• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2012

Бізге беймәлім «Амангелді» романы

1615 рет
көрсетілді

Бізге беймәлім «Амангелді» романы

Ол жарыққа шықпай қалса да классиктерден жақсы баға алған еді

Алдымен, кезінде мемлекеттік бас­падан шығарудың сәті түспеген «Амангелді» романының авторы туралы аз ғана мәлімет бере кетейік. Бақыт Иманов – Амангелді Иманов­тың немере інісі. Дәлірек айтсақ, Иманның үлкен ұлы Балықтан туған Көшімбектен – Байегіз, одан – Бақыт. Ал Иманның екінші ұлы Үдер­байдан Амангелді өмірге кел­ге­ні жалпақ жұртқа белгілі ғой. Бақыт Иманов 1914 жылы туып, 1975 жылы қайтыс болған.

Ол жарыққа шықпай қалса да классиктерден жақсы баға алған еді

Алдымен, кезінде мемлекеттік бас­падан шығарудың сәті түспеген «Амангелді» романының авторы туралы аз ғана мәлімет бере кетейік. Бақыт Иманов – Амангелді Иманов­тың немере інісі. Дәлірек айтсақ, Иманның үлкен ұлы Балықтан туған Көшімбектен – Байегіз, одан – Бақыт. Ал Иманның екінші ұлы Үдер­байдан Амангелді өмірге кел­ге­ні жалпақ жұртқа белгілі ғой. Бақыт Иманов 1914 жылы туып, 1975 жылы қайтыс болған.

