ақшам намазының үш рәкат парызына ал­ғаусыз жығылған. Бекініс ішін бір уақ тыныштық билеген. Тек анда-санда: «Әумин!..» деген әуен ғана ауаны тербеп, кернеп кетеді. Осы бір намазға ұйыған сәтте мынау ажал ғана торыған Бадабер қорғаны үстінен өлім лебі сап тиылып, өмірге деген құштарлыққа толы кешкі самал соғып өтеді. Тап қазір де қорғаннан асып келген салқын самал тұтқындар мен жендеттердің жүзін желпіп өтті.Жалпы, жұрт ақшам намазының екінші – соңғы рәкатына жығылғанда, Байбура еңкейе бере оқыс айқайлап, артқы жағында екі қадамдай ғана жерде сәждеге бас қойған қарауылшы моджахедке бұрыла атылды. Алдын ала келісілген ишара бойынша он екі тұтқын да ту сыртындағы қарауылшы жендеттерге арыстанша бас салды. Олар да дәп намаз үстінде тарпа бас салады деп күтпесе керек. Ызалы жүрек, долы қол мен тапталған намыс, сұрапыл сезім таудан жүрген атқыдай әп-сәтте алты күзетшіні автомат дүмімен езгілеп, білектеріндегі шынжырмен буындырып, жандарын жаһаннамға жіберді.Ақшам намазы аяқ астынан қаза болды…Аласапыран басталды да кетті. Совет тұтқын­дарының күзетшілерді алып-ұрып жатқанын көрген ауғандық тұтқындар да қарусыз шәкірт моджахедтерге тұра ұмтылды. Олар да бас сауғалай тым-тырақай қашты.Осы бір ойран-топыр сәтті пайдаланған он үш советтік тұтқынның бірі – Мұхаммед Ислам шәкірт моджахедтермен бірге жау жағына қашып кеткен еді. Жан берісіп, жан алысқан сұмдық кезде оның жылыстап кеткенін ешкім білмей де қалған. Ал бойы кескен теректей екі метрлік Абдолла Рахман – Серафим Куницынның орысша берген бұйрығы мен ауған тұтқындары ішінен сенімді тілектес Гүл Мұхаммедтің дарише дарылдай ақырған даусы бәрін де дереу тәртіпке келтірді.Қас қарайып қалған еді.Жау бекінісі ішінде қарулы көтеріліске белді бекем буған тұтқындар қауырт қимылға көшті. Лагерь қожайыны Құдіретолла моджахедтері мен пәкстандық жауынгерлер ес жиям дегенше, көтерілісшілер ымырт жабылмай Бадабер бекініс қорғанын басып алды. Қоймадағы қарумен мұздай қаруланған тұтқындар түн жамыла сытылып шығуды көздеген. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Ауғандық офицер Гүл Мұхаммедтің жүк көліктерімен қашамыз деген үміті ақталмады. Құдіретолла қанішерлері бекініс қақпасы аузынан шығартпады.Күш те тең емес еді. Түн ортасы ауғанша қырық шақты ауғандық пен он екі советтік тұтқын бекініс мұнаралары мен қорған қабыр­ғаларын, қойма төбелерін шеңберлей қорғаныс етіп, Құдіретолла шабуылшыла­рының ит сілікпесін шығарды.Сәуірдің таңы да талаурай атты…Түнімен ұйықтамағаннан көзі қанталап, қара сақалды жүзі ызадан күйіп кеткен пәкс­тандық майор Құдіретолла мен Пешевардан жанталаса жеткен ауғандық әмір Бұрханиддин Раббани құлқын сәріден көтерілісшілермен келіссөз жүргізбекке әрекет жасады. Бұларынан бірақ түк шықпады.– Ей, Абдолла Рахман! Алла атымен ант суын ішейін, – деген әмір Раббани. – Сендерге кешірім жасаймын! Қарсыласқанды тоқтатың­дар. Дүниенің төрт бұрышына кетіңдер, тек қаруды тастаңдар. Алла бәрін кешіреді, ол мейірімді де адал!Сонда подполковник Куницын:– Алланың атын жамылма, әмір, – деген, – Алла – әділетті, ал сен… сен… Алла деп айтуға лайық емесссің. Бізге Пәкстандағы Совет елшілігін шақырт. БҰҰ-ның өкілін жібер. Қызыл крест сарапшыларын алдыр. Сонда ғана сендерден тартып алған қаруды тастаймыз. Ал ана бір алты бірдей тәрбиеші нұсқаушы мен он пәкстандық қызметкер бізге «тірі» қалқан. Оларды қару-жарақ қоймасы ішіне байлап, бізге салған кісендеріңмен бір-біріне шынжырлап тастадық. Қанға – қан, жанға – жан… Варсан айтқандай, құрметті әмір, сен де ойлан!..– Ойланайын, – деген Раббани.– Ұзақ ойланудың қажеті жоқ. Біз бір құ­дайдың еркіндігінде туғанбыз, сол еркіндікте өлгелі тұрмыз. Еркіндікте қолда қарумен өлген­нен артық арман жоқ. Бәріміздің түбі барар жеріміз бір. Сендер шаһид тәрбиелеп әуресіңдер, сол шаһид біз – шурави… Біз дайынбыз. Анау сүмелек сатқын Мұхаммед Исламды да қайта­рыңдар… Ол біздің қолымыздан өлуі тиіс.