Бақыт 40-жылдардың басында Қазақ журналистика институтының (КИЖ) 2 курсын тәмамдап, алғашқы кәсіби маман ретінде туған жері – Батпаққара (бүгінгі Қостанай облы­сы­ның Амангелді ауданы) өңірінде осы салада жемісті еңбек еткен. Кейін аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы болып жүр­генде ол талапты жастарды жазуға баули біліпті. Бұл қамқорлығының зая кетпегенін мына мысалдан аң­ғарамыз. Қазақ баспасө­зінің белді тұлғалары Төлеубай Ыды­рысов пен Сапабек Әсіп, журналистикада өзін­дік қолтаңбаларын қалыптас­тырған Қайыржан Елешов пен Мүсілім Досмағанбетов, Бөгет­бай Әлмаған­бет және басқалар Ба­қыт­тың үміт еткен шәкірттері бол­ған. Бұлардың қай-қайсысы да ұстаз сенімін нақты істерімен ақтай білген қалам жор­ғалары екендігін айтқан ләзім.Амангелді батырдың екінші ұлы Шәріп Иманов «Атаның асыл мұра­сы» деген естелігінде («Батырдың биік тұлғасы», 1986 ж., Алматы, «Қазақстан» баспасы) былай жазады: «Бақыт Иманов жазу ғана емес, ауызекі әңгімеге шебер, өткен-кеткен аталар шежіресін көп білетін, сөз ұстаған кісі болатын. Амангелді шежіресін жан біткеннен қызғанып, жан адамға жария етпей, жасырын ұстағаны да сондықтан болар.Әкемнің шежіре-тізбесінен көз жазып қалған мен 1953 жылы семьяммен демалысқа елге барғанда қолжазбаның үлкен бір бөлімінің Бақыт Имановтың қолында екенін естідім де, қояр да қоймай Алматыға алып қайттым».Бақыт шығармашылығының шы­ңы деп, оның қаламынан туындаған «Амангелді» романын айтар едік. Ол үш кітаптан тұрады. Біріншісі 1879-1891 жыл аралығын, яғни батырдың жастық шағын қамтыса, екінші кі­тапта 1895-1914 жылдарғы тарихи оқи­ғаларды негіз етіп алып, 1914-1919 жылдарғы кезеңді үшінші кітапқа еншілепті. Осы жерде айта кетейік, Бақыт сонымен бірге аты аңызға айналған атасы жайлы «Қан­ды тас» деген дастан жазған төсел­ген ақын да болған. Не керек, бүкіл саналы ғұмырын осы халық мерейін асқақтататын алмастай сан қырлы тақырыпты терең зерттеуге арнап, көркем кестелеуге кемелденген екен. Шынайы талант иесі осы мақсатына жеткен де сияқты еді. Бірақ роман­ның қолжазбасын әзір еткенімен, оның бірнеше тараулары әртүрлі деңгейдегі баспасөзде жарияланып, өкініштісі сол, кітап болып басылға­нын көруге тағдыр жазбапты оған.Бақыт Имановтың бұл романы жөнінде жазушы, ғалым Сапабек Әсіп жақсы пікір білдіре келіп, ав­тордың өзіне арнап жіберген қол­жаз­басын қарауындағы журналистерге ысыра салуға қимай, тиянақ­тап қарап, редактордың орынба­сарлығы қызметін атқарып отырған Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінің он нөміріне басқа­нын айтты. Тілі көркем, композициясы шымыр, тарихи оқиғаларды баяндауда дәлдік тұрғысынан мін таққыз­байтын шыншыл шығарманы оқыр­мандар жылы қабылдапты. Бұл 1968 жыл болса керек.– Тағы бір есімде қалғаны, Бақыт ұстазымыздың сол романына қатыс­ты Қостанай обкомына Алматыдан арнайы ресми хат келген, – деп Сәкең менің қолымда сақтаулы бір құжаттың мәнісіне терең бойлай түсуге түрткі болып еді.Енді сол құжатты түзетусіз, толық келтірейік. «ҚКП Қостанай облыстық коми­тетінің секретарына. Көшірмесі: Амангелді аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Иманов жолдасқа.СССР Ғылым академиясы қазақ­стандық филиалы жанындағы Тіл-әде­биет және тарих институты қыз­меткерлері мен жазушыларының қаты­насуы арқылы жиналысында жазушы Б.Имановтың Амангелді батырдың ба­лалық шағы тақырыбына жазған по­весін (бұл – «Амангелді» романының бірінші кітабы болса керек – Қ.Ә.) тыңдады. Жиналысқа Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, тіл-әдебиет ғылы­мының докторы Сауранбаев, сыншы Ысмайылов, Кенжебаев, тағы басқа жолдастар қатынасты.Батырдың образын жасаудағы ро­ман­ның тілінің әсерлілігі мен қатына­су­­­­шы геройлардың, жеке адам­дардың, табиғат құбылыстарының көр­кемдігі тым шеберлікпен көрсетілген. Жолдас Имановтың Амангелді зама­нындағы ескі өмірге, салт-санаға бай түсінуінің, жаңа сол заманның адам­дарының ұғымын тәуір етіп бергеніне қарағанда еңбектің құнды болатынына күмәндануға болмайды.Романның құрылысы мен жеке адамдардың ой-санасына үңілуі жө­нінде автордың біркелкі олқылығы бар. Бірақ бұл іс үстінде түзетуге болатын кемшілік. Бұл еңбек қазақ халқының көркем әдебиетінде Амангелді сияқты батырдың бейнесін көрсететін тұңғыш шығарма болатыны анық.Бірақ сол талапты жинақтап бітіру үшін жазушыға тұрмыс жөнінен көмек көрсетіліп, творчестволық ойланып-толғануына бірталай қамқорлық керек сияқты. Біздің сізге хат жазғанда сұрайтынымыздың өзі осы мәселе.1944 жылғы ҚКП Қостанай обко­мының қаулысының негізінде жас жазушыға көмек көрсетілсе дейміз. Мүмкіндігі болса қызметінен босатылып, бастаған еңбегін аяқтауға жағдай жасалса талап иесіне тікелей қамқор­лық болар еді. Және таяу уақытта Аман­гелді жөнінде күрделі көркем шы­ғарма жасау бәрімізге ардақты борыш.Жазушылар мен тіл ғылыми қыз­мет­керлерінің ұсынысы бойынша:СССР Ғылым академиясы қазақ­стандық филиалының Тіл-әдебиет, тарих институтының директоры – Н.Сауранбаев (Жазылған мерзімі дұрыс ажыратылмады – Қ.Ә.)».Аңғарған адамға осы құжаттың өн бойынан қалам иесінің еңбегіне деген ықылас, тақырыпты мейлінше еркін меңгеріп, сапалы шығарма тудыруға деген зор сенім байқалып, оған тұрмыс­тық жағынан тиісті қамқорлық жасау жөнінен іс-шаралар белгіленсе деген тілек байқалады. Бұл қатынас қағаздан қандай нәтиже болды? Өкінішке қарай, ол жағы беймәлім.Әрине, мұндай қатынас қағаздар белгілі тұжырымға негізделіп жазылады емес пе? Осы ретте жазушы С.Омаровтың талқылауға қатысып, Б.Имановтың романы туралы білдірген пікірін егжей-тегжейлі келтіруді орынды деп таптық.«Авторды да, оның халық батыры А.Иманов жайлы еңбегін де мен сонау қырқыншы жылдардан бері білемін. Сол кездің өзінде-ақ Бақыт Иманов үлкен прозада күретамыры көп, күрделі еңбектер жаза алатын таланты бар екендігін танытқан-ды. Әлі есімде, со­ғыстан кейінгі жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясында Имановтың «Ба­тырдың балалық шағы» атты осы ең­бегі талқыланды. Сонда Мұхтар Әуе­зов, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптары, Есмағанбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Нығмет Сауранбаев тәрізді ғалымдар Иманов еңбегін құнды еңбек деп танытқан-ды. Кейбір толықтырулар мен жөндеулер жасау жайлы авторға келелі кеңес те берілген. Содан кейін де ширек ғасырдай уақыт өтті. Осынша уақытты автор босқа өткізген жоқ. Еңбегінің алғашқы вариантын мерзімді баспасөздерде жариялатты. Сол үзінділердің өзі оқыр­мандардың пікірталасын туғызды. Автор оқушылардан көптеген хаттар алды. Б.Иманов үлкен жазушылардың, ірі ғалымдардың, журналистердің, Аман­гелдімен үзеңгілес қарттардың, бүкіл оқушы қауымының сын-ескертпелерін ескере отырып, қолжазбаға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Араға 20 жыл салып қайыра келген қолжазбаны қайта оқығанда мен ав­тордың өзінің қаламгерлік парызына мейлінше мән берген жауапкершілігіне, асқан еңбеккерлігіне дән риза болдым.Бұл жерде шығарма мазмұнын қайталап жатудың қажеті шамалы. Мен бір ғана нәрсеге, осы қолжазбаның аз-кем өңдеулер мен қысқартулардан кейін оқушыларға ұялмай ұсынатын туынды екендігіне баса назар аударғым келеді. Мұнда Амангелдінің 20 жасқа дейінгі өмірі суреттеліп, батырдың толыққан­ды бейнесі жасалған. Сонымен бірге мұнда Бекет, Балық, Қалампыр, Шапыраш, Құсбегі тәрізді жақсы дараланған, оқушы көкейінде қалатын адамдар образы да бар. Автор көп ретте ұмытыла бастаған көне сөздерді ретін тауып пайдаланған. Сол сөздердің өзі шешен сөйлейді, шебер ойнайды.Б.Имановтың «Батырдың балалық шағы» атты еңбегін мүмкіндігінше те­зірек оқушыға ұсынған жөн».Иә, қайталап айтайық, бұл пікірді жазған белгілі жазушы Сейітжан Омаров еді. Ол сонымен бірге романды талқылауға қатысқан, жоғарыда есім­дері аталған классиктердердің де, айтулы ғалымдардың да пікірін жиын­тықтап сыйдыра білген сыңайлы. Ортақ пікірді сығымдап, жақсы жағымен қоса кемшіліктерін де батыл көрсеткені сезіледі. Сайып келгенде, барша­сының да айтпағы бір арнаға тоғы­сады: қайткенде де тарихи маңызы елеулі бұл романды баспадан тезірек шығарып, оқырмандарға ұсыну қажетігіне назар аударады.