Раббани аузына Кабул құмы құйылғандай тым-тырыс қалған. Бұл талаптардың орындалмайтынын екі жағы да түсінген. Көтерілісшілер жаңа шыққан күннің жарығын бір сәтке болса да ұзартуды көздесе, жаулары тығырыққа тірелгеннен келіссөзді созуға тырысқан.Байбура мен Виктор қарауыл мұнарасы басына бекінген еді. Күн арқан бойы көтеріліп кеткен. Көкжиекке дейін созылған Пәкстан мен Ауғанстан шекарасындағы Бадабер – Пешевар аймағы әуірлей қыза бастаған. Жаулары көтері­лісшілер қойған талапты орындаса, Пәкстан мемлекеті мен Совет Одағының арты ашылатынын жақсы біледі. Сондықтан да қолдары байлаулы, бастары ноқтаулы… Қысылмасқа да шаралары жоқ: бірнеше шетелдік нұсқаушылар мен пәкстандық саяси қызметкерлер, ең бастысы – қару-жарақ қоймасындағы аса қымбат тұратын екі мыңдай әртүрлі типтегі ракеталар, бомбалар, оншақты автомобиль мен көп мөл­шердегі атыс қарулары көтерілісшілердің қолында қалып барады. Ертең оны берген жарылқаушы қожайындарына Раббани жауап беру керек. Әмірдің рақымы сондықтан да сөз жүзінде тұтқындарға түсіп тұр.Подполковник Куницын – Абдолла Рахман:– Ауғандық бауырлар, – деген бәріне естірте айқайлап: – біз сендерге разымыз! Гүл Мұхам­мед, қазір олар соңғы соққы береді… Қойма маңынан аулақ кетіңдер. Бекіністен сытылып шығуға тырысыңдар.– Ал сендер ше? – деді Гүл Мұхаммед.– Біз басымызды өлімге байлағанбыз. Құлдықта қор болғанша, еркіндікте ажал алсын… Қош болыңдар!Куницын аузын жиып алғанша, тамұқ оты лап етті. Сағат таңғы сегіз кезі еді. Ауыр артиллериядан атылған оқ қару-жарақ қоймасы түбі­нен оқыс жарылды. Келесі зеңбірек оғы бекініс қорғанының қабырғасын апандай етіп ойып түсті. Дүниені шаң-тозаң басты да кетті.Қақпа жақтан ұмтылған моджахедтер мен пәкстандық әскерлерге Байбура пулеметтен оқ жаудырды. Оншақты жендет орақпен орғандай баудай түсті. Виктор мен өзге жігіттер де қарап қалмады, оқты қарша боратты. Полковник Куницын гранатаметтен атқан.Әмір Раббани мен майор Құдіретолла қаһа­рына мінсе керек, Бадабер бекінісін тозақ қазанына айналдыруға көшті. Жаудың беріл­месін білген олар ауыр артиллерия оқпанынан гүрсілдете атқылай бастады. Ілезде бекініс ішін шаң-тозаң қаптап, бораған оқ пен қопарыла құлаған шым-кесек топырақтан көрінбей қалды. Жараланған адамдар мен жанып жатқан көлік, моджахед жаппалары жын ойнағандай күйге түсіп, ыңырана шыңғырған дауыс пен шатырлай жанған от, қолқаны қапқан қара­қошқыл түтін иісі төңіректі алып кетті.Аяқ астынан ғарасат майданы ашылғандай аласапыран басталды. Шыбын жан үшін бас сауғалап, алапат арасынан ауғандық тұтқындар сыналай сыртқа ұмтылып жатты. Бірі оққа ұшса, бірі отқа тұтылып, қайсыбіреуі бекіністің түстігін ала жатқан құла түз бен көкжасаң ішіне құтыла сіңді. Олардың арасында Гүл Мұхаммед те бар болатын.Пәкстандағы аса құпия түрде советтік әске­ри тұтқындарды жасырып отырған Пәкстан үкіметі көтерілісшілерді ың-шыңсыз жойып жіберуді Раббаниға бұйрық етсе керек, зеңбі­рек­пен атқы­лағаны былай тұрсын, Пәкстан қарулы күш­терінің әскери тікұшағын майданға қосты. Америкалық «Аппачи» вертолеттері қия­лаған бетте «әуе-жер» ракеталарын жаудырды.Екі мұнара басына бекінген Байбура мен Виктор тікұшақты көздей атып, тойтарыс бермекке әрекет етті. Виктордың қолындағы ірі калибрлі пулемет оғы бір тікұшақтың моторынан тиіп, ол шайқалақтай ұшып, ұзап барып, айдалаға әрең қонды.Осы бір сәт ауыр зеңбірек снарядтарының бірі қойма төбесіне дәл түсті. Сол-ақ екен жарылғыш қаруға толы қойма оқыс гүрс етті. Ал қайыра айналып соққан жалғыз тікұшақ та Байбура отырған биік мұнараны ны­санаға алған еді. Мұнара бел ортадан омырыла құлай берді. Онымен бірге аударылып бара жатқан Байбура қару-жарақ қоймасының да дүлей күшпен жарыла бастағанын байқап үлгерді. Алып отты шардың көк аспанға шеңбер­лене ата көтерілгенін көз қиығымен шы­ғарып салды. Іле қою шаң мен қалың топырақ үстінен баса құлағанын сезді.Сол бойы есі ауып, көзі жұмылып кетті…Асқар АЛТАЙ.