Мұндай жанашырлық ойларды басқа да ірі оқымыстылар қуатта­ғанын дәлелдейтін құжаттар қолы­мызда бар еді. Енді соның ыңғайына көшейік. Соның бірегейі – Қазақ ССР Ғылым академиясының прези­денті Қ.Сәтбаев пен осы академияға қатысты Тіл-әдебиет институтының директоры Е.Ысмайыловтың Қоста­най облыстық партия комитетінің секретары Золотухинге (Көшірмесі: Амангелді аудандық партия коми­тетінің секретары Ж.Ахметжановқа) жолдаған өтініш-хаты болатын. Уа­қы­тын дөп басып ажырата алмаған сол құжатты қаз-қалпында сөйле­тейік: «Қазақстан Ғылым академия­сының жанындағы Тіл-әдебиет инс­титутының қызметкерлері мен бірнеше жазушылардың пікірі бойынша республикамызда алғаш рет жазылып, тұңғыш еңбек болғалы отырған жас жазушы Бақыт Има­новтың «Батырдың балалық шағы» деген повестің құнды болып шы­ғатынын ескеріп, бұл кітаптың бітер шағы таянғандықтан және еңбектің қазақ халқының батыры Амангелді Имановтың өмірі мен ерлік істерін көрсететін әңгіме болып шығуына байланысты жолдас Б.Иманов қыз­метінен босатылып Алматыға келуіне ерік беруіңізді және партия-совет ұйымдарының осы игі мақ­сатқа көмектесуін сұраймыз».Өкінішке қарай, бұл өтініштер аяқсыз қалған еді. Б.Имановқа тиісті қамқорлық көрсетілмеді. Жазушы өзі­нің хаттарында Алматыда алыста жатқандықтан романға қатысты шап­шаң іс-қимылдар жасай алмаға­нына бармақ шайнайды. Басқа да кедер­гілер оның жолына кесе-көлденең тұрып алған еді. Жергілікті тұрғын­дардың туыстық көзқарастан туын­даған кітап кейіпкерлеріне қатысты түрлі ретсіз өзгерістер енгізу жөнін­дегі қисынсыз ұсыныстарынан басын арашалай алмаған автор әбден дің­келеп шаршаған-тын. Бірақ тек ав­торлық танымын, бағытын берік ұстаныммен қорғай білген жазушы дербес үнімен дәйекті шаруа тындырды. Өз кезегінде «Жазушы» баспасынан роман қолжазбасына қа­тыс­ты жолданған бірнеше хаттардың иелері­мен (М.Мамажанов, А.Шамкенов,   А.Бай­танаев, т.б.) ынтымақ­тасып жұ­мыс істеуге тырысып бақты. Шығар­машылық орайындағы ескертпелерге мән беріп, ықтиятпен өңдеді.Әттең-ай, бірақ бәрі-бәрі құр сөзбен құрдымға кеткендей болды. Роман жарыққа шықпай қалды. Дегенмен, кең орамды туындының үш кітабының біріншісі үзіп-жұлып мерзімді баспасөз беттерінде жария­ланған еді. Соған да шүкірлік етіп жүргенде, жергілікті қаламгер Бө­гетбай Әлмағанбет «Амангелді» рома­­нының өзге де беймәлім қол­жазбасын Бақыттың зайыбы Хадиша Тастанқызынан алып, 2003 жылы Қостанай қаласындағы «Копи-Центрден» басып шығаруға мұрындық болды. Бұл – көзі көруден қалған қарт журналистің асқан ерлігі деуге тұрарлық қарекет болатын.Сонымен Бақыт Имановтың «Аман­­гелді» романының «Батырдың балалық шағы» деп аталатын бірінші кітабы (бұл еңбекті батырдың ұлы Рамазан Амангелдиевтің «Батырдың балалық шағы» деп аталатын пове­сімен әсте шатастыруға болмайды. Аттас шығарма болғанымен, ол өзін­дік дербес дүние – Қ.Ә.) об­лыстық деңгейдегі баспадан әйтеуір шықты ғой деп, көңілді бір демдеуге болар еді. Ондай көңіл жұбататын тоқтам­ның ауылы алыс екендігін ашып айтпақпыз. Роман мұндай күлді-бадам, салдыр-салақ күйіндегі мәтіні­мен басылып шықпағаны жөн еді. Әріп қателері өріп жүр. Екі сөздің бірінде десек, асыра сіл­теге­німіз емес. Сөйлемдерін ұғу қиын. Көркем тіркестердің төбесінен ашық күнде жай түскендей. Мұны автор еңбегін қорлау деп түйгеніміз жөн. Баспа жауапкершілігі қайда? Оқыр­манда­рын сыйламас па? Ұлт мүд­десіне неге қиянат жасалған? Кітап, бетін ашып қоя салу үшін шығарыла ма? Мұндай өрескелдікке қашан тыйым болады? Өкінішке қарай, осындай сапасыз өнімдер әлі де балалап жатыр.Сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Бақыт Имановтың «Аман­гелді» романын толық күйінде мем­лекеттік баспадан шығарып, оқыр­мандардың рухани сұранысын өтеуге жедел кіріскен абзал дейміз. Кезінде классик жазушылар мен көрнекті ғалымдардың ілтипатына бөленген айтулы роман тұтас болмысымен (кейбір варианттары қолды болғаны айтылып жүр – Қ.Ә.) оқырмандар игілігіне жарайтын күн әбден туған секілді. Үмітті болайық!Қайсар ӘЛІМ.Астана.